«Қарыз күліп барып, жылап қайтады» дейді халық даналығы. Соңғы кездері банктерден несие алып, мезгілінде қайтармайтындардың «Алаған қолым, береген» дегенді қаперден шығарып алуы жиі кездесуде. Сондықтан жолаушылар автобустарындағы мониторлардан банктерге қарызы бар ақтөбеліктердің фотосуреттері көрсетіле бастады. Араларында ұл-қыздарына алимент төлеуден бас сауғалап жүрген қашақ әкелер де бар.
Облыстық әділет департаменті баспасөз қызметінің маманы Алиса Аманованың хабарлауынша, қала аумағында жолаушы тасымалдайтын автобустарда борышкерлердің аты-жөні ғана емес, фотосуреттерін де көрсетуге барудағы мақсат – олардың ұятын ояту болмақ. Борышкерлердің жалпы саны 15 адам. Олардың барлығы банктерден несие алып, өтеуден жалтарып жүрген көрінеді. Борышкерлер еш жерде жұмыс істемейді және несие рәсімдеген кездегі мекен-жайларынан қоныс аударған, қазір тұратын мекен-жайлары белгісіз. Сондықтан, сот орындаушылары қолдарында бар ақпаратты автобустарда таратып, борышкерлерді осылай ұялтуды шешкен.
Банкке қарыз ақтөбеліктердің көшін Ақтамақ Көптілеуова есімді азаматша бастап тұр. Оның банк алдындағы қарызы 1 миллион теңгеден асқан. Қазір облыста ел аумағынан шығуға уақытша шектеу қойылған 12 394 борышкердің жалпы қарызы 30 660 286 699 теңгені құрайды екен.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.