20 Наурыз, 2015

Елбасының кітабы – латыш тілінде

388 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Рига тарихы мұражайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «G-global: XXI ғасыр әлемі» авторлық кітабының латыш тілінде шыққан нұсқасының тұсаукесері өтті. Салтанатқа Латвияның көр­некті қоғам және саяси қайрат­керлері, депутаттар, сарапшылар, журналистер, ірі компаниялардың бас­шылары, сондай-ақ, дипломаттар қатысты. Тұсаукесер Рига­ның ежелгі және көрікті ғима­раттарының бірінде өтті. Қазақстан Республикасының елшісі Бауыржан Мұхаметжанов жиналған қауым алдында сөз сөйлеп, қауіпсіз және әділетті әлемдік тәртіпті орнату жолында бүкіл адамзатты біріктіру деген Президент Н.Ә.Назарбаевтың G-GLOBAL бастамасының негізгі мәні туралы айтып берді. Ол Қазақстан басшысының бастамасына білдірген қызығушылығы үшін латыш тарапына алғысын білдіріп, оны Қазақстан ұсынып отырған коммуникативті алаңда жаһандық құрылым жөніндегі үнқатысуға белсене қатысуға шақырды. Н.Назарбаевтың кітабы мен «G-Global» идеясы лат­вия­лық сарапшылардың қызығу­шы­­лы­ғы мен оң пікірлерін тудыр­ды. Олардың пікірінше, Қазақ­стан басшысының еңбегі страте­гия­лық ойлармен, көптеген жаһандық оқи­ғаларды, сондай-ақ халық­аралық саясат пен экономикадағы байсалды өзгерістерді талдауымен өзекті. Латвия Жазушылар одағының президенті Юрис Пайдерстің айтуынша, Қазақстан Президенті Латвияда үлкен беделге ие. Қазақстан басшысы кітабының латыш тілінде шығуы екі ел ара­сындағы қатынастардың дамуы­на септігін тигізіп қана қоймай, болашақта елдеріміз қай бағытта дамитыны туралы түсініктің қалыптасуына оң ықпал етеді. Сейм депутаты, Қазақстан Парламентімен ынтымақтастық тобының басшысы Ингуна Суд­раба кітаптың латыш тілінде шы­ғуы достас Қазақстан халқының мәдениетін, дәстүрін және болашақтағы жоспарларын түсі­нуге мүмкіндік беретінін атап көрсетті. Елбасының кітабы Латвияның жоғары оқу орындарына, кітап­ханаларға, ғылыми және зерттеу орталықтарына таратылады. Кітап Латвия университетінің кейбір факультеттерінің қосымша оқулықтар тізіміне енгізілді. «Егемен-ақпарат».