19 Ақпан, 2015

Өркенді іс жалғасын табады

344 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
аким Б.Измухамбетов отчет (февраль) 5Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов халық алдындағы есебін «Біріншіден, тамақтың тапшылығы мен баға өсіміне жол бермеу, екіншіден, Индустрияландыру картасының аясын кеңіте отырып, шағын және орта бизнестің белсенділігін сақтау, үшіншіден, құрылыс қарқынын түсірмеу үшін жедел жұмыс қолын көп қажет ететін салаға тұрғын үй бағасының қолжетімділігін сақталатындай етіп, мемлекет-жекеменшік серіктестігін енгізу қарастырылуда», деп бастады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өңір экономикасын өркендетуге оң әсер еткеніне бірнеше мысал келтірді. Әкімнің баяндауынша, аталған бағдарлама аясында экономикаға 76 млрд. теңгенің инвестициялық қаржысы салыныпты. Оның ішінде, шетелдік капиталдың үлесі 12,2 млрд. теңгені құрайды. Осы кезеңде 35 кәсіпорын іске қосылып, Атырауда бұрын өндірілмеген – 30, жалпы елімізде өндірілмеген 12 түрлі жаңа өнім шығарыла бастаған. Сөйтіп, 33 млрд. теңгенің өнімі өнді­ріліп, 2,5 мың жұмыс орны ашылыпты. Сонымен бірге, бұрын бұл өңір экономикасына құйылатын инвестицияның басым бөлігі мұнай-газ өнеркәсібіне ғана бағытталса, соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға ден қойылып отыр. Дәл осы салада былтыр 45,6 млрд. теңгенің өнімін өндіруге қол жеткізілді. Әртүрлі өнім өндіретін 6 кәсіпорын іске қосылды. Әсіресе, тұрғындарды жер­гілікті жерде өндірілген сапасы жоғары, бағасы қолжетімді ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етуге ба­сымдық берілді. Соның нәтижесінде, тұтынушыларды картоппен қамту 54 пайызға жетсе, көкөністің үлесі де едәуір артып, көршілес Ресейге де экспорттаудың мүмкіндігі туды. Сондай-ақ, Ресейге экспортталған тауарлардың қатарында 6,5 тоннаға жуық өнеркәсіп өнімдерімен бірге балық пен балық өнімдері, көкөніс пен ас тұзы да бар. Өңірдің жетістігі тек бір-екі саланы ғана қамтумен шектелмейді. Өркендеу, сапалы өнім өндіру барлық салаға тән. Сегіз елді мекенге таза ауызсу, Құрманғазы мен Мақат аудандарының бірнеше ауылына табиғи газ желісі тартылғалы отыр. Бұдан бөлек Құрманғазы ауданының орталығынан тым шалғайда орналасқан Азғыр өңіріндегі елді мекендерге табиғи газ желісін жүргізу басталмақ. Әкімнің пікірінше, бұл көп қаражат жұмсалатын ең қымбат жоба болғалы отыр. Шағын және орта бизнестің өркен жаюының көрінісіне шамамен әр алтыншы атыраулықтың осы салада еңбек ететіндігі дәлел бола алады. Алайда, әкім тек жетістіктерді ғана тізбелемей, кемшіліктерді де ашық айтты. Былтыр бизнес-инкубатордың инфрақұрылымын жақсартуды тапсырып едім. Орындалған жоқ. Қала, аудан әкімдері инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға көңіл бөлмей отыр. Мәселен, Исатай мен Қызылқоғада бірде-бір инвестициялық жоба жүзеге аспады. Шағын және орта бизнесті қолдауда Құрманғазы ауданы қалыс қалды, деді Бақтықожа Ізмұхамбетов. Оның айтуынша, құрылыс саласында да кемшіліктер бар. «Көп үйлер уақытында тапсырылмады. Құрманғазы, Индер, Қызылқоға аудандары екі айда салып тастайтын үш бөлмелі, бір қабатты үйлерді екі жылдан бері әлі тапсырған жоқ. 60 пәтерлі 9 үй де аудандарда былтыр берілуге тиіс еді. Инженерлік-коммуникациялық желі мен үй құрылысы жоспарында сәйкессіздік бар. Бұл жерде кейбір құрылыс компаниялары мен жобалаушылардың да жауапсыздығын ақтап ала алмаймыз», деп мәселені төтесінен қойды. Сонымен бірге, әуежай маңынан жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге 90 жер телімі берілгеніне де тоқталды. Жер телімі неге ұшақтар ұшып-қонатын аумаққа таяу маңнан берілген? Жер телімін алғандар арасынан 40 тұлға құрылыс жұмыстарын бастап жіберген. Енді бұлардың барлығына қаланың басқа ауданынан жер телімі, құрылыс жұмыстарын жүргізгендерге өтемақы берілуі қажет. Жергілікті билікті өтемақы төлеуге мәжбүрлеуге шалағай шешім үшін кім жауап береді? Атырауда теріс діни ағымдарға еретін жастардың әлі де кездесетіні байқалады. Осы орайда, әкімнің «Көп­шілігінің мамандығы жоқ, білімі мектеппен шектелген. Экстремизмді насихаттап жүрген бір баланың ісі сотта қаралып жатыр. Жасы он алтыда. Екі әйелі бар. Бірінші әйелі үшінші баласын босанайын деп отыр», деуінен ахуалдың әлі де оңала қоймағаны байқалады. «Сырт көз – сыншы» дегендей, шағым айтушылардың медицина саласына өкпесі қара қазандай. Қаланың бір тұрғыны түн ортасында облыс әкіміне телефон шалып, «Немерем бір сағат бойы жылап отыр» деп «жедел жәрдем» бригадасының тезірек келуіне ықпал етуін сұрапты. Айтқандай, әкім есебіне қатысқан тұрғынның бірі сырқаттанған адамға ауруханаға жатудың қиындығын алға тартты. «Қазір порталға тіркелу қажет деген талап қойылып отыр. Бұл өзімнің де басымнан өтті. Ауруханаға жатқызудың басқа жолы жоқ па?» деген жанайқайымен бөлісті. Әкімнің есебінде көкейдегі сау­а­лына жауап іздеушілер көбейді. Әрине, олардың бәрі жеке мүддеге қатысты сауалды емес, елдің, ұлттың келешегіне байланысты мәселелерді көтерді. Мәселен, жастық шағын екінші дүниежүзілік соғыс ұрлаған қарт майдангер Орынғали Қарасаев «Атырауда күй орталығы салынса, онда еліміздегі барша күйшілердің шығармалары қойылып, дербес ғимаратсыз жүрген Д.Нұрпейісова атындағы академиялық аспаптар оркестрі орналасқаны дұрыс болар еді», дейді. Ал жазушы Рахымжан Отарбаев «Салтанат сарайы алдына Дина мен Хиуаздың, Мәншүк пен Әлияның, Фаризаның бейнелер жиынтығы сомдалған ескерткіш пен «Менің Қазақстаным» әнінің Әнұран болғанына 10 жыл толуына орай оның авторларына арналған ескерткіш кешенінің, батыс аймақтың территориялық аумағының сақталуы үшін Ленинге екі рет кіріп, келісімін алған алашордашы Әлімхан Ермековтің бейнесінің бой көтергені, жалпы, Атырауға жаңарған ескерткіштер қажет» деген ойын ортаға салды. «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы Атырау филиалының төрағасы Әбілхан Төлеуішов ономастика саласындағы түйткілді мәселені көтерді. Оның айтуынша, елді мекендердегі көшелерге «атасы» мен «көкесінің» есімін тықпалаушылар көбейіп барады. Ал мал өсірумен айналысатын Зелимхан Зубариев «Жергілікті базарларға мал сату қиындады. Өйткені, ет сатушылардың көбі көршілес ел малының етін саудалағанды жөн көреді», дейді. Бұл мәселе, әрине, азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан көтеріліп отырғаны даусыз. Жас дәрігер Айбек Орынбасарұлының Атыраудағы облыстық балалар ауруханасында жұмысқа орналасқанына үш жыл болыпты. Бас дәрігердің орынбасарлығына көтерілген оның жарының да мамандығы –дәрігер. Үш жылдан ерлі-зайыпты дәрігерлер пәтер жалдап келеді. Тұрғын үймен қашан қамтылары белгісіз. Осыған орай облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов бұл мәселенің оң шешімін табарына уәде берді. Рас, әкім өзіне қойылған сауалдар­дың бәріне жауап берді. Бірақ ұсыныстар­дың бәрін бірдей қолдаған жоқ. Деген­мен, өңірге мұрағат ғимараты мен спорт кешендері салынуы, кардиология­лық орталықтың жаңғыртылу қажеттігіне қолдау білдірді. Кейбір ұсыныстар­дың ескерілетініне тоқталып, телефон желі­сі арқылы қойылған 19 сұраққа жазба­ша жауап беруді ұйғарды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы. Суретті түсірген  Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.