Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин жұртты желпіндіріп жүретін дағдысымен, есепті баяндамасын көтеріңкі екпінмен бастады. Оған белгілікті негіздер де жоқ емес. «Көкшетау» мәдениет сарайының көрме залы мен фоэлерінде өңір өмірін бейнелейтін фотосуреттер, дерек қоры мол инфографиялық материалдар көз тартады.
Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашада жарияланған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған стратегиялық Жолдауы еліміз үшін өз дамуының бүгінгі кезеңіндегі тағдыршешті бағдарламасы болып табылады, деді есепті баяндамасында облыс әкімі С.Кулагин. Елбасы жариялаған Жаңа Экономикалық Саясат жергілікті атқарушы органдардың алдына биік мақсаттар қойып отыр. Таяу жылдары экономиканың өсімін қамтамасыз ету, халықтың жұмыспен қамтылуы мен еңбек белсенділігін ынталандыру үшін бірқатар маңызды міндеттерді шешуіміз қажет. Бұл бағытта алғабасушылық бар.
Өңір экономикасының ырғақты дамуы және 2014 жылдың қорытындылары Мемлекет басшысы алға қойған ауқымды тапсырмалардың табысты шешілуіне берік негіз қалайды. Өткен жылы көзделген шараларды іске асыру есебінен экономиканың нақты өсімі 105,5 пайызды құрап, тұңғыш рет 1 триллион теңгеден асты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,6, жалпы ауыл шаруашылығы өнімі 2,2, құрылыс жұмыстары 16,1 және тұрғын үйлерді пайдалануға беру 3,4 пайызға артты. Экономикаға инвестициялар тарту 122,3 пайызға (181 миллирад теңге) тең болды. Іс жүзінде барлық қызмет түрлерінде және әлеуметтік саясатта қол жеткен экономикалық серпіліс орташа айлық жалақының 7 пайызға жуық өсуіне жағдай туғызды. Жаңадан 11 мыңнан астам жұмыс орнының құрылуы мұндай санаттағылардың санын 6 пайызға азайтып отыр. Жергілікті бюджетке салық аударымдары 16,4 пайызға ұлғайды. Тұтыну бағаларының индексі 100,4 пайыз деңгейінде болды.
Облыста мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығы ойдағыдай жүзеге асырылды, деді одан әрі өңір басшысы. Атап айтқанда, индустрияландыру картасының шеңберінде 119,6 миллиард теңгенің 49 жобасы іске қосылды. Бұл бес мыңнан астам тұрақты жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді. Жобалардың 35-і өнеркәсіп өнімдерін шығаруға бағытталған. Соның ішінде, 19-ы жоғары қосымша құнмен өнім шығарады. Кәсіпорындардағы өндіріс қарқыны мен қуаттардың артуы, технологиялық үдерісті жаңғырту индустриялық сектордың тұрақты дамуына ықпал етті. 2014 жылы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 295,2 миллиард теңгеге жетті. Осының нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерінің индексі 105,6 пайызды құрады. Бұл – республикадағы екінші көрсеткіш. Мұндай табысқа түсті металлургия, құрылыс индустриясы, азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындары елеулі үлес қосты. Облыс әкімі «Алтынтау Көкшетау», «Қазақалтын», «Енки», «Арыстан», «Астана-Агропродукт», «Тыныс», «НовоПэк» және басқа кәсіпорындардың жетістігін бөлектеп көрсетті.
Биылғы жылы индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы шеңберінде 644,8 миллиард теңгенің 36 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл шамамен 27 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ал ағымдағы жылы 121 миллиард теңгенің 25 жобасын аяқтау жоспарланыпты. Яғни, тағы да 2 мың адам тұрақты нәпақа көзін табады деген сөз.
Бүгінгі күні облыстың 350 гектар аумағында 4 индустриялық аймақ құру мәселесі пысықталғаны белгілі болды. Нақтылай түссек, Көкшетау және Степногор қалалары негізгі индустриялық аймақтың, ал Шортанды мен Целиноград аудандары көлік-логистикалық кешеннің негізін қаламақ. Бұл Астана айналасындағы агломерациялық ерекшеліктерге негізделіп жасалған жоба.
Ақмола диқандары ауа райының қолайсыздықтарымен алысып жүріп құт қамбаға 4,5 миллион тонна астық құйды. Гектар түсімділігі 11 центнерден айналған. Әкім биыл егістік көлемі 4 миллион гектардан кемімейтінін, сондықтан, дайындық жұмыстары қатаң бақылауда ұсталатындығын ескертті. Сондай-ақ, елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті күшейту мақсатында мал шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлінетіндігі атап көрсетілді. Облыста еттік бағыттағы 23 репродуктор-шаруашылықтар құрылған. Жыл ішінде бұлар 3 600 асыл тұқымды ірі қараны аукцион арқылы саудаға шығаруын есепті кездесуге қатысушылар, қосымша табыс көзі ретінде бағалады. Бұған қосымша, жаңа өндіріс ошақтары ашылуы нәтижесінде ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу күрт өскендігі тілге тиек етілді.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, Астана қаласының маңайында азық-түлік белдеуін құру бойынша мақсатты жұмыстар атқарылуда. Баяндамашы бұл орайда, өткен жылдың өзінде 12 миллиард теңгенің 18 жобасы игілік төккенін айтты. Жалпы, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу есебінен Астана тұрғындарын сүтпен қамтамасыз ету – 40, ет 46 пайызға өссе, ұн және жұмыртқа бойынша 100 пайыз өтеліп отыр. Мұнда шағын және орта бизнес нысандарының үлесі де салмақты.
Есепті кезеңде тұрғын үй құрылысына 22 миллиард теңге инвестиция бағытталып, 268 мың шаршы метр тұрғын алаңы пайдалануға берілгені көңіл көншітеді. Осының арқасында 2 500 отбасы баспаналы болды. Биыл оның көлемі 285 мың шаршы метрге жетпек. Сондай-ақ, әлеуметтік жалдамалы үйлер құрылысы 4 есеге ұлғайтылып 15 мың шаршы метрді құрайтыны, тұрғын үй-коммуналдық кешенді қуаттандыру, «Ақ бұлақ» бағдарламасының жоспарлы жүргізілуі ел тіршілігін жақсарта түсетіні анық.
Облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының барлық жоспарланған іс-шаралары жүзеге асырылғанына қанықтық. Әйткенмен, елді мекендерде жұмыс күшінің жетіспеушілігі бар. Мәселен, 22 ауылдық округте мал дәрігерлері жоқ екен. Осыған байланысты облыс әкімінің шәкіртақысы тағайындалған. Былтыр «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында 439 жас маманға жолдама беріліпті.
Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік саланы дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Облыс білім беру сапасын арттыру мақсатында бюджеттен 47 миллиард теңге бөлген. Мұның қайтарымы ретінде 4 мектептің құрылысы аяқталып, мектеп жасына дейінгі 27 мекеме іске қосылғандығы айтылды. Биыл Целиноград ауданындағы Тайтөбе ауылының 300 орындық мектебін пайдалануға беру арқылы үш ауысымдық оқыту мәселесі толық шешілмек. Облыста апатты жағдайдағы білім ошағы жоқ.
Денсаулық сақтау саласын дамытуға 2014 жылы 24,6 миллиард теңге бөлу арқылы емханалар мен ауруханалардың материалдық-техникалық базасы нығайды және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға оңтайлы жағдай жасалды. Саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аудандарда жыл сайын 2 жүзу хауызы мен бір-бірден сауықтыру кешендері қатарға қосылуы жақсы көрсеткіш екендігі айқын. Сондай-ақ, жұмыспен қамту жол картасы аясында жыл сайын 212 миллион теңгенің 7 мәдениет ошағы жөнделуден өтуде.
Былтыр Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту жоспарының бірінші кезеңі аяқталып, 3,9 миллиард теңге қаржы игерілген. Бурабай кентінде кәріздік тазарту қондырғыларының, бу қазандығының, жылу жүйесі, жол жөндеу құрылыстары бойынша ірі жобалар жүзеге асырылды. Бұған қоса, өңірдің туристік тартымдылықтағы өзге аумақтары да қарқынды дамуда және бұл ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында айрықша маңызға ие болуда.
Облыс әкімі баяндамасының қорытынды бөлігінде алда тұрған міндеттерге жан-жақты тоқталып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға бағытталған жоспарлы іс-шараларды талқыға салды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.