Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатына Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев қатысты.
Естеріңізге салсақ, өткен аптадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Әсет Исекешев елімізде жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру бағдарламасының барысы жайында баяндап, атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген болатын. Осы ретте Елбасы «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жүзеге асыру бойынша министрлікке бірқатар міндеттер жүктеді. Міне, бұл тапсырмалар қалай жүзеге асырылуда, нақты қандай шаралар қолға алынды? Кешегі баспасөз мәслихатында Әсет Исекешев осы мәселелер жөнінде айтып берді.
«Өткен жылы мұнай бағасының төмендеуiне қарамастан өнеркәсiп өндiрiсi оң динамиканы сақтап қалды. Индустрияландыру саясаты жоспар бойынша жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен, көршi елдердегi күрделi жағдайдың бiздiң экономикамызға да әсерi бар. Оперативтi штаб құрылған. Кәсiпкерлер палатасымен бiрлесiп өңдеу өнеркәсiбiнiң барлық салалары бойынша талдау және мониторинг жүргiзiлдi. Кәсiпкерлердi қолдау жоспары қабылданды», дедi Ә.Исекешев.
Министр атап өткендей, жеңiл өнеркәсiп, құрылыс индустриясы, химия және фармацевтика, металлургия салаларында өндiрiс көлемiн өткен жылғы деңгейде сақтау жоспарланып отыр. Бiрақ кейбiр тауарлар бойынша өсiм төмендеуi мүмкiн.
«Қаңтарда Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-Министр Үкiмет мүшелерiн өңiрлерге жiберген болатын. Мақсат – аймақтардағы бизнес өкiлдерiмен кездесiп, жоспарларын талқылап, қолдау көрсету. Сапарлардың қорытындысы бойынша кәсiпорындардың елуден астам проблемалық мәселелері Үкiметте қаралды. Қазiргi басты мiндет – кәсiпорындардың қуатын қажеттi деңгейде ұстау және жұмыс орындарын сақтау. Сондықтан облыстарға барғанда 1,5 трлн. теңгеден астам сомаға жергiлiктi қамтуды ұлғайту және жұмыс орындарын сақтау бойынша 440 меморандум, шарттарға қол қойылған», дедi Ә.Исекешев. Осылайша, шұғыл мәселелердi шешумен қатар, индустрияландырудың жүйелi мәселелерi бойынша жұмыс жалғасады.
Министр сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа экспорттық саясат әзiрленгенін атап өтті. Оның айтуынша, бағдарламада экспортты жаңа нарықтарға, атап айтқанда, Орталық Азия, Кавказ және Иранға бағыттау мәселесi қарастырылған.
«Бiз бұл елдерге экспорттаудың жаңа тетiктерiн әзiрледiк. Үкiмет бiздiң экспорттаушыларды қолдау үшiн 35 млрд. теңге бөлу шешiмiн қабылдады. Алғашқы келiссөздер көрсетiп отырғандай, бұл елдерде қаржыландыру үшiн экспорттың әлеуеттi көлемi 160 млрд. теңге. Ендi бiздiң алдымызда мұны экспорттық келiсiмдерге айналдыру мiндетi тұр», дедi Ә.Исекешев. Сонымен қатар, қазақстандық тауарды өткiзу үшiн арнайы сауда миссиялары құрылады.
«Ақпан-наурызда Түрiкменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолияға сапармен барамыз. Сондай-ақ, бiздiң экспорттаушыларды қолдау үшiн биыл Новосiбiр мен Теһранда өкiлдiктер – инвестициялар бойынша агенттiктер құрылады», деді министр. Яғни, биылғы жылы инвесторлармен келiссөздер жалғасатыны, олар индустрияландыру бағдарламасының екiншi бесжылдығына қатысуға ниеттенiп отырғандығын жеткізді. «Олардың саны 100-ге жуық, бұл компаниялардың инвестиция көлемi 40 млрд. доллардан асады», дедi Ә.Исекешев.
Компаниялардың 60-сы қазiрде индустрияландыру картасына енгiзiлген, 10 шетелдiк инвестормен жаңа заң бойынша инвестициялық келiсiм жасау жоспарланған.
«Айта кетейiн, бұл инвестор-компаниялардың 42-сi Еуропадан, 44-i Оңтүстiк-Шығыс Азиядан, 5-еуi АҚШ-тан, 7 компания араб елдерiнен және т.б.», деді министр.
Министр сондай-ақ, Үкiмет автоөнеркәсiптi сақтап қалуға мүмкiндiк беретiн iс-шаралар кешенiн қабылдағанын мәлімдеді. «Автоөнеркәсiп саласы зардап шегiп отыр. Өйткенi, екi айда Ресейден 50 мың көлiк жеткiзiлдi. Қазiр бiзде арнайы жұмыс тобы жұмыс жасап жатыр. Бiз Үкiметте iс-шаралар кешенiн қабылдадық, бұл жоспар автоөнеркәсiпте құлдырау болса, оны сақтап, әрi қарай дамытуға мүмкiндiк бередi», дедi Ә.Исекешев.
2015 жылы индустрияландыру картасы аясында 600 млрд. теңгелік 70-ке тарта жобаны iске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде жетi мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, биылғы жылы 100-ге жуық жобаны жүзеге асыру жалғасады, олар 2018 жылға дейiн iске қосылады.
«Биылғы жылы индустрияландыру картасының барлық жобаларының құрылыс алаңдарындағы жұмыстарға 45 мыңға жуық адам тартылады», дейдi министр.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».