Аталарымыз бен бабаларымыздың ғасырлар бойына армандаған дербес тәуелсіздігінің шындыққа айналып, тұғырлы ел тұлғасының биіктей түскеніне де биыл жиырма жылдың жүзі толғалы отыр. Ұшқыр уақыт көзімен қарағанда, бұл онша ұзақ мерзім емес. Ал Қазақ атты ұлтанды ел Ақордасының, былайша айтқанда астанасының Сарыарқа төсіне көшірілуі бүгінде бүкіл әлем таныған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алыстан болжайтын кемеңгерлік саясатының айқын бір көрінісі екендігі даусыз. Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатында сақталған құжаттарға көз салғанда, ХХІ ғасырдың төлтумасы саналатын Ақмоланың елорда аталуы халықаралық стандарттардың 32 параметріне толық сай келеді екен. Мұнда әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, жердің сейсмикалық жағдайы, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылым, құрылыс кешені, еңбек ресурстары, бәрі-бәрісі жан-жақты есепке алынған.
Елорда ретіндегі халықаралық тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында атап өтілген Астанада сол жылдары 300 мыңға жуық халық тұрғандығын мұрағат құжаттары айқын баяндайды. 2005 жылы Астанада тұрғындар санын 400 мыңға жеткізу көзделінсе, 2006 жылы бұл көрсеткіш 600 мың адамды құрады.
Қаланың жаңа кескін-келбетке ие болуына өз кезегінде Қазақстанның егемендігін ерте таныған, мұнда инвестицияларын салуға құлшыныспен кіріскен шет елдік мемлекеттердің де көмегі аз тиген жоқ. Мәселен, Есілдің сол жағалауынан бой көтерген Ұлттық республикалық кітапхана “Аджип”, “Қарашығанақ Петролиум” фирмаларының инвестицияларына салынды. Бұл 11 миллиард доллардан астам қаржыны құрады. Ал Катар мемлекетінің гранты есебінен “Нұр-Астана” мешіті тұрғызылды. Құны 33 миллион долларға жуықтайтын “Астана-Тауэр” бизнес орталығының құрылысына Түрік елі көмек қолын созды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Астананың айбынын асқақтата түсер кескін-келбетіне Елбасы алғашқы күннен жете маңыз берді. Қаланың осы заманғы сәулеткерлік үлгісінің дұрыс айқындалуын толыққанды шешу мақсатында ұйымдастырылған конкурс оң нәтижесін тигізді. Көп сарабына ұсынған жобалардың арасында жапондық сәулеткер Кисе Куракаваның мерейі үстем болды. Оның құнды ұсыныстары негізінде елорданы 2030 жылға дейін дамытудың Бас жоспары жасалынды. Мәселен, сол жағалаудағы орталықтардың мерейін үстем етіп тұрған “Астана-Бәйтерек” кешенінің биіктігі ғана 97 метрді құрайды. Қайталанбас осынау зәулім мұнара бүгінде республика аймақтарынан шет елдерден ат ізін салатын адамдардың ортақ көз қуанышына айналып отыр.
Қаланың көркіне көрік қосар Ақордамен қатар тұрғызылған Парламенттің Сенат пен Мәжіліс, Үкімет үйлері әрбір адамның көңіліне ерекше мақтаныш сезімін ұялатары хақ.
Есіл өзені үстінен тұрғызылған аспалы көпірлер көлік қозғалысын реттеудің сыртында, өскелең өркениет қағидаларына толық сай келуімен де ерекшеленеді. Мұндай көпірлердің өзі қазіргі таңда қалада үштен астам.
Астананы түрлі деңгейдегі тынбай соғар желдер мен борандардан Президент тапсырысымен қолға алынған “жасыл белдеу” аймағы да қорғап келеді. Жыл соңына қарай оның аумағы 50 мың гектарға жеткізілетін болады. Көп игілігіне тапсырылған субұрқақтар мен гүлзарлар егде жастағылар тұрсын, бүлдіршіндердің де сүйікті орындарының бірінен саналады.
1999 жылдың шілдесінде ЮНЕСКО-ның шешімімен Астанаға Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша “Бейбітшілік қаласы” халықаралық жоғары наградасы берілді. Бұл тәуелсіз Қазақстанға көрсетілген халықаралық деңгейдегі үлкен құрмет пен сенім, сондай-ақ оны ашық мойындау болып табылады.
Өткен мерзімде тәуелсіз Қазақстанның білімі мен мәдениетінің, сондай-ақ сан қырлы өнерінің төл орталығына айналған Астанада қазірдің өзінде жалпыға бірдей орта білім беретін 50-ден астам мектеп жұмыс істейді. Жас ұрпаққа білім дағдыларын меңгертіп, тіл ұстартуда осыдан үш жыл бұрын ашылған қазақ-түрік лицейінің қосып отырған үлесі де елеулі. Ал тікелей Елбасының қолдау көрсетуімен 1996 жылы мамырда ашылған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бұл күндері 9 мыңға тарта студенттер мен магистранттар оқиды.
Соңғы үш-төрт жылдың бедерінде бой көтерген Бейбітшілік пен келісім сарайы, “Думан” ойын-сауық кешені, Ислам мәдениет орталығы және басқалар – бейтаныстарға ұялмай көрсететін, мақтана ауызға алатын қаладағы бірегей үлгідегі сәнді мекендердің бастылары. Уақытпен бірге аяқ басып, небір сындарлы басқосулардың алтын ұясына айналған мұндай айтулы орындар қалада ондап емес, жүздеп саналады.
Тәуелсіздік жылдарында, дәлірек айтқанда 2004 жылдың 28 тамызында ашылған Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайы да келушілерге ел тарихының жарқын беттерінен кеңінен хабар береді. Осындағы “Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері”, “Атамекен”, “Президенттік институттың қазақстандық үлгісі”, “Қазақстан және әлемдік қауымдастық” және басқа экспозициялардың жас ұрпақ үшін тәрбиелік те, тағылымдық та мәні ерекше. Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатында тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентіне қатысты құжаттар молынан жинақталған. Құнды жәдігерлерден қала күні қарсаңында арнаулы көрме жабдықталып, ол қалың көпшіліктің назарына ұсынылды.
Елордадағы зор қарқынмен дамып келе жатқан жаңару үлгісіне соңғы бірер жылда бой көтерген 30 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионы, 3500 орындық концерт залы, “Шабыт” шығармашылық үйі, “Хан шатыр” бірегей нышаны секілді мәдени ошақтар жатады. Бірлігі мен тірлігі жарасқан, 100-ден астам ұлттар мен ұлыстардың басын қосып отырған Астана қаласы кемел істердің алтын тұғыры іспеттес. Онда Еуропаның сұлулығы мен Шығыстың талғампаздығы өзінің тығыз үйлесімін тапқан.
Осыдан екі жыл бұрын, жаңа Астананың онжылдық мерейтойы аясында қала елтаңбасының жаңартылғандығынан да көпшілік жұрт хабардар. Атап өтер жәйттің бірі сол – оның авторы әрі жобасын негіздеуші Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі. Қала елтаңбасынан Бәйтерек пен шаңырақтың берік үйлесім табуы ертеңіне биік мақсатпен ұмтылған ел өмірінің мәңгілікке ұласатындығын айқын аңғартады. Жаңғыру мен жаңару үрдісіндегі Астана болашағының нұрлы да мәнді болатындығына бүгінгі қол жеткен табыстар мен алда тұрған асқаралы міндеттер сенім отын жағады. Ол сенімді өлең жолдарымен өрнектеп көрсек былай ғой деп ойлаймын:
Ертеңі Астананың таңғажайып,
Қанатын бара жатыр алға жайып.
Тұғырын тәуелсіздік баянды еткен,
Басында нұрлы көштің Назарбаев.
Әр берген құт дарыған Есіліме,
Риза туған халқың шешіміңе.
Сан ұлт басын қосқан елордамыз,
“Жерұйық” аталады осы күнде.
Ақталып жұрт таныған ардақтарым,
Тарихтың жарқын бетін парақтадым.
Елдіктің тізгінінен мықтап ұстап,
Өткеннің ұмытпаймыз сабақтарын.
Зиялы, ойлары оқшау қауым барда,
Қарамай қарсы соққан дауылдарға.
Мұраты, мақсаты ортақ қазақ даңқын,
Жеткіздік алыс жатқан бауырларға.
Қолға ұстап достастықтың ақ табағын,
Астана күніменен мақтанамын.
...Ақ ордам биіктесін өр мәртебең,
Елімнің кем болмасын бақ-таланы.
Көшкінбай КЕНЕБАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
жоғары санатты мұрағатшы.
АСТАНА.