Мәдениет министрлігі мен Президенттік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен “Елін сүйген, елі сүйген Елбасы” атты ән кеші мен “Елбасы және елорда” атты көрме Астананың мерейлі мерекесі қарсаңында жұртшылық назарына ұсынылды.
Президенттік мәдениет орталығында танымы мен тағылымы мол ән кешіне жұртшылық мейлінше көп жиналды.
Халқымыздың сан ғасырға жуық тарихында музыканың, соның ішінде ән өнерінің алар орны ерекше болса, әр заманда сұрыпталып, тек қазақ халқына ғана тән әуен ырғағы, қайталанбас ұлттық сазы бүгінде ХХІ ғасырда Қазақ елінің көк аспаны аясында шырқалып келеді.
Салтанатты кештің шымылдығын Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков ашты. “Біз ықылым замандардан бері ұлы дала төсінде сан қилы тағдырды басынан кешкен ел едік. Мыңдаған жылдар сан ұрпақ осы күнді армандаумен өтті. Небәрі 19 жылдың ішінде сайын далада жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан орнады. Елордалы, Ақордалы, Елбасылы ел болдық. Қазақстан – бүгінде әлем мойындаған қуатты мемлекетке, Астана – халықаралық ынтымақтастықтың еңселі ордасына, Елбасы жер бетіндегі ықпалды қайраткерге айналды. Таяуда ғана Түркияның Президенті Абдулла Гүл мырза Елбасының иығына ақ шапан жауып, қолына асатаяқ ұстатты. Сөйтіп, Түрік әлемінің көшбасшысы деп жариялады. Йорданияның астанасында Елбасының атына көше берілді, Анкарада ескерткіш орнады. Мұның бәрі тек қазақтың көңілі үшін жасалып жатқан жоқ, Елбасының ерен еңбегінің бағасы, әрі ердің мерейі, әрі елдің мерейі. Елбасы туған халқын, сайын даласын жанындай сүйетін кісі” – деді ол тебірене сөйлеп.
Ұлтымыздың кең даласына танымал, халқымыздың дана жүрегінен, дархан көңілінен туған көрікті әндер кеші екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде Елбасы сүйіп тыңдайтын “Ақ Баян”, “Қарай көзім”, “Халәу-ләйлім”, “Дүлдүлім”, “Қымыз құйғыш”, “Қызылжар-Семей”, “Ғазиза гүл”, “Долана”, “Ахау, керім”, “Бұлбұл құсым”, “Гүлдариға” және халық әндері шырқалса, екінші бөлімде Елбасына арнап жазған Н.Айтұлының “Елбасы” атты толғауы, М.Қасымбеков пен Е.Үсеновтың “Жан аға”, сондай-ақ Н.Назарбаевтың сөзіне жазылған А.Қоразбаевтың “Үшқоңыр” атты әндері шырқалды.
Ән кешінде Гүлзира Бөкейханқызы, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Гүлмира Сарина, Жазгүл Даңылбаева сынды тағы басқа елімізге танымал өнерпаздар ән шырқады. Ал сахналық безендіруден бастан ән кешінің мазмұндық идеясына белгілі режиссер С.Асылханұлы зор еңбек сіңіріпті.
Ән кешінен кейін жиналған қауым “Тәуелсіз Қазақстан”, “Шежіре”, “Астана” деген үш бөлімнен тұратын “Елбасы мен Елорда” атты көрмені тамашалады. Бұл көрмеге елорданың даңқының еселену жолдарына қатысты және елімізді өркендетудегі Елбасының ерен еңбегінен сыр шертетін фотосуреттер, 50 құжат пен 52 планшет тамашалаушыларды тәнті етті.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.