Егер Алматы қаласындағы ақ халатты абзал жандардың бір күнгі тыныс-тіршілігін алар болсақ, 35 мыңнан астам адамға алғашқы медико-санитарлық көмек пен 1500-ге дейін жедел медициналық жәрдем көрсетіліп, 30 мыңнан астам диагностикалық зерттеу, 6 мыңдай науқасты емдеу және оларға жедел терапиялық көмек көрсетіп, сондай-ақ, 300-ден астам күрделі хирургиялық операция жасалып, 70-тен астам ананы босандырып алады екен. Яғни, бұл еліміздің ірі мегаполисінде әр минөт сайын адам өмірімен арпалысып, олардың ғұмырын сақтауға күш-қайраттарын жұмсаған денсаулық сақтау күзетіндегі дәрігерлер қауымының күнделікті еңбегі.
Ақ халатты абзал жандардың осындай жанкешті еңбегін ескерген қала әкімі Ахметжан Есімов медицина қызметкерлері күні денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін бірқатар дәрігерлердің кеудесіне төсбелгі тағып, мақтау қағаздарымен марапаттап, үш адамға пәтер кілтін табыс етті.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.