Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ядролық қаруға қарсы Халықаралық Невада-Семей қозғалысының 25 жылдығына арналған «Вспоминая, думай о будущем» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Шараны ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ашты. Ол қазақ елінің ықылым заманнан-ақ небір нәубет, зұлматты бастан өткергендігін, Семей полигонынан зардап шеккен жанкештілердің тек құрметке ғана лайық екендігін айта отырып, Халықаралық Невада-Семей қозғалысының ЮНЕСКО-ның шешімімен «Әлем естеліктері» атты Әлемдік реестрге енгенін мақтанышпен тілге тиек етті. Ядролық сынақ бейбіт күнде сан мың адамды жалмады. Радиацияның кесірінен жарты миллионнан астам адам зардап шекті. Мыңдаған адамды денсаулығынан айырып, өміріне қауіп төнді. Бүгінде ядролық тозақ отынан тірі қалып, арамызда жүрген бауырларға қарасу, әлеуметтік көмек көрсету, оларды дәріптеу, өскелең ұрпаққа ұлықтау – біздің азаматтық парызымыз. «Вспоминая, думай о будущем» атты кітаптың авторлары – осы Семей полигонынан зардап шеккен жандар, жылдар бойы дамылсыз ажал сепкен аждаһаның аузына мәңгілік құм құйғандар. Олар қашанда құрметке лайық, мақтауға емес, мақтануға тұрарлық десек артық айтқандық емес.
Сондай-ақ, жиын барысында осы кештің өтуіне ұйытқы болған «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі, белгілі публицист, дипломат, қоғам қайраткері Олжас Омарұлы: «Бүгін еліміздің ең беделді жоғары оқу орнында республика бойынша алғаш рет лингвистикалық ғылыми-зерттеу орталығы ашылып отыр. Біз бас қосып отырған «Вспоминая, думай о будущем» атты кітапты жазуға атсалысқандар – «Невада-Семей» қозғалысын көргендер, тікелей қатысушылары», – деп атап өтті.
Кеш барысында жазушы, әдебиеттанушы, Қазақстанның қоғамдық-саяси қайраткері Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы да назардан тыс қалмады. Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 3-курс студенті Сәкен Есенгелдиев ақынның «Адамға табын, жер, енді» өлеңін жатқа оқыса, журналистика факультетінің 3-курс студенті Арман Құдайберген өз шығармашылығынан «Арнау» өлеңін жолдады.
Жұлдыз ӘБІЛ.
Алматы.