Жақында Тұңғыш Президент музейінде «Әзірет сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының мұрындық болуымен «Мыңжылдықтар сәулесі» атты шырағдандар көрмесі ашылды.
Шырақ немесе пілте шамдар біздің ата-бабамыз үшін негізгі жарық көзі саналады, қазақ өзінің мейірімі түскен адамына сәулем, жанарым, шырағым, жарығым деуі –
осының дәлелі. Мұны күндіз-
түні жарығы сөнбейтін қазіргінің қала баласы қайдан білсін, мұражайдан көрмесе. Бүгінгі тілмен айтқанда, техникалық қауіпсіздік сақталмаса, шырақтан тілсіз жаудың лап етуі әп-сәтте екенін білген ертедегі адамдар, шырақты орнататын шырағдандар жасаған. Көрмені тамашалауға келгендердің көз жауын алған осы шырағдандардың жасалу тәсілі, аман-саулықты тілейтін сыртындағы жазбалары мен қоладан құйылған қолайлылығы болды. XIV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі үшін шебер Изз ад-дин ибн Тадж ад-дин Исфахани жасаған шырағдандар көрме сәнін келтірді.
Түркі өркениетінің ежелгі ошақтарының бірегейі Түркістан жазирасынан жеткен түпнұсқасындағы шырағдандар топтамасының алды б.з.д ІІ мың жылдықты қамтыса, соңғысы ХІХ ғасырға жатады. Мақсат – дала өркениетінде ежелгі дәуірден басталатын бай мұраны көпшілікке көрсету.
Шырағдандар коллекциясы «Ұлттық игілік» музейаралық серіктестік жобасы аясында қойылды. Жиынға қатысқан «Әзірет сұлтан» қорық мұражайының директоры Мәулен Жарылқасынұлының: «Кез келген көрме мұражай үшін мәртебе әрі үлкен жүк. Отандық музей ісі серпілісті қажет етеді. Музейге өз бетімізше келіп, тарихи танымымызды кеңейту тұрғысынан алғанда, біз көршілес Ресеймен салыстырғанда біршама артта қалып қойған сияқтымыз», деуі мемлекет тарапынан музей ісіне барынша көңіл бөлініп отырғанына қарамастан музейтану, ескерткіштер, жәдігерлер арқылы елтану мәселесіне келгенде қарапайым жұрттың көп нәрсеге мән бермейтінін аңғартады.
Көрмеге қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов археология мен тарих саласына бей-жай қарамайтындар қатарында десек, халық қалаулысы мұндай көрмелерді ұйымдастырғанда өскелең ұрпаққа ата-бабасының ғылым мен мәдениеттен, ұлы өркениеттен сауаты жоғары болғанын, тұрмысы нашар болғанмен, кедей-кепшіктің өзінің шаңырағы жарықсыз отырмағанын түсіндіру қажет деп санайды.
Астана музейінде шырағдандар көрмесі көпшілік назарына бір ай бойы ұсынылады, содан соң өзге облыстарға аттанатынын айтқан «Әзірет сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының қызметкерлері бабадан қалған асыл мұраны елордалықтар көріп қалса деген ниетте.
Құндыз ЕРАЛЫ.