19 Ақпан, 2015

Бұл қатардағы науқан емес

344 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Z09B8052 Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді қолдау мақсатында «Ел жастары Елбасын қолдайды» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді Студенттік ғылыми қоғамның төрағасы Айбол Арынғазинов жүргізіп отырды. Басқосуда әлеуметтік-мәдени даму жө­нін­дегі проректор, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА мүше-коррес­пон­денті Дихан Қамзабекұлы сөз сөйледі. Ғалым өз сөзінде университеттегі ғылыммен айналысатын белсенді жастардың ұсынысы қолдау тапқанын және бүгінгі басқосу соның нәтижесі екенін атап өтті. Дихан Қамзабекұлы дөңгелек үстел­дің маңыздылығына тоқтала келіп, тәуелсіздікке қол жеткізудегі және қазіргі замандағы Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастырудағы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше үлесін және біздің халқымыздың бақытты да баянды өмір сүруі Елбасының көреген көшбасшылығы мен сарабдал саясатының нәтижесі екенін атап өтті. «Нұрсұлтан Әбішұлы – тәуелсіз Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде өз орны мен беделі бар дара тұлға», дей келіп, Елбасының ерекше қасиеттеріне назар аударды. Сонымен қатар, бүгінгі дөңгелек үстел басындағы әңгіме ЕҰУ студенттеріне ғана емес, қазақстандық жастарға да рухани құндылық ретінде қосымша серпін беретінін жеткізді. Жастар бас қосқан жиында жас ға­лым­дар кеңесінің төрайымы, сая­си ғылымдар кандидаты, Тұңғыш Пре­зи­дент Қоры сыйлығының иегері Әйгерім Тұрханова, іргелі мате­ма­тика кафедрасының доценті, PhD докторы, «Дарын» Мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты Ай­нұр Темір­ханова, Қазақстан халқы Ассам­блеясы кафед­расының доценті, PhD докторы Халел Маслов, Шетел тілдерінің теория­сы және тәжірибесі кафедрасының аға оқы­тушысы, PhD докторы Гүлжан Дос­жан сөз сөйлеп, болашақты Ел­ба­сымен бірге құратындықтарын мәлімдеді. Басқосу соңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің жас ғалымдары мен белсенді студенттері және профессор-оқытушылар құрамы «Менің таңдауым – Елбасы Н.Назарбаевпен бірге экономикасы күшті, саяси тұрақты Қазақстан!» атты үндеу қабылдады. * * * Гүлжан ДОСЖАН, ЕҰУ филология факультеті Жас ға­лым­дар кеңесінің төрайымы, PhD докторы: – Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, біздерге аманаттаған байтақ Отанымыз – Қазақстанда алаңсыз ғұмыр кешудеміз. Осындай ұлан-ғайыр жерді қорғауда, оны бізге аманаттауда қаншама аға-ұрпақ өз жандарын құрбан етті. Ата-бабамыз аңсаған азаттық таңы атқанына да ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Осы жылдар ішінде әлемнің мықты мемлекеттері санасатын абыройлы елге айналдық. Көк туы желбіреген, Әнұраны шарықтаған, ашық аспан астында береке-бірлігі жарасқан тәуелсіз Қазақстанда өмір сүрудеміз. Міне, осындай жарқын жетістіктерге жетуіміз ең бірінші кезекте Елбасының арқасы. Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын, асты қымбат қазынаға, үсті жалынды жастарға толы осынау кең-байтақ мемлекетті басқару ердің ерінің ғана қолынан келетін іс. Өздеріңіз білетіндей, жақында Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу жөнінде бастама көтерді. Меніңше, бұл бастамаға ел ағаларымен қатар, мықты көшбасшы керек. Құдайға шүкір, бізде ондай көшбасшы бар. Ол – өз елінің тағдыры үшін барлық қиындыққа мойымайтын және алға зор мақсаттар қоя білетін біздің ардақты басшымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Мына біздер білім алып жатқан қара шаңырақ – Елбасының идеясынан туған білім ордасы. Осында қаншама азамат болашаққа қадам басты. Мұнда өз ісінің білгір мамандары дәріс беруде. Мұның барлығы, түптеп келгенде, Президентіміздің салиқалы саясатының арқасы. Сайлау – бір күндік қатардағы нау­қан емес, бұл ел тағдыры шешілетін өте маңызды оқиға. Барша қазақ­стан­дықтардың болашағын айқындайтын күн. Сондықтан да, сайлау белгілене қалған жағдайда айтулы оқиғадан барлығымыз тыс қалмай, бір жұдырықтай жұмылып, Елбасымызға қолдау білдірейік. Сонда ғана біздің Қазақстан ата-бабамыз армандаған қуатты елге айналатын болады. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.