03 Шілде, 2010

АБОНЕНТ САНЫ ЕЛУ МЫҢҒА ЖЕТТІ

620 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қоғамның жедел дамуы ха­лық­тың әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайына оң әсер ететінін күн­де­лікті өмірден көз жеткізіп келе­міз. Бәрін айтпағанның өзінде бүгінде жас шамасына қарамастан ұялы телефонды пайдаланбайтын жан кемде-кем. Бірақ, оның аяғы көбіне қаржыға тіреледі. Сон­дық­тан да әр үйде телефонның бол­ға­нына не жетсін. Соңғы жыл­да­ры тұтынушылардың бұл сұра­ны­сы барынша қанағаттандырылып, “30 корпоративтік көшбасшы” жобасымен байланыс жүйесін да­мы­туға ерекше назар аударылып, алыс елді мекендерге сымсыз теле­фон орнату жүйесі берік енді. Жүзеге асырылған жұмыс бары­сында өңірдегі телефон байла­ны­сына қосылған абонент саны 50 мыңға жеткен. Осылайша жүйені жақсартуға арналған бағдарлама көпшіліктің сұранысын қанағат­тандырды деуге болады. Жақында Қарасай ауданы Қыр­ғауылды ауылына осындай сым­сыз телефон жүйесі орнатыл­ды. Жаңа антенна арқылы 25-30 шақырым қашықтықтағы тұтыну­шы­ларды телефон байланысымен қамтуға болады. Бұл аудандағы бой көтерген жетінші базалық бай­ланыс стансасы. Бұған дейін Қаскелең, Ақжар, Шамалған, тағы басқа елді мекендер осындай қыз­метпен қамтамасыз етілген. Осы күні Қырғауылды ауылындағы жаңа стансаға мыңға жуық або­нент жалғанып, жаңа жүйе арқы­лы аудандағы 6875 тұрғын алыс-жақынмен хабарласа бастады. “Қазақтелеком” акционерлік қо­ғамы техникалық дамыту жө­нін­дегі директоры Жексенбай Жа­ман­баланов стансаның ашылу сал­тана­тында сымсыз телефонның жұмы­сы жайлы және оны орнату арқылы уақытты үнемдеуге қатыс­ты мәселелерді ортаға салды. Сон­дай-ақ, қондырғыны пайдалану арқылы әр абонент қаржы да үнем­дейді. Әрі өтініш берілген күн­нің ертеңіне сұраныс қанағат­тан­дырылады. Аталған жобаның серпінділігі мен тиімділігі осыны­сымен құнды. Әрі жұмыс күші үнемделеді. Бұған дейін телефон жүйесі жеке бағандарға сым тарту арқы­лы жүзеге асырылып келген. Ал бұл аталған жүйе­нің қолайсыз жақтарын көрсеткен. Мәселен, қатты жел соқса, сым үзіліп, тұтыну­шы­ға да, мекемеге де қиындық әке­ле­тін. Енді бұл мәселелер шешімін тапқан. Осылайша 2007 жылдан бері өңір­ге сымсыз телефон жүйесі енгі­зі­ліп, 39 базалық станса іске қосы­лыпты. Бүгінде осы тәсілмен 16 аудан тұрғындары телефон бай­ла­нысымен қамтылған. Тек өткен жылы ғана қосымша 11 базалық станса орнатылып, Алакөл, Жам­был, Қарасай, Іле, Панфилов, Тал­ғар аудандарының жұртшы­лығы тұрмыстарына оны берік пайдалана бастады. Талдықорғандықтар да жаңа жүйені пайдаланып келеді. Халыққа сапалы қызмет көрсетуді мақсат еткен “Қазақтелеком” акционерлік қоғамының ұжымы жұмыстарын жаңа жүйемен байланыстырып, тұтынушы талғамынан шығуда. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.