Осы газеттің 29 шілдедегі санынан «Ұлттық тарихсыз ұлттық рух болмайды» деген мақала оқыдым. Авторлары Баубек Сомжүрек, Нұрболат Бөгенбаев деген інілерім екен. Онда: «...Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді ұлы бабаларымыз түркі халықтарының тілі мен тарихын, мәдениетін зерттеп, есімдері әлемге танылды» делінеді де кешелі-бүгінгі түркітануға үлес қосқан, қосып жүрген тағы бір топ ғалымның еңбектері елеулі екені айтылады. Дұрыс. Бірақ мұны оқып отырып: «Қазекемнің төрт сөзді түгел айтуды» қалайтыны ескерілмепті-ау?!» деп еріксіз таңдандым.
Иә, мақалада көрсетілгендей «Томсон, Радлов... секілді белгілі түріктанушылар... түркі халықтарының өркениетін, әдебиеті мен мәдениетін дүниежүзіне паш етті». Ал, мысалы, Махмұт Қашқари мен Жүсіп Баласағұнның жазба еңбектері исі қазаққа қалай паш етілді? Міне, осыны жалғап айтуды мақала тақырыбындағы «ұлттық рух» талап етіп тұр емес пе? Әрине!
Көне замандағы тарихи тұлғаларды тануда, қай халықта болсын, зерттеуші ғалымдардың еңбегі ерекше екені түсінікті. Алайда, зерттеу мақала жазу – бір басқа да, олардың еңбектерін қазақ тіліне аударып, ұрпақ игілігіне жарату – бір басқа. Бізде осы ескеріле бермейді. Жоғарыда аты-жөндері аталған ғұлама бабаларымыз туралы әңгіме болғанда, олардың еңбектерін зерттеушілер мен аудармашылардың кімдер екені қатар айтылуы шарт. Махмұт Қашқари мен Жүсіп Баласағұн ауызға алынғанда Асқар Егеубаев марқұм аталмаса, «түгел сөздің түбі бір» болды дей алмаймын.
Асқар Егеубаев кім еді? Ол ақын, әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының докторы, аудармашы болатын. Табанды еңбегі үшін Қазақстан комсомолы сыйлығының, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, Жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік ХII фестивалінің дипломанты атанған еді. 10 өлеңдер кітабы, 2 әдеби-зерттеу мақалалар жинағы шыққан. Газеттегі мақалаға қатысты айтарым: Асқар Егеубаев атақты Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанын түпнұсқасынан алғаш рет қазақ тіліне аударып, алғысөз бен түсініктерді жазып, 1986 жылы жеке кітап етіп шығарды. Көлемі – 615 бет! Одан Қытай Халық Республикасының «Ұлттар» баспасы дереу хабардар болып, бірден араб қарпімен жарыққа шығарды. Әнеки, еңбектің еленуі!
Ғалым, аудармашы Асқар Егеубаев одан кейін Махмұд Қашқаридың «Түрік тілі сөздігін» көне түркі тілінен қазақшалап, жан-жақты түсінік беріп шығарды. Көлемі – 3 том. 900 бет! Аса құнды осындай көлемді еңбекті қазақ оқырмандарына жеткізу қандайлық білімді, құштарлықты, қаншама күш-жігерді талап етті екен?!
Ақын Асқар одан кейін жалынды жауынгер жыршымыз Махамбет Өтемісұлы шығармаларының 4 томын құрастырып, академиялық басылым талабына сай етіп берді. Яғни тұтас бір ғылыми-зерттеу орталығының міндетін бұл жолы да жалғыз өзі атқарды! Сол кезеңде – 2002 және 2004 жылдары – Асқардың жаңа жыр жинақтары Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Жолы болмады. Мен сондағы комиссия мүшелері, Асқардың мына айтылған, ақындық-ғалымдық үш ерлігін ескеру былай тұрсын, ұсынылған жыр жинақтарын да түгел оқыған жоқ дей аламын!
Отандастарымызға кей кездері «Махмұт Қашқари атындағы медаль» деген марапат беріліп жататынын газеттерден оқимын. Оларды қайдан, кімдер ұсынады, қайда, кімдер береді – білмеймін. Менің білетінім: ұсынғандардың да, бергендердің де, алғандардың да Асқар Егеубаевтың әдеби-тарихи қыруар еңбегін бағалай білмегені. Мұны не дейміз? Әдеби сауатсыздық па? Әлде, «өзі жоқтың – көзі жоқ» па?!.
Егер есен-сау болса, Асқар Құрмашұлы бүгінде 65 жаста болар еді. Айналасындағылар да, тағдыр да тарынған соң, не шара – пәк сезімді ақынның үлкен жүрегі тоқтағалы 9 жыл...
Қадірін білген қауым табылып, Асқардың шығармалары мен аудармаларының көптомдығын шығарып берер болса, арғысы Қытай Халық Республикасы мен бергісі Қазақстанындағы жүздеген мың оқырманына бір жұбаныш болар еді!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы.
АЛМАТЫ.