21 Наурыз, 2015

Торғайда бейтаныс аң қайдан жүр?

839 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMG-20150305-WA0013-1Жангелдин ауданындағы  Қарағаш деген қонысты  қыстап отырған Дулат Тәжібаев таңертең малын өр­гізуге шыққанда  қораның артынан  бұл өңірге таныс емес, бұрын көрмеген аңның өлексесін тауып алады. – Оның басы аюға ұқсайды, тұмсығының ұшы қара, құйрығының ұзындығы 20 сантиметрдей, жалпы тұрқының ұзындығы бір метрдей екен. Жүні сабалақ, түбіті қалың, түсі жирен. Ал үлкендігі қарсақ, түлкі шамалас, – дейді Дулат. Оның айтуынша, аң қораның сыртында байлаулы тұрған атқа келген болуы керек. Шаруаның қора түгілі, ауыл маңына қасқыр  жолатпайтын иттері қой­сын ба,  «беймезгіл қонақты» бұрап тастапты. Дулат аңның өлексесін қораға төрт аяғынан асып, іліп қойған. Көкалаттан 8 шақырымда жатқан Қарағаш қыстауына арнайы келіп, беймәлім аңды көріп жатқандар аз емес. – Қарағандыда тұратын туыс ағамыз біз салған суретті көріп, бұл аңның росомаха (құну – ред.) екенін айтты. Ол Сібірді мекендейтін көрінеді, – дейді Дулат. – Бұл аң кез келген малдың желініне жабысып алып, жығатын көрінеді. Ауылдың айналасынан мал торыған болуы керек. Тұрқы борсыққа ұқсайтын секілді, бірақ борсық емес екенін сыртта мал бағатын кісілер анық айтып отыр, – дейді Көкалат ауылдық округінің әкімі Отар Біржікенов. Торғайға росомаха – құну пайда болғаны туралы ақпарат интернетте жайылып үлгерді.  Мамандардың сөзін тыңдасақ, ол Сібірдің орманды жерін жайлайды, жыртқыш, қомағай. Торғай өңіріне бұл аң қалай келгені де ауыл адамдарына жұмбақ. Жергілікті тұрғын­дар олжаны суретке түсіріп,  ауылдасы – біздің әріптесіміз Абылай Маудановқа салып жіберген. Біз бұл бейнені облыстық тарихи-өлкетану музейі табиғат бөлімінің ғылыми қызметкері Андрей Андрющенкоға көрсеткенбіз. – Суреттен байқағаным, бұл – росомаха – құну емес. Өйткені, мына аңның тұмсығы иттің тұмсығына ұқсас. Ол енот (жанат) тектес итке ұқсайды. Бірақ оған жүні ұқсаңқырамайды, ұзын екен. Мүмкін қасқырмен шатыс  шығар. Мен бұл мақұлықтың дәл не екенін  дөп баса алмай тұрмын. Бірақ құну емес, – деді Андрей Валентинович. Бұл пікірді белгілі биолог ғалым, Татьяна Брагина да қостады. – Суреттегі аң жанат тектес итке ұқсайды. 1934 жылы жерсіндіру мақсатымен Кеңес Одағының барлық республикаларына жанат тектес итті жіберген болатын. Ол КСРО-ның Еуропа бөлігіне, яғни Мурманскіден Қара теңіз және Каспий  теңізі жағалауына дейін, Қырғызстан мен Қазақстан, Кавказ жерлеріне, Новосібір мен Алтай өлкесіне  жайылды. Қазақстанға бұл аң 1936-1937 жылдары жіберілген болатын. Қазір бұл Торғайға  Батыс, Солтүстік Қазақстан облыстарынан немесе Челябі облысынан келуі мүмкін. Біз экспедицияға шыққанда  жанат тектес итті еліміздің солтүстік, орталық аймақтарынан, тіпті оңтүстігінде де көріп жүрміз. Көбейіп барады, – деді Татьяна Михайловна. Биолог ғалымның айтуынша, енот тектес ит түнде жортып, күндіз інінде жатады. Амур бойы мен Уссурий өлкесін, Қытай мен Корея жерлерін мекендейді. Осы мақала дайындалып жатқанда, Көкалат ауылдық округіне қарасты Көлқамыс ауылында тұратын Кәкімжан Кәрбозов ақсақал хабарласты. Торғайдың жеріне қанық, ғұмыры далада өтіп келе жатқан Кәкең Қарағашқа барып, жұртты шулатып жүрген аңның өлексесін өз көзімен көріп келіпті. – Бұл ешқандай құну да, жанат ит те емес, кәдімгі борсық. Борсық сол маңдағы інінен шығып, мал жаққа барған ғой. Аң терісінің түсі өзгере береді. Қыстай күн көрмей, інде жатқан соң қызыл қоңыр түске енуі мүмкін. Әдетте борсықтың терісі қара сұр болады. Тек құйрығы тым қызғылдау екен. Қасқырдың өзі жазда қызғыл тартады да, қыста ағарып, көкшулан түске енеді. Далада қара қасқырды да көргенбіз. Борсық оянғанда теңселіп, зорға жүреді, аш қой. Әдетте ол шөптің тамырын қазып жейді, қозының құйрығын сорады, етпен қоректенеді. Қар көбесі сөгілмеген кезде не тауып жейді? – дейді  Кәкімжан аға. Шаруа адам дала табиғатының тамыршысындай болып қалады.  Торғай даласымен сырмінез, әр тал шөбіне дейін танитын Кәкімжан ағаның айтуынша, ақпанның 13-нен бастап  наурыздың 5-іне дейін түгел табиғат оянады. Тіпті, шөптің, бұтаның сабағына нәр жүгіреді. Қысымен інінде жататын зорман, борсық секілді аңдар сыртқа шығады. Жыланға дейін оянады, бірақ қар кетпей  ол інінен шықпайды. – Биыл далада қардың қалыңдығы 30-40 сантиметрге дейін барды. Ақпанның ішінде мұндай  қалың қардан өтіп, ешқандай аң алыстан келе алмайды. Бұл – анық борсық, – дейді Кәкімжан аға. Биологтар  болжаған жанат ит, Кәкімжан аға айтқан борсық болса да аңның ауыл адамдарын таңғалдырғаны анық. Жанат тектес ит болса жергілікті тұрғындар осы уақытқа дейін неге білмейді? Ал борсық неге жирен тартып кетті? Табиғаттың тылсымы жетеді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Қарағаш қыстауы.