Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың тамылжыған тамыз айының соңында қазақ үшін қасиетті де құтты мекен Ұлытауда ұлт тарихы хақында тереңнен толғанып, көпшіліктің көкейінде жүрген күпті ойларды дөп басатын салиқалы сұхбатында 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтетінімізді атап айтқан еді. Сөйтіп, отандық тарихшы-ғалымдардың алдына жаңа міндеттер жүктеді. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед өткен жылдың қараша айының басында, Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысының сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақ хандығының негізін салған Керей мен Жәнібек хандардың өміріне байланысты әлі күнге дейін бір тұшымды монография жазылмағанын өкінішпен айтты. Иә, жәнібектанудағы ақтаңдақтардың аражігін ашып, шырмауықша шырматылып жатқан шатасушылықтардың түйінін тарқатып, бір тоқтамға келу кезек күттірмейтін іс. Тарих әділдікті іздейді, бұрмалауға жол берілсе ол тарих болудан қалады. Осы ретте еліміздің бас газеті «Егеменде» көтерілген мәселені жаңаша көзқараспен саралауға талпыныс жасаған шағын зерттеуімізді жұртқа ұсынып отырмыз.
І. Әз Жәнібек қай Жәнібек? Әз-Жәнібек хан тарихы тәуелсіздік жылдарында зерттеушілердің, ғылыми-көпшілік қауымның қызығушылығын оятып, жұртшылықтың назарын өзіне тағы аудара бастады. Аталмыш мәселе туралы соңғы жылдары сүбелі мақалалар, жаңа көзқарастағы зерттеулер дүниеге келді. Мұны мойындамау – ақиқатқа қиянат. Тарихшылар Ж.Артықбаев, И.Шәмшәтұлы, Т.Омарбеков, Ш.Омарбеков, Б.Кәрібаев, З.Жандарбек, М.Қасенов, Қ.Салғараұлы, Б.С.Қошым-Ноғай тағы басқалар бірауыздан Алтын орда ханы Өзбекұлы Жәнібекті (1342-1357) Әз-Жәнібек деп ортақ шешімге келгендей болды. Осыған қарамастан соңғы кезге дейін, әсіресе әдебиетші-ғалымдарымыз тәуелсіздік жылдары жарық көрген тарихшылардың зерттеулерін «айналып өтіп», қазақ ханы Жәнібекті Әз Жәнібек ретінде бейнелеп, Асан Қайғы бабамызды соңғысының бас уәзірі һәм ақылшысы қылып қоюды әдетке айналдырды. Қарапайым оқырманды былай қойғанда кәсіби мамандардың өзі шатаса бастады. Жәнібектанудағы «ақтаңдақтардың» ақиқатын аршып алу қай зерттеушіге де оңай болмай тұр. Оның бірнеше себептері бар. Негізгісі, деректердің жұтаңдығы, екіншісі, осы мәселеге қатысты алғашқы зерттеулердегі жаңсақтықтар, үшінші, Асан Қайғы заманынан жеткен жыр-аңыздарды талдаудағы кереғарлықтар.
Сонымен, Жәнібек хан хақында алғаш пікір білдіргендердің бірі ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов қазақ сұлтандарының шежіресін Орыс хан – Қойрұшық (дұрысы Құйыршық – Ж.Ж.) – Барақ хан – Әз Жәнібек деп анықтаса (Уәлиханов Ш.Ш.Көп томдық шығармалар жинағы – Алматы: «Толағай групп», 2010. Т1. 144-б.), 1911 жылы Орынбор қаласынан басылып шыққан еңбегінде Ш.Құдайбердіұлы: «...Құйыршық ханның баласы – Барақ хан. Оның екі баласы Дәруиш һәм Абусағид хан. Әз Жәнібек хан аталған осы Абусағид еді. Қазақты ертіп алып Қашқардағы Шағатай нәсіліне қаратқан Әз Жәнібек осы еді» (Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы: Қазақстан; Сана, 1991. 52-б.), деп ұғынады. Көрнекті қазақ ғалымы мен ойшылының осы бір жаңсақ пайымы алдағы қателіктерге жол ашты. Қазақ хандығының негізін Кереймен бірге қалаған Жәнібек сұлтан тарихи әдебиетте еш күмәнсіз «Әз Жәнібек» атала бастады. Шәкәрім Құдайбердіұлынан бір жыл бұрын Қазан қаласында жарық көрген «Тауарих-и хамса-йи шарқи» (Шығыстың бес елінің тарихы) деген еңбегінде белгілі тарихшы Құрбанғали Халид Жәнібек хан хақындағы баянын төмендегіше түйіндеді: «Жәнібек хан өте әділ, шарғи мәселелерге жетік кісі болумен «Әз Жәнібек хан» лақабын алған. Әзіз Жәнібек деген сөз, бұл халыққа аса әділдігімен беделді болып көріне білген. Әзіз-арабша «ғазиз» – қымбат, қадірлі деген сөз» (Халид Құрбанғали. Тауарих хамса (бес тарих). – Алматы: Қазақстан, 1992. 233-23- бб.). Өкінішке қарай, тарихшының дер кезінде айтылған шынайы пайымдамасы зерттеушілердің назарынан тыс қалды. Тіпті, кеңес дәуіріндегі беделді басылымдардың бірі саналатын «Қазақ Совет энциклопедиясы» сияқты іргелі басылымда: «Жәнібек хан (Әбу Саид деген атпен де белгілі) (т.-ө.ж. белгісіз) Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі, Барақ ханның баласы. ХV ғасырда өмір сүрген, ХV ғасырдың 50 жылдарына дейінгі өмірі мен қызметі туралы нақты деректер жоқ... Оның есімі тарихи мәліметтерде соңғы рет 1473 жылы кездеседі... Жәнібек хан сол дәуірдегі жиі болып тұрған соғыстардың бірінде қаза тапқан деп жорамалдауға болады. Ел арасында сақталған аңыз-жырларда Жәнібек ханды «Әз Жәнібек» деп те атайды («Қазақ Совет энциклопедиясы» 4-том. – Алматы, 1974. 350б). Сөйтіп, қазақ ханын Әз Жәнібек ретінде дәріптеу сол уақыттан күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мысалдарды тізе бергеннен, мәселенің мәні өзгермейді. Негізі, жәнібектануға екіұшты пікірлер мен дүдәмал ойлардың көптігі және солардың ақ-қарасын анықтауға тырыспаушылық біздің Жәнібектей ұлы хандарымызды танып-білу, зерттеп-зерделеу ісіне әлі де немқұрайды қарап отырғанымыздың белгісі демеске лаж жоқ. Тарихтың құпия сырын ашуда деректің қай түрі де қымбат. Соның ішінде әлбетте, жазба дерек аса маңызды. Қозғалған проблеманы зерттеуде ілгері жылжу бұрын пайдаланылмаған, жаңа дереккөздерін айқындап, тартуға және ғылыми айналымға ендігі енгізілген деректерді тереңірек талдауға келіп тіреледі.
Деректер не дейді? Алдымен, Алтын орда ханы Өзбекұлы Жәнібектің ата-бабасының шежіресін тарқатайық. Әл-Ахаридің «Шайх-Увайс» дерегіне сенсек, бұл әулеттің шежіресі Жәнібек-Өзбек-Тұғрылша-Мөңке Темір-Тоқан-Бату-Жошы-Шыңғыс хан (Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т.2. М-Л., 1941. с.62.). Басқа дереккөздерден біз Өзбектің шын мәнінде Тұғрылшаның ұлы, демек Батудың ұрпағы екенін талассыз айғақтайтын мәлімет таппаймыз. М.Г.Сапарғалиевтің пікірінше, Батудың тұқымы Тоқтамен бітуі, ал Өзбек уақыт өте бүкіл билікке қол жеткізген жалған атты болуы әбден мүмкін (Сапаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды, с.65-71.) Му’ин ад – дин Натанзидің «Мунтахаб ат – таварих – и Му’ини» деген еңбегі Қазақстан тарихын зерттеу үшін құнды деректеме болып табылады. «Ескендір анонимі» деген атаумен белгілі бұл ортағасырлық қолжазбаның авторы Өзбек хан хақында: «Ол әділ және мейірімді патша еді, асқан діншіл әрі тақуа болғаны сондай, пайғамбар жолын ұстанды; кемшілігі үшін пұшайман болып, қажет еткен кісілерге қайыр, жақсылық көрсетіп, кешірім өтінді. Ол билік еткен жылдарда Дешті Қыпшақ, Аллаға сенетін елге айналды» (Му’ин ад – Дин Натанзи. Аноним Искандара //Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды: Извлечения из персидских сочинений М.Л.,1941. Т.2.С.126 – 138) деп жазуы назар аударарлық. Әйгілі шығыс зерттеушісі Лев Гумилев: «Өзінің алдындағы хан Тохтуды (Тоқта деп те жазылады – Ж.Ж.) у беріп өлтірген өктем билік иесі аяушылығы жоқ басқыншы және қатыгез Өзбек» (Гумилев Л. Мені евразиялық деп атайды. – Алматы. Жалын 1991. 12,14-б.), деп атап өткен. Жәнібектің әкесі Өзбектің өмірі мен жеке басының қасиеттері туралы деректер қайшылықты. 1341 жылы Алтын Ордада Өзбек хан кенеттен дүние салды. Өзбек хан өлімі оның ұлдарының, яғни тақ мұрагерлері арасында ауызбірліктің жоқ екендігін көрсетіп қана қойған жоқ, Алтын Орда мемлекетінде ішкі қайшылықтың бар екенін айқындап берді. Өзбек хан өзі тақ мұрагері ретінде атап кеткен ұлы Тыныбек «Шайх-Увайс» жазбасына қарағанда, көп ұзамай бауыры Жәнібектің қолынан мерт болған (Тизенгаузен, Т-2. с.101.) Ал «Тарих ал-Малик ан-Насир Мухаммед ибн Кулан уа ауладуху» дерегінде Жәнібек пен шешесі Тайдулла ханымның бірігіп, Тыныбекті Сарайшықта өлтіргені баяндалады (Тизенгаузен, Т-1, с.252). Ортағасырлық шығыс билеушілері үшін Алтын Орда сияқты ұлы мемлекеттің бас тағын иелену жолында мұндай әдет жат саналмайтын. Осынау тарихи үрдістің иірімінен Жәнібек сияқты болашақ «ғазиз» хан да шет қала алмаған. Бұл жолы да «қан сасыған хан сарайы» өзінің ойын ережелеріне бағынған «ойыншыларының» саясатта мерейі үстем һәм мәртебесі асқақ екендігін дәлелдеді. Кейін өз тағдыры да дәл осылай тәмам боларын сол мезетте қанша сұңғыла болса да Жәнібек те білмеген болар. Пенденің фәни дүниеде жасаған қай амалы да бақиға кетпейтінін Әз Жәнібек тағдыры тағы бір мәрте дәлелдегендей болды. Әз Жәнібектің өмірі мен елге қызметі ХІV ғасырда өмір сүрген ұлы тарихшы Му’ин ад-дин Натанзи «Ескендір анонимі» атты еңбегінде Жәнібек хан туралы «оның әділдігі Ануширван (атақты парсы патшасы – Ж.Ж.) әділдігінен бір де кем соқпайды. Ол Өзбек ұлысын тұтас исламға бағындырды, пұтқа табынушылардың храмдарын түгел қиратып, көптеген мешіт, медресе салдырды. Ислам дінін ұстанған адамдардың жағдайларының жақсы болуына басты назар аударды. Жан-жақтағы ислам елдерінен неше түрлі оқымысты, ғалымдар осы сарайға қарай ағылды. Елдегі әмірлердің ұлдары білімдерін жан-жақты жетілдіріп ғылымға мойын бұрды, олар заманының озық ойлы азаматтарына айналды, күні бүгінге дейін олардың айтқан пікірлері, қорытқан ойлары жиын-тойда ескеріліп тұрады. Исламның басқа елдерде ұстанатын әдет-ғұрып, салт-жораларын бұл мемлекетке енгізген сол» (Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т.2. М-Л., 1941. С. 128) деп сүйсіне жазды. Мұндай пікірлерді ортағасырлық түркі деректемелері, соның ішінде Маулана Мұхаммед Достының ұлы Өтеміс қажының «Шыңғыснама»тарихи шығармасында да: «Даңқты әзірет Жәнібек хан – оған Алланың рақымы жаусын – әкесінің тағына отырып хан болғанда оның әділдігі, әулиелігі мен дархандылығы елге мәлім болды, Дешті Қыпшақ уәлаятында ақ жолдан таймайтын, адал да қуатты, теңдесі жоқ патша болып, атасының бүкіл мемлекетіне әмірін жүргізді» (Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері». 1.т. Өтеміс Қажы. Шыңғыс-наме –Алматы, «Дайк-Пресс. 2005. 180-б.) қуаттай түседі. Ал «Таварих-и гузида-йи нусрат-наменің («Жеңістер кітабының таңдамалы тарихы») авторы ол туралы «Жәнібек Дешті Қыпшақ елінің ханы болды. Халық оған дене болса, ол халықтың жаны болды», деп жазды (Материалы по истории казахских ханств в ХV-ХVІІІ вв. Алма-Ата, 1969. С.33). Келтірілген деректерді уақытында жан-жақты саралаған Л. Гумилев Жәнібек ханның әкесіндей емес мейірімді, һәм әділетті жан болғанын атап өткен.
Қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов өмір сүрген заманда орыстың белгілі археологы, шығыстанушы, нумизмат тарихшы П.С.Савельевтің ғылыми тұрғыда әлі күнге маңызын жоғалтпаған құнды еңбегі дүниеге келді. Бұл еңбектегі ғылыми тұрғыда талданған нумизматикалық деректер қазақ тарихы үшін бірегей керемет. Шындығына келгенде, орыс ғалымының бұл зерттеуіне қазақ қауымы қарыздар. Зерттеуші нумизматикалық жәдігерліктерге иек артып Әз Жәнібек хан есімі бедерленген теңгелердің Хорезм қаласында хижраның 700-751 жылдарынан (1350 жыл) құйыла бастағанын баяндайды. Әз Жәнібектің ел билеген тұсында құйылған теңгенің бір жағында араб қарпімен «әл-сұлтан әл-ғадл ғазиз Жанибек хан», екінші жағында «харб/сы/Гүлстан әл-джәдид» (1-сурет) деген сөздер таңбаланған. Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының ғылыми қызметкерлері Жәнібек ауданындағы Жаңатұрмыс обасынан 1353-1354 жылдары Гүлстандағы теңге сарайында құйылған Әз Жәнібек хан дәуірінің теңгесін тапты (2-сурет) (Сыдықов М.Н. Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени және табиғат мұралары ескерткіштері. – Орал, 2009ж. – Жәнібек ауданы. Т.10. 184-б.). Деректерге сүйенсек, Жәнібек хан кезінде Гүлстан ірі портты қалаға айналады. 1347 жылы осы Гүлстан портында Жәнібек Венеция саудагерлерімен сауда келісімін жасаған. М.Әбсеметовтің пікірінше, бұл порт бүгінгі Атырау қаласының маңы болуы мүмкін (Абсеметов М. Таможенное дело Казахстана. А., 2001. с.41.). Нумизмат тарихшы Әз Жәнібек бақилық болғаннан кейін де әйгілі ханның есімі бедерленген теңгелердің құйылғандығы хақында хабарлайды. Біз үшін аса құнды жәдігер саналатын сол теңгелердің бірінде «әл-сұлтан әл-мархұм ғазиз Жанибек хан» (3-сурет) деген тіркес оймышталған. П.С.Савельев зерттеген нумизматикалық деректерге қарағанда Жәнібек хан билікке келгеннен кейін құйылған алғашқы теңгелерде «әз» (ғазиз) атанбаған, тек он шақты жылдан соң ғана осы атақты иеленген тәрізді. Оған дәлел, теңгенің бір бетінде «әл-сұлтан әл-ғадл Жанибек хан», ал екінші бетінде «хәрб/сы/Харезм әл-джәдид 754» (4-сурет) деген сөздер ойып жазылған (Савельев П.С. Монеты джучидов, джагатаидов, джалаиридов и другие, обращавшиеся к Золотой Орде в эпоху Тохтамыша. Вып. 2. СПб., 1858, с299,304-305). Бұл деректі қазақ оқырмандарына тұңғыш рет журналист М.Имашев таныстырса, бертін келе ақын Б.С.Қошым-Ноғай аталмыш мәселеге жұртшылықтың тағы бір мәрте назарын аударды.
Шыңғыс ұрпақтарынан болған хандардың өздерінің ұстанған саясаттарына сай келетін тарихтарын жаздырып қалдыруы ертеден дәстүрге айналған болатын. Хиуа ханы (1645-1663), шығыс әдебиеті мен мәдениетінің асқан білгірі Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре-и түркі» («Түркі шежіресі») атты тарихи шығармасының деректемелік маңызы өте зор. Ол өзінің еңбегінде: «Өзбек хан өлгеннен соң оның ұлы Жәнібекті хан көтерді. Жәнібек хан ғажайып мұсылман патша болды, өзі ғұлама, ибалы, ақылды кісі еді. Сарайшық шаһарында таққа отырды, шариғатты қатаң сақтар еді... Ұлы Бердібекті Әзербайжанға әкім етіп, өзі жұртына қайтып келді. Одан соң ауруға шалдығып, ол ұзаққа созылды. Хан: «Енді мен бұл аурудан жазылмаймын», – деп Әзербайжандағы ұлы Бердібекті шақыртты. Бердібек хан келіп жеткенше Жәнібекке уақыт болды. Ол қайтыс болар алдында халқын жиып оларға көп насихаттар айтты. Хижраның жеті жүз елу сегізінші жылы қайтыс болды, ол он жеті жыл патшалық құрды, Сарайшықта жерленді» (Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы: Ана тілі, 2006. 114-115-бб.), деп жазды. Му’ин ад-дин Натанзидің дерегінде, Әз Жәнібектің өлімі басқаша анықталып, оқиғаның қалай өрбігені төмендегіше баяндалады: «Бердібек таққа отырғасын 6 айдан соң, Жәнібек хан науқасқа шалдықты. Мемлекетіндегі басты тұлғалардың бірі Тоғлу бай (деректерде Туғлы-би, Тавлубий, Тувлубий – Ж.Ж.) Әзербайжанға жедел кісі аттандырады, Бердібекті шақыртады. Әкесі көз жұма қалса, таққа ие болатын сол. Дешті Қыпшақ тағын тақымына бір қысуды көксеп жүрген Бердібек Әзербайжанды тастап, Дербент арқылы жеделдете Ордаға жөнеледі. Он шақты серігімен түн жамылып келіп, Тоғлу байдың үйіне түседі. Күтпеген жерден Жәнібек хан беті бері қарап басын көтереді, айыққандай болады. Сөйтіп, ертеңіне кеңеске қатысқысы келетінін айтады. Сенімді кісілерінің бірі Жәнібекке Бердібектің келгенін жеткізеді. Мына хабар мазасын қашырған ол мұны Тоғай Тоғлу хатунға айтады. Хатун ұлын қорғаштап, мұның жалған екеніне сендірмек болады. Жәнібек одан Тоғлу байды жеке қабылдауына шақыртады, осының бәрін бастап жүрген сол Тоғлу бай екенін білмейтін хан мына жайды құпия түрде оған да айтады. Тоғлу бай бірден секем алып, мән-жайды біліп келейін деген сылтаумен тысқа шығады да, ізінше өзіне жақтас бірнеше адаммен қайта кіреді, сол жерде бірден Жәнібекті жайратып салады» (Греков Б.Д., Якубовский А.Ю. Золотая Орда и ее падение. Москва – Ленинград: «издательство Академии наук СССР».1950. 269-270-бб.; Бегалин Қ. Алтын Орда хандары. – Алматы: «Адамар», 2007. 147-148-бб.). Сонымен, қазақ халқы алтынордалық Жәнібек ханды «Әз Жәнібек» атандырған, ал бұл атаудың отандық тарих ғылымында Қазақ хандығының негізін салушы ретінде мойындалып келген Жәнібек (Әбу Саид) Барақұлына еш қатысы жоқ. Өйткені, Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» толғауындағы: «Алты жыл балшық бастырып, Тоғыз жыл керіш соқтырып, Сусынын шайға қандырып, Хандығына жұртын нандырып, Адыра қалғыр, Аштархан, Әз Жәнібек хан салдырып. Ақылын кәуірге алдырып, Айласы құрып кеткен жер», – деген жыр жолдары Алтын Орда билеушісі, Жәнібек Өзбекұлына ғана қатысты. Келтірілген әртүрлі тарихи деректер: нумизматикалық жәдігерлерді, жыр-аңыздарды, толғауларды, кәсіби мамандардың тың ойларын саралай келе, біз осыған дейін Әз Жәнібек деп жүрген ханның Қазақ хандығының негізін қалаған Барақұлы Жәнібек емес, Алтын Орда ханы Өзбекұлы Жәнібек екендігін тағы бір мәрте еске сала кетсек дейміз. Бұдан Қазақ хандығының негізін салған әйгілі Жәнібек ханның мәртебесі мен беделінің еш төмендемесі хақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытаудағы ұлт туралы толғанысында Алтын Орданың Қазақ мемлекеттілігі тарихындағы ірі белес екенін айдай анық қылып айтты. Өкініштісі, Тәуелсіздігімізге 20 жылдан асса да, академиялық басылым Қазақстан тарихының 2 томы мен жалпы орта білім беретін мектеп оқулығындағы Әз Жәнібек хан туралы мағлұмат көңіл көншітпейтін тәрізді.
Жаңабек Жақсығалиев,
тарих ғылымдарының кандидаты.
Орал.