Елдің бас газетінде еңбек жолын бастап, күні бүгінге дейін үздіксіз қалам тербеп келе жатқанына жарты ғасырдан асқан ардагер журналист Мамадияр Жақып болмысының айшықты бедерлері хақында сыр-толғаныс
Француздың атақты жаратылыстанушы ғалымы Жорж Бюффонның «Стиль – адамның өзі» деген қанатты сөзі біздің Мамадияр ағамызға қаратып айтылғандай болады да тұрады. Ағаның алдында өзінен бұрын мінезі, болмысы, ерекшелігі жүреді. Қандай да бір адалдық, ақкөйлектік, кеңпейілділік немесе айнымас ұстаным әлде ұстамдылық көрсек, соны дереу «Мәкең сияқты екен» деп осы кісіге тән қасиеттерге ұқсатып жататынымыз бар. Өз пайымдауымызша, мінез байлығы жаңағы айтқан стиль – адамның, нақ осы арада мамадияр-мәнердің, кісілік келбетінің кілтіндей дерлік, басты көрсеткішін айқындаса керек. Өз кезегінде бұл жайт мінез тұрақтылығын, белгілі бір өмірлік негізгі ұстанымдардан қырық жыл қырғында да таймайтын табан бүрін танытары анық. Қалай десек те, бұрынғы «СҚ» («Социалистік Қазақстан») мен қазіргі «Егеменде» («Егемен Қазақстан») елу жыл еңбекторылығымен еректеніп, қарашаңырақтың қалтқысыз қадірменіне айналған мұқым қазақ баспасөзінің ардагері Мамадияр Ділдәбекұлы Жақыптан алар үлгі мен ғибрат кім-кімге болсын аз емес. Әсіресе, ұлттық журналистиканың желкілдеген жас өркеніне.
Осы жақында ғана, қасиетті қос жетіні толтырып, 77-ге келер қарсаңда Мәкең өзінің балалық шағы туралы тамаша өмірбаяндық эссе жазып бітіріпті. Компьютерге басылған қолжазбасынан қызыға оқып шықтым. Деректі дегеніміз болмаса, тұп-тура көркем хикаят. Ағаның балалық шағына армансыз саяхаттадым. Соғыс кезіндегі жадау ауылдың жабырқау жай-күйі. Ақылман ата Жақып, кеңқолтық әке Ділдәбек, әкесінің інісі, ес білгенде өзін бала қылып алған Зұлпыхар көкесі, тәртібі қатты аяулы ана Тәжікүл, жанынан ақшуақ төгіп жүрер бойжеткен әпкесі Айнықша, тай-құлындай тебісіп өскен, бір-бірін ешбір жауға бермес тетелес аға Смадияр, басқа ұлттың баласы болса да қиын кезде бауырға салып, туған бауыр боп кеткен ағасы Қайырбек... Көршілер... Ағайындар...
Негізгі ауылды алысқа, канал қазуға көшіріп әкеткен. Сөйтіп, Байырқұмның үш-ақ үйі қалған. Тірлік аса жұпыны. Бірақ жұбаныш етер жайлар да жетерлік. Ашқұрсақ та болса адами қуаныш аз емес. Соғыс кезінде өткен балалық шақ. Мұнда мұң араласа шиеленіскен драма да бар, мұратқа жеткізген бақытты түйін де бар. Күнделікті өмір, қымбатқа түскен тұрмыс талқаны тәрбиеші болғандай. Шебер қалам соларды шынайы суреттеп шыққан. Туған жерге, Сырдария мен Арысқа деген тұнық сағынышпен баяндаған. Тек әсірелеуден аулақ, бояуын жылтыратып әспеттеуден сақ. Кәдімгі көзімізге таныс, жанымызға жақын, жазудың мамадияр-мәнері.
Тек жазуда ғана ма екен? Өмірде де көз жаздырмас бір темірқазық. Өмірбаяндық эссені оқыған адам қауымға мәшһүр қалам иесі Мамадияр Жақып болмысының балалық шақтан, туған үйдің тұмасынан бастау алғанын байыптар еді. Жақып ата әулетінен адамды адам қылар көп ғажаптар табылып жата-тын. Барға – қанағат, жоққа – салауат. Қиындыққа қарсы тұрар қайрат, жақсылықтан күдер үзбес сабыр, жатты сыйлау, жақынға мейірім төгу ұшқан ұядан дарыды. Бұл әулет әлсіздерді паналатты, балаларын адалдық пен әділдіктен қия баспауға, ешкімнің ала жібін аттамауға, бірақ басқаның қиянат-зәбіріне төзбеуге баулыды. Жасөспірім Мамадияр бастаған ауыл балалары тентек пен теліні тыйып, содырды жуасытып, өздері Тимур және оның командасына еліктеп, көмекке мұқтаж шал-кемпір іздеп жүретін де жастық дәурен болған.
Осындай тектілік тәлімін алған талапты жас Қазақ университетін бітірер шақта-ақ республикадағы аға газетке көңілі құлап, кіндігімен байланғандай болды да, айнымастығына басып, бар ыждағат-ынтасын осы басылымға салған-ды. Қарап отырсақ, қазір «Егемен» 95 жылдық тарих көшін артқа тастады. Ал Мәкең болса 1959 жылы «СҚ»-ның 40 жылдығын атап өткен салтанатты жиналысқа қатысқан екен. Қасында курстас әрі кейінгі жан аяспас аяулы досы Зейнолла Серікқалиев бар. Екеуі өндірістік тағылымдамадан өтіп, ұжымға жақынырақ жүріпті, тіпті, өздерін оның мүшесіндей, үлкен шаңырақтың баласындай сезініпті. Олай болатын тағы бір себебі, қолынан жазу келіп тұрған қабілетті студенттерге ұжымның үлкендері, әсіресе, газет басшысы Қасым Шәріпов аса бір қамқоршыл мейірмен, оң қабақпен қарайды. 1960 жылдың 8 тамызындағы №102 бұйрықпен жұмысқа да қабылданады. Ағалардың қамқор көңілдері, аялы алақаны сол «СҚ»-ға сүйіспеншілікті бастап береді. Бірақ, өзі айтқандай, ойда-қырда күтпеген жағдай болады. Университет түлегінің жолдама алған жерге бармағанын біліп қалған Орталық комитет оны дереу шақырып алып, тез арада Семейге баруға пәрмен береді. Мұндай мықтының дүміне қарсы тұрар қайран қайдан болсын, сөйтіп, лажсыздан Семейге аттанып кете барыпты. Не дейміз, обалы Мәкеңді айдың-күннің аманында Орталық комитетке «ұстап» берген сол кездегі партия қызметкері, өзінің жақсы танысы Петр Петрович Хрущевқа!
Дегенде, өмірінің Семей кезеңіне Мәкеңнің өкпелейтін реті жоқтай көрінеді. Осы қасиетті өңірде, Абай мен Шәкәрім елінде аттай 10 жыл еңбек етті. Алғашқы бес жылда облыстық газетте, қалалық комсомол комитетінде жас жалынмен қызмет атқарып, ысылды. Ел мен жерге бауыр басты, көп дос-жолдастар тапты, солардың біразымен әлі күнге дейін аралас-құраластығы үзілмеген. Сонымен бірге, ең бастысы дейікші, ағамыз өмірлік жар-қосағы Нұрсұлу тәтемізді де осы Семейден кезіктіріп, дәм-тұзын жарастырды. Бүгінде олар үлкен ордалы әулеттің ардақты атасы мен әжесі. Ендеше, әуелі «Ахау, Семей» деп әндетсе, біздің Мәкең әндетсін. Ішіндегі тағы бір басты арман-аңсары «СҚ»-ға жұмысқа тұру болса, ол тілекке де осы Семейде жүргенде көп ұзамай қол жетіп еді. Облыстағы меншікті тілші басқа жаққа ауысқанда редакция басшылығы байланысын үзбеген Мәкеңді тауыпты. Сөйтіп, сол кезде ең жасы болса, қазір арамыздағы ең жасы үлкеніміз, ең ардақтымыз. Алматы бөлімшесіндегі айбарымыз, ақылшымыз.
Сол кездерде қолынан келетін «мықты» меншікті тілшілер жалғанды жалпағынан басты деседі. Сыйға береді, сыйлап береді, ақыр болмаса, сұрап алады. Ал арға кіршік жұқтырмау үшін алмау керек. Біздің Мамадияр ағамыз алмайтындардың қатарынан болып шықты. Алпысыншы жылдардың аяғына таман, бірде іссапармен «Таңсық» кеңшарына келеді. Директоры Ғалым Баймурзин деген жайсаң азамат. «Бізден де кәде болсын» дегендей емеурін қылады. Әрине, Мәкең бірден-ақ: «Жоқ» – деп шорт кеседі. Әңгіме осымен біткендей еді. Бірақ қайтар жолда Аягөзден асып, Абай ауданына кіре бір көлден құс атпаққа аялдағанда жүксалғыштан бағана алмай кеткен қойдың маңыраған дауысын естіп аң-таң қалады. Дереу шопыры Саша Паталаховтан маңыраған дауыстың мәнісін түсіндіруді талап етеді. Сөйтсе, Мәкеңнің «керегі жоқ» дегенін сыпайылық сақтаған ғой деп ойлаған директор білдірмей, шопырын оңашалап қана бір қойды бүктеп салғызып берген екен. Өзін бұлайша сыртынан билеп-төстеуге албырт кеуде ашуға булығып келісер емес. Не істеу керек? «Таңсықтан» 180 шақырым шығып кеткен. Барып-қайтуы 360 шақырым. Кінәнің бір ұшы қойды өзіне айтпай салып алған Сашада жатыр. Не керек, сол Саша Паталахов әлі де көрер жарығы бар сол қойды кеңшарға апарып өткізіп, өткізгенін растаған тілдей хат алып қайтып келгенше Мәкең көл басындағы құс базарын тамашалап алты сағат бойы жалықпай күтіп отырыпты. «Вот такой честный человек!» деп одан соң Александр да жұртқа жайып жібереді. Мәкеңді қатты сыйлап, Мәскеуде оқып жүргенде каникулға келген сайын міндетті болмаса да, өзі қарсы алып жүріпті.
«Егемен Қазақстанның» Семей өңіріндегі соңғы жиырма жыл әлетіндегі меншікті тілшісі болған белгілі ардагер журналист Дәулет Сейсенұлының әзілге сайып айтқан бір сөзі де есте: «Біз алғымыз келеді, бірақ Мәкеңнің «отказынан» кейін барлық жерде «Егемен» алмайды деген пікір қалыптасып қалған. Сол үшін алмай таза жүреміз»... Иә, әзіл де болса, бұл әдемі сөздің астарында ақиқат жатыр. Еліміздің бас газеті жайлы осындай оңды пікір қалыптастырған меншікті тілші Мамадияр Жақыптың ақиқаты...
Мәкеңнің біраз хоббиларының ішінде спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлігі өзінше бір жосын. Соның арқасында Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Карпенкомен жақсы сыйластық орнады. Михаил Пантелеевич те жанып тұрған жанкүйер. Жоғары лауазымына қарамай Мәкеңе: «Есеп қанша болды?» деп таңсәріден телефон соғады. Өйткені, тілші хоккейді көріп түнімен отыра алады. Ал обком біріншісінің ондай мүмкіндігі жоқ. Бірақ ертең ертемен есепті білмесе бірдеңесін жоғалтқандай елеңдеп беймаза күй кешеді. «Бірінші» сұрай қалса айта қоймаққа қам жасап, есепті таң қараңғысынан біліп алуға насихат бөлімінің бастығы Вера Ниловна Рындина ханым да құштар. Мәкең де мұндайда дарқан. Әсіресе, хоккейден білмейтіні жоқ, алға жайып қойған анықтамалық дерсіз. Қай ойыншы қай жылы туды? Салмағы, бойының ұзындығы қандай? Бұған дейін қанша гол соқты? Бәрін басында сақтайды. Карпенко «СҚ»-ның тілшісімен шүйіркелесе сөйлесуге бейілді. «Вот ты какой!..» деп Мәкеңнің білгірлігіне тәнтілікпен таңданар еді. «Ты молодец, Жакыпов!» деп разылығын да паш ете жүреді. Облыс басшысының қарапайым жас журналиске деген осындай құрметі, әрине, былайғы жұрттың назарынан тыс қалмайды. Бұл шын мәнінде оның заманға сай жаңашыл болмысына, өз уақытымен үндескен үлгілі мәнеріне арналған құрмет болатын. Мұның сыртындағы мұнтаздай жинақы мәдениеттілігі бір бөлек. Оның үстіне қайсыбір қасқалардай араққа үйір емес. Бірақ ғайбатшыл пәлеқорларға дауа жоқ қой. Солар «Жақыпов ішкіш» деп обкомға домалақ арыз түсіріпті. Ал хоккей-футболдың Семейдегі нөмір бірінші жанкүйері Жақыповтың саламатты өмір сипаты Карпенконың өзіне аян. Бірқыдыру уақыт өте обком біріншісі мен «СҚ»-ның семейлік тілшісі Шұбартауда кездесіп қалады, қонақасыда дастарқандас болады. Мәкең ішпейді. Сонда Карпенко: «Если ты не будешь пить, Жакыпов, я заставлю твоих кляузников еще раз написать жалобу на тебя!» деп әзілдей отырып, аққа қара жұқпайтынын меңзепті.
Мәкеңнің жүріс-тұрысында ғана емес, жалпы, жан дүниесінде осындай бір аққа қара жұқтырмайтын таудай тазалық әуелден барын аңғаратын сияқтымыз. Желтоқсан оқиғасы кезінде өзі редакторлық еткен «Жетісу» газетінде жарияланған сурет үшін жазықсыз жапа шегіп, қиянат көрген күндерде де осы бір жан тазалығына кіршік түсірмегенін, өз әділдігі үшін іштей де болса мойымай күресіп баққанын байқаймыз. Сол оқиғалар туралы көлемді естелігінде Мәкең Желтоқсан қарсаңында жалпы қоғамда әлдебір сенімсіздік, үрей ахуалы қалыптасқанын жазады. Осы арада болмашы нәрсе көрінгенмен, астарында үлкен доқ жатқан бір жайды айта кетейік. Әріптес журналист Талғат Сүйінбай куәлік еткен бір мысал. Мамадияр Жақып әйгілі Желтоқсаннан бір жылдай бұрын «СҚ»-дағы жауапты хатшылықтан «Жетісу» газетіне редактор болып келеді. Бірақ келесі күндерде-ақ бір оқыс жағдайдан көңіліне кірбің алады. Жігіттерді бір жаққа жұмсаса, олар редакция жүргізушісіне бір жапырақ хат жазып беруін өтінеді. Олай болмаса, жай айтқанға сенбейді. Осындай тәртіп қалыптасқан көрінеді. «Бір ұжымның адамдары бір-бірінің айтқанына сенбейтін бұл не сұмдық!?» деп Мәкең сол арада қатты күйінеді. Әлгі тәртіпті де тас-талқан етеді. Қағаз көрсетпесең адамдар айтқан сөзге өлсең де сенбейтін осы бір тымырсық жағдайды аластамаса, болмысы соған қарсы бүлік шығармаса ол өзінің жан тазалығын, өз әділдігін қорғай алмас еді. Ал Мамадияр Жақып Желтоқсан көтерілісі күндерінде Орталық комитет бөлімінде: «Алаңға шыққан жастар – қазақ балалары. Оларды жау қылып көрсетсек не болады? Отты керосинмен өшірмейді» деп ойын дәйектеп жалтақсыз айта алған адам. Қазақ рухын тұқыртқысы келгендердің алдында бүгежектемей, ұтымды уәж айтып, сөйтіп, Орталық комитетке оқиғаны жазып көрсетудің неғұрлым ұстамды өз нұсқасын өткізген адам.
Осы алағай-бұлағай кезде Колбиннің зіркілінен кейін партиядан шығарылуын, жұмыстан қуылуын, Алматыдан сая таппай Қаскелеңде біршама уақыт корректор болуын қазір Мамадияр Жақыпқа берілген марапаттай көретініміз бар. Бірақ оның сол кездегі отбасына түскен қиындығы мен күйініші, азамат тартқан жан азабын ескермей қалатын сияқтымыз. Өзімізді сол орынға қойып көрейікші. Өте алар ма едік сол сыннан? Жеңе алар ма едік сол қиындықты? Мәкең жеңді! Еңсерді қиындықты. Соққыны сескенбей қабылдаған қайсар жүрегі сыр берсе де сынбады, қажыса да бар ауыртпалықты қасқайып көтерді. Сондықтан да, Желтоқсан оның өміріндегі қиын әрі күйінішті болса да, жарқын кезең болып қалды.
Журналист Мамадияр Жақып өміріндегі үлкен бір өнеге «Ұлылыққа тағзым» деген атпен желісін үзбей тоғыз мәрте өткен жаяу сапарлар екені анық. Мәкеңнің бір хоббиі ара-тұра асай-мүсейлерін артынып жолдас-жоралармен бірге қоналқалап тауға шығу болатын. Таужорықтағы серіктестері Нұрғожа Жұбанов, Әбілмәжін Жұмабаев, Бүркітбай Айдарханов сияқты зиялы ақсақалдар, әдебиетші досы Зейнолла Серікқалиев, тағы басқалары. Жаяу сапар туралы ой тауға тән тұнық тазалықпен тауда жүргенде туды. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары жатқан жерлерге екі жүз-үш жүз шақырымнан жаяулап барып, данышпан бабалардың әруағына тәу ету Абайдан басталды. Келесі жылдары Жамбыл, Әуезов, Сәтбаев рухтарына тағзым етілді. Бесінші жаяу жорық қасиетті Түркістан шаһарының 1500 жылдығымен орайластырылды. Одан соң Мүсірепов, Махамбет, Шәкәрімге, Ядролық қаруға қарсы күрестің 20 жылдығына арналған жаяужорықтар «Ұлылыққа тағзым» сапарларын дәстүрге ендіріп, жалпы, жұртымыздың рухын биіктетуге үлес қосты. Осы жылдарда негізгі ұйытқы қолдаушысы «Егемен Қазақстан» газеті болған бұл ізгілікті акция қазіргі қазақ мәдениетінің бөлінбес бір бөлшегіне айналды десек те болар еді. Соның бір айғағындай, осы көктемде мерейлі 70-ін атап өткен көрнекті жазушымыз, жаяужорықтарға қатысушылардың бірі Мархабат Байғұт ағамыз Шымкенттен туған ауылы Шұбайқызылға 70 шақырым жолды жаяу жүріп барып перзенттік құрметін көрсетті. Абзал інінің көпшілікке үлгі тастаған өнегелі ісіне Мәкең қуанып отыр, тек «патентті» пайдаланып кеткені болмаса... деп, мамадияр-мәнерлі әйбәт күлкімен миығынан жұмсақтап қана күліп қояды. Амандық болып, бұйыртса, оныншы сапар жыр пірі Сүйінбайдың 200 жылдығының орайына дөп келіп тұрғанын да аңдатып қалды ағамыз.
Ал енді осынау сапарлардың ғибраты мен тәлімі бөлек әңгіме. Кезінде «Егеменде», басқа газеттерде де елеулі оқиға ретінде кеңінен жазылды. Оны білем деген кісі сол сапарлардан жүргізілген репортаж іспеттес Мамадияр Жақыптың «Жеті сапар» кітабынан ғажап әсерге бөленіп, бір желпінері, ұлылық әлеміне үңіліп, жан сарайын зияттандыра тазартары сөзсіз. Мәкеңнің 57 жасында басталған осынау жаяу сапарлардың жиырма жыл бойы толастамай, жалғасып жатқанын рухани ерлікке балағанымыз жөн сияқты. Қалай болғанда да, сәтімен іске асқан идеяның ұлттық игілікке айналып отырғаны өмір шындығы.
Мамадияр ағамыз өмірде не нәрсеге адал десек, айрықша достыққа адал. Ошақтың үш бұтындай болған жан достары, үлкен әдебиетші ғалым Зейнолла Серікқалиев пен қазақтың тамаша ақыны Сәкен Иманасов сынды текті азаматтардың бақи сапарына ертерек аттанып кеткеніне көңілі қапалы. Әруақтарын риза қылып жүреді. Жаңағы жаяу сапарлардың шарапатымен тапқан бір аға досы, бұрынғы аса лауазымды партия қызметкері Оразай Батырбеков болатын. Ол кісі соғыс уақытындағы бала кезінде «Социалистік Қазақстанда» курьер болғанын мақтан ететін. Атасы Қаныш Сәтбаевтың рухына құрмет көрсетуге ұйытқы болған Мәкеңді жақсы көріп, дос болып кетеді. Өзінің жүрген жері әзіл-қалжың. Қанекеңнің басынан Имантай ақсақалдың қабіріне салу үшін қос уыс топырақ алып, үйден арнайы шелпек пісіртіп апарып, редакция қызметкері Оңғар Өмірбеков құран оқыса керек. Соны Орекең артынан: «Егемен Қазақстан» штатный молда да ұстайтын болған ба?» деп қалжың қылатын көрінеді. Осы кісі Мәкеңнің ықпалымен жазушылық сонарға біраз ат ізін салды. Қанекең, өзін тәрбиелеп жеткізген апасы Қатира, өмірлік қосағы Шәмшиябану апай туралы жақсы естеліктер жариялап, кітап етіп шығарды. Содан Орекең досы Тұрсынбек Кәкішевке: «Міне, көрдің бе, мен сен сияқты жазушы бола аламын, ал сен мен сияқты партия қызметкері бола алмайсың. Сенің наныңды тартып жеп отырмын» деп қалжыңдайды. Мәкең Оразай ағаның осындай қылықтарын елді мәз етіп айта жүреді. Ол кісінің рухын шат қылып көлдей мақала да жазды.
Ал енді аға досын әдеби көмегімен осылай жазушы қылған Мәкеңнің өз жазушылығына құнты болыңқырамапты, өз қабілетін өзі бағаламапты. Редакторы Сапар Байжанов: «Мамадияр-ау, сен мынадай қабілетпен неге көркем дүние жазбайсың, осы?» деп бірнеше ескертсе де, жазушылыққа мән бермеді. Тіпті, жазғандарының өзін жинамады. Мән берсе, мүмкіндігі барын тағы бір өзін жақсы көрген аға досы Әзілхан Нұршайықов та байқаған. Өзіне айтқан. Жазушылар одағына өтуге үгіттеп, бір кепілдемені өзі жазып бермекші болған. Ақырында Әзағаң: «Жазушылар одағына өтпеймін дейтін адамды бірінші рет көріп тұрмын» деп таңғалған.
Сол кездерде марқұм, дарынды қаламгер Рәшит Рахымбековтің қамшылауымен «Абырой» және «Ұстаз» атты алғашқы әңгімелер жинақтары да шығып үлгерген-ді. Мәкеңнің Мергенбайының терең мәнді қағытпа әзілдері әдебиетімізге тағы бір айтқыш Қожанасырды алып келгендей-ді. Осыны аңғарған Зейнолла досы: «Сен шығармасаң, біз шығарамыз. Жетер, енді!» деп сатириктердің қамшыгері Темірбек Қожакеевпен екеулеп көндіріп, «Мергенбай айтқан екен» деген кітабын өзінің «Раритет» баспасынан әдемілеп шығарып берген-ді. Сол Мергенбай әдеби персонаж ретінде жұрттың санасында өз бетінше өмір сүріп кетті. Түптің-түбінде, іштен шыққан төл перзенті Мергенбай Мәкеңнің де көркем әдебиетке деген көңілін жібіткендей. Бұл күндерде Мергенбайдың айтқандарының екінші кітабы дайын тұр. Мәкеңнің мергенбайшылап айтуына қарағанда, екі-үш жылда байқаусызда құдай оңдап 80-ге келіп қалар болса, онда «Мергенбайдың мың айтқанын» қауымға қастерлеп ұсынбақ. Осыдан соң ағамыз суыртпақтап шынын да айтыңқырағандай: өмірді қайта бастасам, көркем шығармаға көбірек көңіл аударар едім дейді. Бірақ, тап қазір екінші тыныс ашылып тұрғанда екінші өмірдің де қажеті бар ма. Қазақта жүйрік журналист көп болса да, журналист өмірін кеңінен толғаған келісті шығарма жоқ. Қаламгер Мамадияр Жақып сол олқының орнын толтырмаққа сондай бір жаңа дүниені бастап кеткен сияқты болып көрінеді бізге.
«Егемен»-«СҚ»-ның 12 басшысымен қызметтес болған Мәкең жасында жақсылығын көрген алғашқы редакторы Қасым Шәріповті ерекше құрмет тұтады. Белгілі баспасөз қайраткерінің артындағы іздеушісіне айналғандай. Кейбір білмей айтылған жалалы сөздерден де қорғай жүреді. Келіні Нәдия Шәріповамен бірлесіп замандастар естеліктерін қосып Қ.Шәріповтің 100 жылдығына орайлас қос том кітабын шығаруға мұрындық болды. Әйтеуір, Мәкең осындай бір жақсылықтарды, ізгілікті істерді жасап жүреді. «Егеменде» еңбек еткен елу жылда тек ұжым бірлігінің ұстыны болған. Келіспейтін жері болса қай-қай басшыға да орнымен орнықты пікірін айтып отырған. Соған қарамастан Балғабек Қыдырбекұлы «Айналайын Мамадияр» деген. Шерағаң – Шерхан Мұртазаның Мәкеңе ықыласы бөлектігін білеміз. Кейінгі басшылардың дені өзінің тәрбие-тәлімін көрген шәкірттері. Олар да алдын қиып өткен емес. Бұл құрметтің сыры неде десек, қызметкер Мамадияр Жақып жұмыс бабында әрдайым өз ұстанымында қала білген, өз пікірінде тұра білген, адами тұрғыда әділдіктен қия баспаған, жан тазалығын сақтаған. Сонысы әрқашан маңайына жақсы үлгі болып шашылып отырған.
Ұжымымыздың басшысы Сауытбек Абдрахманов былай дейді: «Мәкең хоккей, футбол десе ішкен асын жерге қояды. Біз де құмармыз. Ол кезде жас қызметкерміз, пәтерде тұрамыз. Канадада хоккейден әлем чемпионаты өткенде тікелей трансляция таңға жақын көрсетілетін. Түнде телевизор қосуға пәтер иесі рұқсат етпейді. Соны білетін Мәкең үйіне шақырады. Әбдімүтәл екеуміз (Әбдімүтәл Әлібеков – Сауытбектің кластас досы, қазір Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкері –
Қ.А.) жұмыстан кейін Мәкеңнің үйіне барамыз. Кешкі тамақтан кейін залдағы диванды жайып жіберіп, ұйқыға кірісеміз, құдды нағашымыздың үйіне келгендей болып. Хоккей басталарда Мәкең оятады, Нұрсұлу жеңгейдің сүт қатқан қою шәйін ішіп отырып, таңғы 7-8-ге дейін хоккей көреміз. Таңертең жұмысқа Мәкеңмен бірге барамыз». Бұл айтылғанды қосымша түсіндіріп жату қажет болмас.
Иә, «Егемен» үшін бәрін қиған, бәрін берген адам. Жақсылығына әрдайым қуанып, оғаштау нәрсеге қынжылған. «Егемен» Астанаға көшкенде серт етіп, ұжымда алғаш дүниеге келген үш нәрестеге үш айлық жалақысын беруінің өзі мамадияр-мәнерлі мейірімді көрсетпей ме. 2000 жылы зейнетақысын заңдастырған соң Мәкең басшыларға хат жазыпты. Жас келгеннен кейін үн-түнсіз қызметте жүре беруді лайық көрмеген. Сол хаттың бір жерінде мынадай сөздер бар: «Өзіңіз біліңіз» деген өте бір құрметті ұсыныс бар. Маған сондай ұсыныс жасалғанда, мен біржола зейнеткерлікке шықпақпын». Осы хатқа қандай жауап алды десеңіз, басылымның сол кездегі басшысы Ержұман Смайыл Астанадан телефон шалып, былай депті: «Мәке, сіз білмейтін болдыңыз. Біз білетін болдық». Одан бері де 16 жыл өтіпті. Аптаның әр жұмасында «Егеменнен» «Дүбірге толы дүние» айдарының мәйекті мақалаларымен жүздесетін оқырман осы сөздің әлі де орнында екенін аңғарар болар. Тек баз-базында сыртқы саясатта Путинмен келісіңкіремей қалатыны болмаса, ойда-қырда бәрі жақсы. Ал біздің өз тарапымыздан ағаға айтарымыз төмендегідей:
Аға, сізді құрметтеймін көп көрім,
Алдыңыздан кесіп, сірә, өтпедім.
Сиректердің қатарында өзіңіз,
Жоғалтпаған көңілінің көктемін.
Аға, сіздің өміріңіз ертегі,
Толағайсыз талмай тартқан дертені.
Өзгелерге болсын дейсіз көбірек,
Өзіңізге тартпайсыз-ау көрпені.
Аға, сіздің дәуреніңіз бір дәуір,
Ұлағаттың үлкені ғой бұл да бір.
Сіздің тілек орындалса,
Дүниеде
Барлық адам болар еді-ау бір бауыр.
Қатты болу, қатал болу сізге жат,
Бола алмайсыз күрең көңіл, күз қабақ.
Аға, сізге жүрмейді тек жалғандық,
Жылтырақпен қаптаса да жүз қабат.
Әр күніңіз өнегеге жалғайды,
Немеремен ойыныңыз қанбайды.
Бала болып кеткіңіз кеп тұрады,
Аға, мен де ұнатамын сондайды.
Аға, сізде не жоқ десем – рия жоқ,
Аңдаусызда дақ түсірер сия жоқ.
Сізге салса, әр түтіні қазақтың
Отырмас па жып-жылы бір ұя боп.
Оңай, кейде, түсіп қалу алдауға,
Алма-кезек құлдырау да, самғау да.
Аға, сізбен,
Алмағайып күн туса,
Ойланбастан барар едім барлауға.
Аға, сізде мол екенін мейірдің,
Ақ екенін білемін-ау пейілдің.
Мен дегенде сіз қалайсыз, ағажан,
Бауыр іні болуға мен бейілмін.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
Елдің бас газетінде еңбек жолын бастап, күні бүгінге дейін үздіксіз қалам тербеп келе жатқанына жарты ғасырдан асқан ардагер журналист Мамадияр Жақып болмысының айшықты бедерлері хақында сыр-толғаныс
Француздың атақты жаратылыстанушы ғалымы Жорж Бюффонның «Стиль – адамның өзі» деген қанатты сөзі біздің Мамадияр ағамызға қаратып айтылғандай болады да тұрады. Ағаның алдында өзінен бұрын мінезі, болмысы, ерекшелігі жүреді. Қандай да бір адалдық, ақкөйлектік, кеңпейілділік немесе айнымас ұстаным әлде ұстамдылық көрсек, соны дереу «Мәкең сияқты екен» деп осы кісіге тән қасиеттерге ұқсатып жататынымыз бар. Өз пайымдауымызша, мінез байлығы жаңағы айтқан стиль – адамның, нақ осы арада мамадияр-мәнердің, кісілік келбетінің кілтіндей дерлік, басты көрсеткішін айқындаса керек. Өз кезегінде бұл жайт мінез тұрақтылығын, белгілі бір өмірлік негізгі ұстанымдардан қырық жыл қырғында да таймайтын табан бүрін танытары анық. Қалай десек те, бұрынғы «СҚ» («Социалистік Қазақстан») мен қазіргі «Егеменде» («Егемен Қазақстан») елу жыл еңбекторылығымен еректеніп, қарашаңырақтың қалтқысыз қадірменіне айналған мұқым қазақ баспасөзінің ардагері Мамадияр Ділдәбекұлы Жақыптан алар үлгі мен ғибрат кім-кімге болсын аз емес. Әсіресе, ұлттық журналистиканың желкілдеген жас өркеніне.
Осы жақында ғана, қасиетті қос жетіні толтырып, 77-ге келер қарсаңда Мәкең өзінің балалық шағы туралы тамаша өмірбаяндық эссе жазып бітіріпті. Компьютерге басылған қолжазбасынан қызыға оқып шықтым. Деректі дегеніміз болмаса, тұп-тура көркем хикаят. Ағаның балалық шағына армансыз саяхаттадым. Соғыс кезіндегі жадау ауылдың жабырқау жай-күйі. Ақылман ата Жақып, кеңқолтық әке Ділдәбек, әкесінің інісі, ес білгенде өзін бала қылып алған Зұлпыхар көкесі, тәртібі қатты аяулы ана Тәжікүл, жанынан ақшуақ төгіп жүрер бойжеткен әпкесі Айнықша, тай-құлындай тебісіп өскен, бір-бірін ешбір жауға бермес тетелес аға Смадияр, басқа ұлттың баласы болса да қиын кезде бауырға салып, туған бауыр боп кеткен ағасы Қайырбек... Көршілер... Ағайындар...
Негізгі ауылды алысқа, канал қазуға көшіріп әкеткен. Сөйтіп, Байырқұмның үш-ақ үйі қалған. Тірлік аса жұпыны. Бірақ жұбаныш етер жайлар да жетерлік. Ашқұрсақ та болса адами қуаныш аз емес. Соғыс кезінде өткен балалық шақ. Мұнда мұң араласа шиеленіскен драма да бар, мұратқа жеткізген бақытты түйін де бар. Күнделікті өмір, қымбатқа түскен тұрмыс талқаны тәрбиеші болғандай. Шебер қалам соларды шынайы суреттеп шыққан. Туған жерге, Сырдария мен Арысқа деген тұнық сағынышпен баяндаған. Тек әсірелеуден аулақ, бояуын жылтыратып әспеттеуден сақ. Кәдімгі көзімізге таныс, жанымызға жақын, жазудың мамадияр-мәнері.
Тек жазуда ғана ма екен? Өмірде де көз жаздырмас бір темірқазық. Өмірбаяндық эссені оқыған адам қауымға мәшһүр қалам иесі Мамадияр Жақып болмысының балалық шақтан, туған үйдің тұмасынан бастау алғанын байыптар еді. Жақып ата әулетінен адамды адам қылар көп ғажаптар табылып жата-тын. Барға – қанағат, жоққа – салауат. Қиындыққа қарсы тұрар қайрат, жақсылықтан күдер үзбес сабыр, жатты сыйлау, жақынға мейірім төгу ұшқан ұядан дарыды. Бұл әулет әлсіздерді паналатты, балаларын адалдық пен әділдіктен қия баспауға, ешкімнің ала жібін аттамауға, бірақ басқаның қиянат-зәбіріне төзбеуге баулыды. Жасөспірім Мамадияр бастаған ауыл балалары тентек пен теліні тыйып, содырды жуасытып, өздері Тимур және оның командасына еліктеп, көмекке мұқтаж шал-кемпір іздеп жүретін де жастық дәурен болған.
Осындай тектілік тәлімін алған талапты жас Қазақ университетін бітірер шақта-ақ республикадағы аға газетке көңілі құлап, кіндігімен байланғандай болды да, айнымастығына басып, бар ыждағат-ынтасын осы басылымға салған-ды. Қарап отырсақ, қазір «Егемен» 95 жылдық тарих көшін артқа тастады. Ал Мәкең болса 1959 жылы «СҚ»-ның 40 жылдығын атап өткен салтанатты жиналысқа қатысқан екен. Қасында курстас әрі кейінгі жан аяспас аяулы досы Зейнолла Серікқалиев бар. Екеуі өндірістік тағылымдамадан өтіп, ұжымға жақынырақ жүріпті, тіпті, өздерін оның мүшесіндей, үлкен шаңырақтың баласындай сезініпті. Олай болатын тағы бір себебі, қолынан жазу келіп тұрған қабілетті студенттерге ұжымның үлкендері, әсіресе, газет басшысы Қасым Шәріпов аса бір қамқоршыл мейірмен, оң қабақпен қарайды. 1960 жылдың 8 тамызындағы №102 бұйрықпен жұмысқа да қабылданады. Ағалардың қамқор көңілдері, аялы алақаны сол «СҚ»-ға сүйіспеншілікті бастап береді. Бірақ, өзі айтқандай, ойда-қырда күтпеген жағдай болады. Университет түлегінің жолдама алған жерге бармағанын біліп қалған Орталық комитет оны дереу шақырып алып, тез арада Семейге баруға пәрмен береді. Мұндай мықтының дүміне қарсы тұрар қайран қайдан болсын, сөйтіп, лажсыздан Семейге аттанып кете барыпты. Не дейміз, обалы Мәкеңді айдың-күннің аманында Орталық комитетке «ұстап» берген сол кездегі партия қызметкері, өзінің жақсы танысы Петр Петрович Хрущевқа!
Дегенде, өмірінің Семей кезеңіне Мәкеңнің өкпелейтін реті жоқтай көрінеді. Осы қасиетті өңірде, Абай мен Шәкәрім елінде аттай 10 жыл еңбек етті. Алғашқы бес жылда облыстық газетте, қалалық комсомол комитетінде жас жалынмен қызмет атқарып, ысылды. Ел мен жерге бауыр басты, көп дос-жолдастар тапты, солардың біразымен әлі күнге дейін аралас-құраластығы үзілмеген. Сонымен бірге, ең бастысы дейікші, ағамыз өмірлік жар-қосағы Нұрсұлу тәтемізді де осы Семейден кезіктіріп, дәм-тұзын жарастырды. Бүгінде олар үлкен ордалы әулеттің ардақты атасы мен әжесі. Ендеше, әуелі «Ахау, Семей» деп әндетсе, біздің Мәкең әндетсін. Ішіндегі тағы бір басты арман-аңсары «СҚ»-ға жұмысқа тұру болса, ол тілекке де осы Семейде жүргенде көп ұзамай қол жетіп еді. Облыстағы меншікті тілші басқа жаққа ауысқанда редакция басшылығы байланысын үзбеген Мәкеңді тауыпты. Сөйтіп, сол кезде ең жасы болса, қазір арамыздағы ең жасы үлкеніміз, ең ардақтымыз. Алматы бөлімшесіндегі айбарымыз, ақылшымыз.
Сол кездерде қолынан келетін «мықты» меншікті тілшілер жалғанды жалпағынан басты деседі. Сыйға береді, сыйлап береді, ақыр болмаса, сұрап алады. Ал арға кіршік жұқтырмау үшін алмау керек. Біздің Мамадияр ағамыз алмайтындардың қатарынан болып шықты. Алпысыншы жылдардың аяғына таман, бірде іссапармен «Таңсық» кеңшарына келеді. Директоры Ғалым Баймурзин деген жайсаң азамат. «Бізден де кәде болсын» дегендей емеурін қылады. Әрине, Мәкең бірден-ақ: «Жоқ» – деп шорт кеседі. Әңгіме осымен біткендей еді. Бірақ қайтар жолда Аягөзден асып, Абай ауданына кіре бір көлден құс атпаққа аялдағанда жүксалғыштан бағана алмай кеткен қойдың маңыраған дауысын естіп аң-таң қалады. Дереу шопыры Саша Паталаховтан маңыраған дауыстың мәнісін түсіндіруді талап етеді. Сөйтсе, Мәкеңнің «керегі жоқ» дегенін сыпайылық сақтаған ғой деп ойлаған директор білдірмей, шопырын оңашалап қана бір қойды бүктеп салғызып берген екен. Өзін бұлайша сыртынан билеп-төстеуге албырт кеуде ашуға булығып келісер емес. Не істеу керек? «Таңсықтан» 180 шақырым шығып кеткен. Барып-қайтуы 360 шақырым. Кінәнің бір ұшы қойды өзіне айтпай салып алған Сашада жатыр. Не керек, сол Саша Паталахов әлі де көрер жарығы бар сол қойды кеңшарға апарып өткізіп, өткізгенін растаған тілдей хат алып қайтып келгенше Мәкең көл басындағы құс базарын тамашалап алты сағат бойы жалықпай күтіп отырыпты. «Вот такой честный человек!» деп одан соң Александр да жұртқа жайып жібереді. Мәкеңді қатты сыйлап, Мәскеуде оқып жүргенде каникулға келген сайын міндетті болмаса да, өзі қарсы алып жүріпті.
«Егемен Қазақстанның» Семей өңіріндегі соңғы жиырма жыл әлетіндегі меншікті тілшісі болған белгілі ардагер журналист Дәулет Сейсенұлының әзілге сайып айтқан бір сөзі де есте: «Біз алғымыз келеді, бірақ Мәкеңнің «отказынан» кейін барлық жерде «Егемен» алмайды деген пікір қалыптасып қалған. Сол үшін алмай таза жүреміз»... Иә, әзіл де болса, бұл әдемі сөздің астарында ақиқат жатыр. Еліміздің бас газеті жайлы осындай оңды пікір қалыптастырған меншікті тілші Мамадияр Жақыптың ақиқаты...
Мәкеңнің біраз хоббиларының ішінде спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлігі өзінше бір жосын. Соның арқасында Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Карпенкомен жақсы сыйластық орнады. Михаил Пантелеевич те жанып тұрған жанкүйер. Жоғары лауазымына қарамай Мәкеңе: «Есеп қанша болды?» деп таңсәріден телефон соғады. Өйткені, тілші хоккейді көріп түнімен отыра алады. Ал обком біріншісінің ондай мүмкіндігі жоқ. Бірақ ертең ертемен есепті білмесе бірдеңесін жоғалтқандай елеңдеп беймаза күй кешеді. «Бірінші» сұрай қалса айта қоймаққа қам жасап, есепті таң қараңғысынан біліп алуға насихат бөлімінің бастығы Вера Ниловна Рындина ханым да құштар. Мәкең де мұндайда дарқан. Әсіресе, хоккейден білмейтіні жоқ, алға жайып қойған анықтамалық дерсіз. Қай ойыншы қай жылы туды? Салмағы, бойының ұзындығы қандай? Бұған дейін қанша гол соқты? Бәрін басында сақтайды. Карпенко «СҚ»-ның тілшісімен шүйіркелесе сөйлесуге бейілді. «Вот ты какой!..» деп Мәкеңнің білгірлігіне тәнтілікпен таңданар еді. «Ты молодец, Жакыпов!» деп разылығын да паш ете жүреді. Облыс басшысының қарапайым жас журналиске деген осындай құрметі, әрине, былайғы жұрттың назарынан тыс қалмайды. Бұл шын мәнінде оның заманға сай жаңашыл болмысына, өз уақытымен үндескен үлгілі мәнеріне арналған құрмет болатын. Мұның сыртындағы мұнтаздай жинақы мәдениеттілігі бір бөлек. Оның үстіне қайсыбір қасқалардай араққа үйір емес. Бірақ ғайбатшыл пәлеқорларға дауа жоқ қой. Солар «Жақыпов ішкіш» деп обкомға домалақ арыз түсіріпті. Ал хоккей-футболдың Семейдегі нөмір бірінші жанкүйері Жақыповтың саламатты өмір сипаты Карпенконың өзіне аян. Бірқыдыру уақыт өте обком біріншісі мен «СҚ»-ның семейлік тілшісі Шұбартауда кездесіп қалады, қонақасыда дастарқандас болады. Мәкең ішпейді. Сонда Карпенко: «Если ты не будешь пить, Жакыпов, я заставлю твоих кляузников еще раз написать жалобу на тебя!» деп әзілдей отырып, аққа қара жұқпайтынын меңзепті.
Мәкеңнің жүріс-тұрысында ғана емес, жалпы, жан дүниесінде осындай бір аққа қара жұқтырмайтын таудай тазалық әуелден барын аңғаратын сияқтымыз. Желтоқсан оқиғасы кезінде өзі редакторлық еткен «Жетісу» газетінде жарияланған сурет үшін жазықсыз жапа шегіп, қиянат көрген күндерде де осы бір жан тазалығына кіршік түсірмегенін, өз әділдігі үшін іштей де болса мойымай күресіп баққанын байқаймыз. Сол оқиғалар туралы көлемді естелігінде Мәкең Желтоқсан қарсаңында жалпы қоғамда әлдебір сенімсіздік, үрей ахуалы қалыптасқанын жазады. Осы арада болмашы нәрсе көрінгенмен, астарында үлкен доқ жатқан бір жайды айта кетейік. Әріптес журналист Талғат Сүйінбай куәлік еткен бір мысал. Мамадияр Жақып әйгілі Желтоқсаннан бір жылдай бұрын «СҚ»-дағы жауапты хатшылықтан «Жетісу» газетіне редактор болып келеді. Бірақ келесі күндерде-ақ бір оқыс жағдайдан көңіліне кірбің алады. Жігіттерді бір жаққа жұмсаса, олар редакция жүргізушісіне бір жапырақ хат жазып беруін өтінеді. Олай болмаса, жай айтқанға сенбейді. Осындай тәртіп қалыптасқан көрінеді. «Бір ұжымның адамдары бір-бірінің айтқанына сенбейтін бұл не сұмдық!?» деп Мәкең сол арада қатты күйінеді. Әлгі тәртіпті де тас-талқан етеді. Қағаз көрсетпесең адамдар айтқан сөзге өлсең де сенбейтін осы бір тымырсық жағдайды аластамаса, болмысы соған қарсы бүлік шығармаса ол өзінің жан тазалығын, өз әділдігін қорғай алмас еді. Ал Мамадияр Жақып Желтоқсан көтерілісі күндерінде Орталық комитет бөлімінде: «Алаңға шыққан жастар – қазақ балалары. Оларды жау қылып көрсетсек не болады? Отты керосинмен өшірмейді» деп ойын дәйектеп жалтақсыз айта алған адам. Қазақ рухын тұқыртқысы келгендердің алдында бүгежектемей, ұтымды уәж айтып, сөйтіп, Орталық комитетке оқиғаны жазып көрсетудің неғұрлым ұстамды өз нұсқасын өткізген адам.
Осы алағай-бұлағай кезде Колбиннің зіркілінен кейін партиядан шығарылуын, жұмыстан қуылуын, Алматыдан сая таппай Қаскелеңде біршама уақыт корректор болуын қазір Мамадияр Жақыпқа берілген марапаттай көретініміз бар. Бірақ оның сол кездегі отбасына түскен қиындығы мен күйініші, азамат тартқан жан азабын ескермей қалатын сияқтымыз. Өзімізді сол орынға қойып көрейікші. Өте алар ма едік сол сыннан? Жеңе алар ма едік сол қиындықты? Мәкең жеңді! Еңсерді қиындықты. Соққыны сескенбей қабылдаған қайсар жүрегі сыр берсе де сынбады, қажыса да бар ауыртпалықты қасқайып көтерді. Сондықтан да, Желтоқсан оның өміріндегі қиын әрі күйінішті болса да, жарқын кезең болып қалды.
Журналист Мамадияр Жақып өміріндегі үлкен бір өнеге «Ұлылыққа тағзым» деген атпен желісін үзбей тоғыз мәрте өткен жаяу сапарлар екені анық. Мәкеңнің бір хоббиі ара-тұра асай-мүсейлерін артынып жолдас-жоралармен бірге қоналқалап тауға шығу болатын. Таужорықтағы серіктестері Нұрғожа Жұбанов, Әбілмәжін Жұмабаев, Бүркітбай Айдарханов сияқты зиялы ақсақалдар, әдебиетші досы Зейнолла Серікқалиев, тағы басқалары. Жаяу сапар туралы ой тауға тән тұнық тазалықпен тауда жүргенде туды. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары жатқан жерлерге екі жүз-үш жүз шақырымнан жаяулап барып, данышпан бабалардың әруағына тәу ету Абайдан басталды. Келесі жылдары Жамбыл, Әуезов, Сәтбаев рухтарына тағзым етілді. Бесінші жаяу жорық қасиетті Түркістан шаһарының 1500 жылдығымен орайластырылды. Одан соң Мүсірепов, Махамбет, Шәкәрімге, Ядролық қаруға қарсы күрестің 20 жылдығына арналған жаяужорықтар «Ұлылыққа тағзым» сапарларын дәстүрге ендіріп, жалпы, жұртымыздың рухын биіктетуге үлес қосты. Осы жылдарда негізгі ұйытқы қолдаушысы «Егемен Қазақстан» газеті болған бұл ізгілікті акция қазіргі қазақ мәдениетінің бөлінбес бір бөлшегіне айна