ҚОСТАНАЙ. 19 ақпан. Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов жұртшылық өкілдерімен кездесіп, Қостанай облысының 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2015 жылға арналған негізгі міндеттері туралы есеп берді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Нұралы Сәдуақасов баяндамасында облыс экономикасының негізгі салалары өсіміне тоқталды. Облыс бойынша ішкі жалпы өнім 4 пайызға ұлғайған. Ауыл шаруашылығының өндіріс секторында бір жылдың ішінде ет өндірісі 24, сүт өндірісін 21, жұмыртқаны 29 пайызға өскен. Индустрияландырудың 2009-2014 жылдарғы бірінші кезеңінде облыста 13 тауарлы сүт фермасы, асыл тұқымды 15 репродуктор шаруашылығы, 27 ірі бордақылау алаңы мен 6 құс фабрикасы пайдалануға берілді. Өңірдің экспорттық әлеуеті артып келеді. Өткен жылы өзге елдерге бидай мен ұннан басқа 557 тонна ет пен ет өнімдері жөнелткен. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 3,3 есе көп. Сонымен қатар, сүтті екі есе, өсімдік майын үш есе көп экспорттаған.
Өнеркәсіп облыс экономикасының негізгі саласы болып табылады. Обылста 500 өнеркәсіп кәсіпорнында 532,5 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Онда 51 мың адам жұмыс істейді. Бұлс алада соңғы жылдары бұрынғыдай шикізат өндіру емес, өңдеу кәсіпорындары аяқтан тұра бастады. Осы бағытта соңғы 4 жылда инвестжобалар жүзеге асты. Олар кен шикізатына тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік берді. Егер 2011 жылы өндіріс саласында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 29 пайыз болса, ал өткен жылдың қорытындысы бойынша ол кен өндірісінен 1,5 пайызға асып түсіп, жалпы 89 пайызды құрады. Мұның тарихи маңыз зор. Осылайша, Қостанай облысында тұңғыш рет шикізат өндіруден дайын өнім өндірісі асып түсті. Жалпы ұқсату өнеркәсібіндегі өндіріс өсімі 9 пайызға өсті, бұл республика бойынша 2 орында деген сөз.
Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов өткен жылдың қорытындыларымен қатар, үстіміздегі жылы қолға алынатын істерге шолу жасағаннан кейін залдан берілген сұрақтарға жауап берді. Жиынға келген жұртшылық өкілдерінің сұрақтары шаруашылық және әлеуметтік саланың түрлі проблемаларын қозғады. Облыс әкімінің есеп беру кездесуіне Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Серік Шапкенов және Парламент Сенатының депутаты Жеңіс Нұрғалиев қатысып отырды.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz.