19 Ақпан, 2015

Имам – діннің айнасы

558 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
*Республикалық имамдар форумы қарсаңында кет - н-1Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде тұңғыш рет «Ислам – бейбітшілік пен келісім» атты І республикалық имамдар форумын өткізуді жоспарлап отыр. Діни саладағы тарихи іс-шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – бірлік пен береке ұйытқысы – Исламның асыл құндылықтарын насихаттау, жас­тарымызды, жалпы жұртымызды имандылыққа, ізгілікке үндеу, бір шаңырақтың астында ұйым­шылдыққа ұйысқан ұлттар мен ұлыстардың татулығын нығайтуға үлес қосу. Имамдар форумын ұйым­дастырудағы тағы бір үлкен ниетіміздің бірі – дін қызмет­керлерінің білігі мен білімін байыту, қазіргі қоғамға сай діни кадрлар сапасын арттыру. Өйткені, бүгінгі заман талабы имам-молдаларға зор жауапкершілік жүктейді. Имамдық – жауапкершілігі мол маңызды қызмет. Осы орайда, айтулы игі шара, республикалық форум қарсаңында ХХІ ғасыр имамы қандай болу керек деген сауал төңірегінде өз ойларымды ортаға салсам деймін. Имам қызметі тек бес уа­қыт намазға имамдық етумен шек­телмесе керек. Бұл – пай­ғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Алла тарапынан алып келген аманатын келер ұрпаққа жалғастыратын, адамдарды жақсылыққа шақы­рып, жамандыққа тыйым салатын ұлы істің бірі. Сол себепті пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үмбеті үмбеттердің қайырлысы болды. Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім адамдарды тура жолға шақыратын болса, ол адамның сауабы артынан ерген адамдардың сауабымен бірдей болады. Және олардың да сауабынан еш кемімейді!» – деп халықты имандылыққа шақырып, дінге қызмет етудің қаншалықты маңызды екенін жеткізген. Дін қызметкерлері осы үлкен жауапкершілікті арқалап, қай кезеңде болмасын қоғамдағы тұрақтылық пен адамгершілікті сақтауда зор үлесін қосып келеді. Бұл сабақтастық ғасырлар бойы үзілмей, жалғасын табуда. Қазақ тарихында елді рухани тазалыққа, ата-бабамыздың мұсылмандық сенімін сақтауға өз үлесін қосып келе жатқан дін қызметкерлері екені белгілі. Қазақ даласында Исламның таралуы VIII ғасырдың соңы мен IX ғасырдың басынан бастау алады. Ал X ғасырда Ислам Қараханидтер мемлекетінің мемлекеттік діні болып жарияланды. XII-XIV ғасырларда Қазақстан Исламның Ханафи мазһабының негізгі орталықтарының бірі ретінде танылды. Еліміздің аумағында әлемдік ислами танымға маңызды үлес қосқан дін және мәдениет қайраткерлері шыққаны белгілі. Олардың арасында әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашғари, Һибатулла Тарази, Хұса­муддин ас-Сығнақи, Ах­мет Иүгінеки, Ахмет Ясауи, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құ­дайбердіұлы, Сәдуақас Ғыл­мани секілді мол рухани мұра қалдырған көрнекті ғалымдар мен ойшылдар бар еді. Әлемдік ақыл-ойды дамытып, ғылым-білімді насихаттауға да дін жанашырлары үлкен үлес қосты. Кешегі дін, қоғам қайраткерлерінің бүгінгі жалғасы имамдар десек, артық айтқандық емес. Кешегі Ресей империясының отарлау заманында, кеңестік биліктің ұлттық ұстанымынан айыруға барын салып, дінге қарсы атеистік саясат жүргізіп, оны іс жүзіне асырған жылдарда қазақ халқының ішкі рухани тұтастығын сақтау жолында өлшеусіз үлес қосуда дін қызметкерлері де белсенділік танытты. Ақиқат жолында қызмет етіп, елге «Ишан», «Молда» деген атпен танылған тұлғаларымыз қадір-қасиеті жеткенше тер төкті, мұсылмандық сенімді ұрпақ бойына сіңірді. Ізгілік жолда атқарылған қыруар жұмыс, қилы тарих шаң басқан мұрағаттарда әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Дін жанашырлары алған білімімен елін оқытты, ел балаларының сауатын ашты, мұсылмандық заңды үйретіп, халықты ізгілікке, бірлікке шақырып, рухани қызмет көрсеткен. Имам тек сөзбен ғана емес, амал арқылы да тәлім берген. Кезінде молдамен дастарқандас болу, онымен сұхбаттасу өзгелер үшін үлкен абырой, мәртебе болатын. Өйткені, молданың аузынан шыққан сөз, оның әрбір амалы айналасындағы адамдар үшін үлгі-өнеге, ғибрат еді. Әлі де солай жалғасып келеді. Аллаға шүкір, асыл дініміз Исламға қызмет етудің үлкен жауап­кершілігін арқалаған дін адамдарының белсенді жұмы­сының арқасында хақ дініміз өркендей бастады. Бұрынғы за­манда халық ауыл-ауыл болып өмір сүріп, бәрі бір имамға бағынып, бір дінді, бір мазһабты ұстанатын. Имам шариғаттан үкім айтса, жұрт соған құлақ асатын, дін адамы ретінде оған бойсұнатын. Ол заманда діни тұрғыдағы алауыздықтар, теріс көзқарасты ұстанушы жат ағым­дар болмайтын. Ал, қазір технология мен білімнің дамыған заманы. Кейбір жастарымыз ғаламтор арқылы өзге елдің мәдениеті мен ғалымының сөзіне иланып қалуда. Бұл ретте жұртты дінге шақыруда имамға жүктелер міндет өте зор. Имамдық қызмет үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені, имам қарамағындағы адамдарға жауапты. Пайғам­барымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Имам – басшы әрі қарамағындағы адамдарға жауапты», – деген. Әрине, мұндай жауапкершілікті атқару үшін, өз болмысымен үлгі-өнеге болатын, дін ісі мен дүниені қатар алып жүруге баулитын көркем мінез-құлық пен ұстаздық қабілет-қасиеттер, белсенділік пен азаматтық сипаттар имамнан талап етіледі. Қазіргі қоғамда ішкі тұрақ­тылықты және рухани тұтастықты сақтауда имамның рөлі аса маңызды. Дертті алдын алып, оған қарсы ем қолданғандай, ру­хани дерттің емшілері мен қоғам өмірін үйлесімділікке кел­тіретіндер де имамдар. Бұрыс бағыттағы біреудің жетегінде жүрген азаматтарды дұрыс арнасына салып қою, ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты, халал мен харамды ажыратып беру де – имамдарға жүктелген зор міндет. Адамзаттың ең бірінші имамы пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сә­лемі болсын) еді. Ал оның ми­расқорлары мен ізбасарлары – бүгінгі дін қызметкерлері. Қа­зақстан мұсылмандары діни бас­қармасының көңіл бөліп, қол­ға алып отырған негізгі мін­дет­терінің бірі – қазіргі қоғам талабына лайықты имам дайындау. Имамға қойылатын басты талап – білім. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде: «Білімді талап ету – әрбір мұсыл­манға парыз», – деген. Имамдар көпшілік қауыммен көбірек араласқан соң көптеген сұрақтарға тап болады. Оған дер кезінде жауап беру үшін де білім керек. Сондықтан білім алу – аса маңызды амал. Себебі, білімсіз пәтуа беру – өте қауіпті іс. Оның соңы құрдымға алып барады. Хадисте: «Кім ілімсіз пәтуә берсе, оған Алланың, періштелердің және бүкіл адамның лағынеті болады» – деп ескертілген. Имамға қойылар талаптың бірі – кішіпейілділік, сыпайылық, қарапайымдылық. Кішіпейілділік – пендеге Раббысы тарапынан берілетін ерекше мінез-құлық. Кішіпейілділік – пайғамбарлар мен күллі ізгі ғұламалар мен әулие­лерден мирас болған көркем қасиет. Кішіпейіл адам – жер бетінде Раббысынан қорқып, одан ұялып, әрдайым өзін көріп тұр деген оймен ұлыққа да, кішікке де бірдей қарым-қатынас жасай­тын жан. Алла тағала ондай адамды Құранда былай сипаттаған: «Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілділікпен жүреді...». Бұл аяттың астарында мүміндерге тән кішіпейілділік жатыр. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өсиеттерінің бірінде: «Кім кіші­пейілділік көрсетсе, Алла оның мәртебесін өсіреді...» деп сүйіншілеген. Ал тәкаппарлық – құрдымға алып баратын дерт. Шайтанның Алланың рахметінен айырылып, қуылуына себеп болған да осы тәкаппарлық, өркөкіректік. Имам қай заманда да жан-жақты болуы қажет. «Жігітке жеті өнер аз» дегендей, имам-мол­далардың тек діни біліммен шектелмей, заманауи технологияны меңгеріп, жан-жақты білім­мен қарулануы – уақыт талабы. Анастан жеткен хабарда пайғабарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген екен: «Сендердің жақ­сыларың – дүниесін ақырет­ке, ақыретін дүниеге тастап қойғандарың емес, бәлкім, екі дүниенің арбасын бірдей ұста­ғандарың. Шын мәнінде дүние ақыретке жетелейді». «Отанды сүю – иманнан», деген қанатты сөз бар. Отанға деген ыстық сезім, ықылас – жалпыадамзаттық адамгершілік қасиет, адамдар арасында қа­лыптасқан табиғи сипат. Жалпы, отаншылдық, патриотизм – асыл дініміздің ұстанымымен тығыз ұштасып жатқан ұғымдар. Бұл тұрғыда имамдар да биік дәрежеден көрінуі тиіс. Пай­ғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзінің туған шаһары – Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Мек­кеге қарап тұрып: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де тұрғындарың мені қуып шығармағанда, сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – деген. Діндарлық – имамға қойылар басты талаптың бірі. Тақуалық, діндарлық – ең басты ұғымдар һәм амалдар. Ол – Алла тағала бұйырған істерді орындап, тыйым салған амалдардан тыйылу деген сөз. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) «Алладан шынайы қорқу» дегенді былайша баяндаған: «Аллаға бойсұнып, күнәһәр болмау, шүкіршілік етіп, қарсы келмеу, үнемі еске алып, ұмытпау». Тақуалық имамның киетін киімі тәрізді болу керек. Өйткені, ол діннің атынан сөйлейді. Шариғаттан білгенін айтып, біл­мейтінін «білмеймін» деп шектелген жөн. Өйткені, оның әрбір айтқан сөзі – шариғат. Ең бастысы, имамның әрбір іс-әрекетінен, айтқан сөзінен адамдар үлгі алуы тиіс. Астана қаласында өтетін І республикалық имамдар форумында діни салада маңызы мол бірнеше құжат, атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Мұсылман келбеті», «Имам бейнесі», «Дін қызметкерінің қызметтік этикасы» сынды құжаттар қабылданбақ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің талқылауынан өтіп, зиялы қауым, қоғам қайраткерлерінің қол­дауына ие болған бұл құжат­тар көпдінді, көпұлтты еліміз­дің рухани өркендеуіне, діни тату­лығымыздың нығая беруі­не сүбелі үлес қосатынына сенім­діміз. Алла тағала бірлігіміз бен берекемізді арттырып, ұлан-ғайыр жерді мекен еткен халқымыздың ризық-несібесін, ынтымағын нығайта бергей! Әмин! Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.