Жақында Джордж Вашингтон атындағы университетте Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің қолдауымен және Қазақ ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Дешті-Қыпшақ: құпия белгілер» атты екі бөлімді деректі фильмнің тұсаукесері өтті.
Фильмнің бірінші бөлімі түркі тілдерінің басым бөлігінің негізін қалаған қыпшақ тілінің даму тарихына арналады. Осыдан 700 жыл бұрын Алтай мен Дунай өңірлерін мекен еткен халықтар, тіпті сұлтан Бейбарыс басшылық еткен Мысыр елінің халқы да қыпшақ тілінде сөйлейтін. Фильмнің екінші бөлімі «Codex Cumanicus» атты өте сирек кездесетін туындыға арналады (шығарма атауы қазақ тілінде «Қыпшақтар кітабы» деген мағынаны білдіреді). Оны қайта өрлеу дәуірінің көрнекті ақыны Франческо Петрарка венециандық кітапханаға 1362 жылы сыйға тартып, қазіргі күні туынды Венециядағы Марчиана кітапханасында сақталуда. «Кодекс Куманикус» – XIV ғасырдың басындағы кұман (ескі қыпшақ) тілінің белгілі дереккөзі. Оның тіл мамандары және тарихшылар үшін құндылығы зор. Іс-шара әлеуметтік, мәдени және академиялық топтардың 100-ден астам өкілдерінің басын қосып, америкалық аудитория тарапынан зор қызығушылық тудырды. Смитсон институтының Азия мәдениеті және тарихы бағдарламасының директоры Пол Тейлор: «Мен осы жобаның дамуын мұқият бақылап жүрмін. Оның нәтижелері маған зор әсерін тигізді. Қазақстандық достарымды Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтаймын. Тарихи қолжазбаларды зерттеуге құмарым бар, бұл іс Смитсон мұражайларындағы қызметіме жақын», – деп ағынан жарылды. Дж. Вашингтон университетінің профессоры Марлен Лаурель: «Фильмнің сапасы мен онда баяндалған Қазақстанның тарихы мені таңғалдырды. Зор тарихи деректерді жинақтаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда екенін атап өткім келеді», – деді. Ал америкалық продюсер, GPC компаниясының өкілі Реймонд Чавез: «Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған деректі фильмдер тек қазақ халқы үшін ғана емес, дүниежүзі деңгейінде зор маңызға ие. Бүгінгі күннің өзінде Қазақстанның Еуропа мен Азия арасының жақындасуында, Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруында рөлі ерекше», – деп атап өтті. Тұсаукесерде сценарийдің авторы және жоба режиссері, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков, ал продюсер ретінде Қазақ ғылыми-зерттеу институтының директоры Андрей Хазбулатов та болды. Фильм көрсетілімінің алдында А. Хазбулатов сөз сөйлеп, оның шығарылу тарихы мен жалпы жобаның мақсаты туралы баяндап берді. Жоба шеңберінде Қазақ мемлекеттілігінің ежелгі ғасырлардан қазіргі заманға дейінгі даму тарихын баяндайтын он кинолентаның көрсетілімі жоспарланған. Жоба тұжырымдамасы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабына негізделген. Тұсаукесері Вашингтонда өткен «Дешті-Қыпшақ: құпия белгілер» атты жобаның алғашқы фильмінің келесі көрсетілімі Нью-Йорк қаласында 10 тамызға жоспарланған.
«Егемен-ақпарат».