24 Маусым, 2015

Алып ұйым ақиқаттары

467 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

ВТО-2Жасампаздықтың жарқын жетістігі

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді аяқтады

Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру жөніндегі келіссөздердің аяқталуына байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға Үндеу арнады. Онда еліміздің аса маңызды тағы бір тарихи оқиға қарсаңында тұрғаны атап көрсетіле келе, бұл жайт ДСҰ-ға кіру бойынша жүргізілген келіссөздердің табысты аяқталғанымен байланыстырылады. Әрине, ДСҰ-ға өту қазақстандық тауар өндірушілер тарапынан сапалы да арзан тауарлар шығаруды талап ететіні, мұның бәсекеге қабілеттілігімізді арттыратыны белгілі. Бұл оңай шаруа емес екені де баршаға мәлім. Дегенмен, атам қазақта «көппен көрген ұлы той» деген жақсылыққа меңзейтін сөз бар. Шынында да, көппен бірге болудың мәні зор. Ең бастысы, әлемдегі озық елдердің баршасына жуығы мүшесі болып табылатын алып ұйымның Отанымызды өрге сүйрейтіні еш күмән туғызбайды. Тек соған әрқайсымыздың шындап ұмтылуымыз керек. Freight Business Ұйым 1995 жылдың 1 қаңта­рында, осыған дейін болған және 50 жыл әрекет еткен Тариф­тер және сауда жөніндегі бас келі­сімнің (ТСБК) жалғасы ретінде өмірге келді. Бірақ бұрынғыға қарағанда бір үлкен ерекшелігі, ол енді халықаралық ұйым ретінде заңды мәртебеге ие болды. Сонымен қатар, бұрынғыға қарағанда үлкейіп, кеңейе түсті. Адамзат қауымына тигізетін әсері де ұлғайды. 2015 жылдың 26 сәуіріндегі жағдай бойынша, бұл ұйым құрамына әлемнің 161 елі кіреді. Енді оған, міне, Қазақстанымыз да қосылды. Осы мәселеге көптеген дайындықтар жасалған соң, кейбіреулердің сары уайымға салынып айтқа­нындай, Дүниежүзілік сауда ұйымынан қорқып қажеті жоқ. ДСҰ ережелері дамушы елдер үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырады. Қазіргі күні оған мүше дамушы елдер дамыған елдермен салыстырғанда өз нарықтарын қорғаудың неғұрлым жоғары кедендік-тарифтік қорғау құралдарына ие болып табылады. ДСҰ-ның штаб-пәтері Швей­цариядағы Женева қаласында орналасқан. Ұйымның бас хатшысы – Роберту Карвалью ди Азеведу. Ұйым штатында 640 адам жұмыс істейді. ДСҰ ережелері тек қана сау­да-экономикалық мәселелерді реттейді. Оның басты мақсаты қан­дай да бір болсын нәти­же­лерге қол жеткізу емес, тек қана халықаралық сауданың жалпыға ортақ қағидаттарын белгілеу болып табылады. Жарияланған декларацияға сәйкес ДСҰ жұмысы негізінен мынандай қағидаттарға арқа сүйейді. Жалпыға ортақ тең құқы­­­­­лық. Осы бойынша ДСҰ-ның бар­лық мүшелері бір-біріне саудада неғұрлым қолайлы жағдайды ұсынуы тиіс. Мұның өзі ДСҰ-ның бір мүшесіне берілген преференциялар қалған барлық мүшелеріне де ортақ екендігін білдіреді. Өзара әрекеттестік. Екіжақ­ты саудадағы шектеуді азайту жөніндегі барлық әрекет екінші тараптан да қолдау тауып, өзара әрекеттестікке айналуы тиіс. Ашықтық немесе мөлдірлік. ДСҰ мүшелері өзінің сауда ере­же­лерін толықтай жариялауы және оның ДСҰ-ның басқа мүшелеріне берілген ақпараттар үшін жауап беретін органдары болуы тиіс. Қолданыстағы міндеттеме­лер­ді құру. Мүше елдердің сауда тарифтері жөніндегі мін­дет­темелерін елдердің бір-бірімен өзара қарым-қатынасы емес, негізінен алғанда, ДСҰ-ның негізгі органдары реттейді. Ал қандай да бір елдің нақты секторында сауда жағдайы нашарлатылатын болса, осыдан зардап шеккен жақ басқа секторларда өтемақы талап ете алады. Қорғау қақпақшалары. Кей­бір жағдайларда үкімет сауда шектеулерін енгізе алады. ДСҰ келісімі оның мүшелеріне тек қоршаған ортаны қорғауда ғана емес, сонымен қатар, адамдар денсаулығын сақтауда, малдар мен өсімдіктерді қорғауда шара қолдануға мүмкіндіктер береді. Дүниежүзілік сауда ұйымы­ның жоғары органы болып ДСҰ Министрлік конференциясы табылады. Ол екі жылда бір рет шақырылады. Бұл ұйым өмірге келгеннен бері осындай сегіз конференция болып өткен. Әрине, ұйым мүшелерінің арасында өзара келіспеушіліктер, осыған сәйкес дау-жанжалдар болып тұрады. Мұндай даулар, әсіресе, ұйымдағы неғұрлым ірі субъектілердің халықаралық сау­да мүддесіне сәйкес орын алып жатады. Осындай ірі даудың бірі 2002 жылы АҚШ пен Еуропалық одақ арасында өріс алған болатын. Осы жылдың наурыз айында АҚШ еуропалық болат импортына жоғары баж салығын белгіледі. Бұл салық америка­лық болат балқытушыларды қорғау мақсатында белгіленді. Еуропалық одақ оны ДСҰ талаптарына сәйкес келмейтін заңсыз шешім деп бағалап, ДСҰ комиссиясына жүгінді. Дауды қараған комиссия АҚШ-тың өз нарығын қорғау бағытында жасаған әрекетін ДСҰ ережелерін бұзушылық деп бағалады. Сөйтіп, АҚШ қолданған баж салығын алып тастауға мәжбүр болды. Жоғарыда ДСҰ-ның 161 мүшесі бар дедік. Оның 157-сі БҰҰ-да мойындалған мүше мемлекеттер болып табылады. Сондай-ақ, жартылай мойын­дал­ған Тайвань, екі тәуелді аумақ (Гонконг пен Макао) және Еуро­палық одақ кіреді. ДСҰ-ға мүше болып кіру үшін мемлекет меморандум тапсырады. Осыған байланысты ДСҰ аталған елдің сауда және экономикалық саясатын қарастыра келе, оның мүше болуға лайықты немесе лайықсыз екендігін анықтайды. Ұйымға мүше болып кіруге лайықты делін­ген ел оның әр мүшесімен келіссөздер жүргізуі қажет. Міне, осы шаруаны Қазақстан ұзақ жылдар бойы жүргізіп келді. Бұл келіссөздерде өз мүддесін барынша қорғау үшін іске мұқият­тылықпен қарады. Бұрынғы Кеңес Одағы құра­мындағы бірқатар елдер 1998 жылдан бастап, ұйымға мүшелікке өте бастады. Ең алдымен, Қырғыз­стан кірді. Мұнан кейін, 1999 жыл­дың 10 ақпанында Латвия, 1999 жыл­дың 13 қарашасында Эсто­ния, 2000 жылдың 14 шілдесінде Грузия, 2001 жылдың 31 мамырында Литва, 2001 жылдың 26 шілдесінде Молдавия, 2003 жылдың 5 ақпанында Армения, 2008 жылдың 16 мамырында Украина, 2012 жылдың 22 тамызында Ресей, 2013 жылдың 2 наурызында Тәжікстан өтті. Біз өзімізді 2015 жылдың 22 маусымында кірдік деп есептейміз. Біз – ДСҰ-ның 162-ші мүшесіміз. Қазақстанның ДСҰ-ға бір­қатар елдерге қарағанда кейін­деп кіруінің өзі мұның әбден ойластырылған саясат екендігін білдіретін болса керек. Оның үстіне, біздің Қазақстанымыздың халықаралық қоғамдастыққа ұсынатын өнімдері де, одан алатын тауарлары да аз емес. Әрине, әлемнің алып сауда ұйымына мүше болып кіру біздің алдымызға бірқатар мін­деттер жүктейді. Ол міндет­тердің барлығы ДСҰ ереже­ле­рінде қарастырылған ортақ қағидаттардан туындайды. Міне, осы қағидаттарға сай келіп қана қоймай, оның беретін пайдасы мен тиімділіктерін пайдалана білуіміз қажет. Бұл не деген сөз? Бұл дегеніміз – тауарларды кәсіпкерлеріміз неғұрлым сапалы және неғұрлым арзан бағаға өндіре білуі керек деген сөз. Кім өз тауарын арзан да сапалы етіп өндіре алса, халықаралық саудада соның бағы жанады. Өйткені, мұндай субъектілерді, біздің Қазақстан жағдайында айтатын болсақ, ең алды­мен ДСҰ қағидаттары мен сол қа­ғидат­тардың мүлтіксіз орын­­­далуын қадағалайтын ДСҰ-ның­ не­гізгі органдары қорғайтын болады. ДСҰ бүкіл адамзат үшін ең пайдалы халықаралық ұйым­дар­дың біріне айналып отыр. Оның адамзатқа берген тиімділігі жөнінде жеке кітап та жазуға болар еді. Әрине, оған мүмкіндік жоқ. Дегенмен, ДСҰ адамзатқа қандай пайдасын тигізді деген сұраққа қысқаша жауап бере кететін болсақ, бұл жүйе ең алдымен бүкіл әлемде бейбітшілікті нығайтуға ықпал етіп келеді. Ол елдер мен елдер арасында саудаға қатысты түрлі даулар пайда болған жағдайда ең келісімді шешімді табуға мүмкіндік береді. Ұйымның ұсынатын шарттары адамзат тұрмысының жақсаруына жәрдемдеседі. Ол бүкіл әлемде тек сапалы өнімдердің таралуы­на және олардың бағасы қол­жетімді болуына ықпал етеді. Сонымен қатар, ұйымның негізгі қағидаттары оған мүше кез келген елдегі экономикалық жүйенің тиімділігінің артуына, негізсіз шығындардың төмендеуіне көп әсер етеді. Қорыта айтқанда, ерте ме, кеш пе, Қазақстанның бұл ұйымға мүше болып кірмегі әбден айқын еді. Өйткені, біз адамзат қауымынан тысқары өмір сүре алмаймыз. Жерасты байлығы көп Қазақстан үшін қарышты дамудың ең үлкен жолы сол байлықты іске жаратып, халықаралық қоғамдастыққа ұсыну болып табылады. Біз, міне, осы арқылы тәуелсіздіктің 23 жылында үлкен табыстарға қол жеткіздік. Демек, ДСҰ-ның сауда заңдылықтарына бейімделуіміз – өмір шарты. Бұл біздің еліміздің шыңдалуына, кәсіпкерлігіміздің бәсекеге қабілеттілігінің арта тү­суіне, тұтынушылардың арзан да сапалы тауарлармен қам­­тамасыз етілуіне мүмкіндік береді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».