03 Шілде, 2010

БРАЗИЛИЯ АЛТЫНШЫ АСУЫН БАҒЫНДЫРА АЛМАДЫ

467 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше футболдан Оңтүстік Африка Республикасында өтіп жатқан әлем чемпионатында алғашқы ширек финал­дық кездесу өткізген Голландия мен Бразилия құрама­ларының арасындағы ойында оңтүстікамерикалық аяқ доп шеберлері жиырма жылдан бері алғаш рет жартылай финалға жолдама ала алмай, қарсыластарынан жеңіліп қалды. Аса тартысты, шиеленісті өткен бұл матчта “пен­тео­кам­пеондар” голландықтардан 1:2 есебімен жеңіліп, әлем чемпионатымен қош айтысуға мәжбүр болды. Ал Голландия құрамасы өзінің тарихында осымен төртінші рет жартылай финалға жолдама алып отыр. Оның екеуінде ­– 1974 және 1978 жылдары өткен әлем чем­пионаттарының финалына шы­ғып, сол кездесулерде алаң иелері – Германия мен Арген­ти­надан жеңіліс тапқан еді. Голлан­дияның үшінші жартылай финал­дық ойыны 2002 жылы осы Брази­лия құрамасымен өткенін білеміз. Сол Оңтүстік Корея мен Жапонияда өткен мундиальде голландықтар қарсыластарына матчтың соңында берілген пеналь­тиден ғана есе жіберіп алған болатын. Сөйтіп, қос құраманың төртін­ші мәрте жолы түйіскен биылғы додада еуропалықтар көптен бері күткен есесін қайтарып алды десе болады. Бұл матчта Голландия, әсіре­се, 2-ші кезеңде қай жағынан алып қарағанда да бразилия­лық­тардан басым болды десек, артық айт­қ­андық емес. Қысқа­сы, Дунга Карлостың шәкірттері Ван Марвейк Берттің аяқдоп шеберлерінің алдында шарасыз­дық танытты. Осы кездесуде Голландия құрамасындағы Уэсли Снейдердің ойынның екінші жартысында соққан добы матчтың тағдырын шешіп берді. Кездесуде бразилиялықтар ал­ғашқы болып доп соққан еді. Ойы­­ның 10-минөтінде Робиньо­ның әдемі голы отандастарын жеңіс­ке жігерлендіргендей болған. Алайда, голландықтардың екінші таймда тайлы-тұяғымен қарсылас­тарының қақпасына лап қойып, шабуылдағанына Дунганың есігін айқара жапқан қорғанысы шыдай алмай, екі допты жіберіп алды. ­Бұл кездесудің аса тартысты өткенін бас төрешінің бес сары қағаз және бір қызыл қағаз көрсет­кенінен де көруге болады. Енді осымен төртінші рет мундиаль­дің жартылай финалына шыққан гол­лан­дықтардың келесі қарсыласы Уруг­вай мен Гана арасындағы кездесуде анықталады. Ширек финалдан бұдан басқа ойындары Парагвай мен Испания және Арген­тина мен Германия құрама­лары арасында өтеді. Қазір “неміс мәшинесінің” Диего Марадонаның шәкірттерінен басым түсетіні жөнін­де аракідік айтылуда. Гер­манияның чемпионатқа бара алмаған шабуылшысы Михаэл Баллак отандастарына Аргенти­наны 3:1 есебімен жеңеді деген болжам жасаса, өзге елдің құрама командаларының бас бапкерлері де осындай пікір білдіруде. Осы матчтың және ширек финалдағы басқа да ойындардың нәтижелерін газетіміздің келесі нөмірінде хабар­лайтын боламыз. Әлем чемпионатына қатысты тағы бір дерек келтірсек, қазір Голландия мен Бразилия ойынын қоса есептегенде 57 кездесу өтіп, онда 129 гол соғылыпты. Ал матчтарды ста­дион­нан тамаша­лаған жан­күйер­лердің саны 2 691 011 адам­ға жеткен. Орташа алғанда бір ойынға 48 054 адам келген екен. Дастан КЕНЖАЛИН.