23 Маусым, 2015

Энергетика жүйесіндегі жасампаз жобалар

345 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ИндустриализацияБЕСЖЫЛДЫҚТЫҢ БЕС КҮНІ

Инфрақұрылым «Көліктік-логисти­калық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астананы және макроөңірлерді магистральды автомобиль, темір­жол және әуе жолдарымен шұғы­ла қағидаты бойынша өзара байла­ныстырады. Бәрінен бұрын, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай – Батыс Еуропа; Астана – Алматы; Астана – Өскемен; Астана – Ақтөбе – Атырау; Алматы – Өскемен; Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда; Атырау – Астрахань жолдары.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

«Нұрлы Жол – болашақ­қа бастар жол» Жолдауынан.

Инфраструктура-1

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК: «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында 2015-2019 жылдары автокөлік жолдарын салу мен қайта жаңғырту үшін 2,4 триллион теңге бөлінеді. 2020 жылға дейін 7000 шақырымнан астам автокөлік жолдары қайта жаңғыртылады. Қазіргі күндері автокөлік жолдарының құрылысында еліміз бойынша 10 мыңнан астам адам еңбек етіп жүр. Бүгінгі күндері Боржақты – Ерсай теміржол желісінде 3,9 шақырым жолға рельс-шпал төселініп үлгерді. Жол бөлігінің жалпы ұзақтығы 13,9 шақырымды құрайды. Бұл жол 2014 жылдың бірінші қазаны күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен басталған болатын. Ерейментау қаласының маңындағы салынып жатқан электр қуатын өндіретін станса жылына желден 172,2 миллион кВт/с электр қуатын өндіретін болады. Стансаның жалпы қуаты 45 МВт-ға тең. Онда өндірілетін электр қуаты жылу электр стансасы және су электр стансасы өндірген қуаттармен бірге ортақ желіге беріледі.

Энергетика жүйесіндегі жасампаз жобалар

Еліміздің энергетика саласында қазіргі күні көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Солардың қатарында «Бурное» күн электр стансасының құрылысы, К5 экоскласты мотор майының өндірісі, Атырау МӨЗ-ді қайта жаңғырту  және қайта жабдықтау (мұнай өнімдерін тереңдетіп өңдейтін кешен салу) жабдықтау жобасы, Ерейментау қаласының маңындағы желден электр қуатын өндіретін станса құрылысы, Шымкент МӨЗ-ін қайта жаңғырту және қайта жабдықтау, Балқаш ЖЭС-ін салу, Екібастұз ГРЭС-1-ді қайта жаңғырту және қуатын кеңейту, Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей)-Өскемен электр желісін салу, Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырын жүргізу, Атырау облысындағы газ-химия кешенін салу, Ароматты көмір сутегі өндіретін кешен құрылысын жүргізу, «CaspiBitum» БК» ЖШС Битум зауыты, Қазақстанның ұлттық электр желілерін қайта жаңғыртудың екінші кезеңі, Көмір-химиялық өнімдер өндіретін зауыт салу секілді көптеген жобалар бар. Солардың кейбіріне аздап тоқтала кетейік: «Бурное» күн электр стансасының құрылысы: Стансаның жалпы қуаты 50 МВт-ға тең. Еліміздегі алғашқы күннен қуат өндіретін бұл ірі көлемді жоба тіке­лей шетелдік инвестициялардың тар­тылуымен жүзеге асырылуда. Жобаны қаржыландыруға Еуро­па Қайта құру және даму банкі, Таза технологиялар қоры секілді халық­ара­лық қаржы институттарының қаржысы қосымша қаржы кепілдігінсіз және ұзақ мерзімге беріліп отыр. Жобаның бастамашысы – «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС. Жоба 2015 жыл­дың 24 сәуірінде іске қосылады деп жоспарланған. Орналасқан орны Жам­был облысы Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылы. Жоба қосылғанда Оңтүстіктегі электр қуатының жетімсіздігін еңсеруге кө­мек­­тесетін болады. Қазіргі күні мұн­да 291 жұмыс орны ашылған. Іске қо­сыл­­ған кезде 20 адам жұмыс істейтін болады. К5 экоскласты мотор майының өн­дірісі: Жобаның мақсаты шикізатты терең­деп өңдеу ісін дамыту және неғұрлым экологиялық жоғары класты мотор майларын өндіруді бастау, сондай-ақ еліміздің батыс өңірін сапалы отын түрі­мен қамтамасыз ету болып табы­лады. Қазіргі жұмыс істеп тұрған зауыттың өндірістік қуаты жылына 600 мың тонна шикізат өңдеуге жетеді. Мұнда жылына 200 мың тонна АИ 92-95 маркалы бензин өндіру, 302 мың тонна газойл өндіру, 75 мың тонна ва­куумдық қалдық (гудрон) өндіру жоспарланған. Жобаның құрылысын жүргізу барысында 880 адам жұмысқа тартылып отыр. Жоба «Конденсат» АҚ-тың өз қар­жысы және несиеге тартқан қаржылары арқылы жүзеге асырылуда. 2015 жылы  іске қосылатын болады. Атырау МӨЗ-ді қайта жаңғырту  және қайта жабдықтау (мұнай өнім­дерін тереңдетіп өңдейтін кешен салу) жабдықтау жобасы: Жобаның бастамашысы – «Қаз­МұнайГаз» ҰҚ» АҚ. Бұл жобаның мақсаты мұнайды тереңдетіп өндіруді жүзеге асыру және    елімізді халықаралық талаптарға сәйкес келетін сапалы мотор майларымен, отын түрлерімен қамта­масыз ету болып табылады. Жоба жүзеге асқан кезде мұнда жылына 5,5 мил­лион тонна өнім өндірілетін болады. Жобаны «ҚазМұнайГаз» АҚ өз қаржысы және осы мақсатқа қарызға алынған қаржылар есебінен жүзеге асыруда. Жоба 2016 жылы іске қосылады. Қазіргі күні оның құрылысында 3879 адам жұмыс істеуде.