Дүбірге толы дүние
Келесі жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның қызмет мерзімі аяқталады. Оның одан әрі сайлануына құқы жоқ. Жаңа адам келеді. Осы тұста көптен айтылып жүрген осынау жоғары лауазымды қызметке әйел азамат сайлансын деген пікір жиірек естіле бастады.
Халықаралық бас ұйымның басшылығына оның 70 жылдық тарихында 8 Бас хатшы сайланса, оның барлығы да ер адамдар. Әйел азаматша ұсынылмаған. Оның да жөні бар: БҰҰ-ның жарлығында бұл қызметке ер адамның сайланатыны атап көрсетілген. Бұл өзі адам құқының сақталуын талап ететін ең жоғарғы ұйымның сол адам құқын бұзуы десе де болар еді. Бұл әйелдердің теңдігін мойындамаған есепті. Ал бұзылған нәрсені түзету қажет-ақ.
БҰҰ-ның басшылығына әйел қайраткерді сайлау қозғалысы осылай басталған. Бір қызығы, бұл қозғалыстың басында осынау ұйымның бұрынғы бас хатшылары жүр. Алдымен Кофи Аннан өзінің «Нью-Йорк Таймсқа» жарияланған мақаласында қазіргі Бас хатшы Пан Ги Муннан кейін әйел азаматша сайлансын деген ұсыныс жасаса, оған талай әлемдік қайраткер үн қосты. Бұл үшін, әрине, БҰҰ жарғысына өзгеріс енгізу керек. Өзгеріс дегенде, әйел азаматшаларды кемсітетін, тек ер адам сайлансын деген талапты алып тастаса, жетіп жатыр.
Енді бұл мәселенің күн тәртібіне қойылуына келсек, қазіргі адамзат тарихы әйелдердің қоғамдағы орнына көзқарасты өзгертті. Көптеген жерлерде ел билігіне әйел қайраткерлер келіп жатыр. Ірі мемлекеттердің басшылығына әйел азаматшаның келуінің жақсы жемісі де аңғарылады. Халықаралық ұйым, қауымдастықты әйел қайраткерлердің табысты басқаруының да мысалы жетерлік.
БҰҰ-ны әйел қайраткер басқарсын деген сөз басталған соң, оған кім лайық деген әңгіменің шығуы да заңды. Қазірдің өзінде біраз қайраткердің аттары аталып қалды. Қазір әлемдегі 20 мемлекетте билік тізгінін әйел қайраткер ұстап отыр. Солардың көпшілігі БҰҰ-ны басқаруға лайық дейді жұрт. Нақтылай айтқанда, Жаңа Зеландияның бұрынғы премьер-министрі Хэлен Кларк, Чилиді басқарған Мишель Бачелет, Данияның премьер-министрі Хелле Торнинг-Шмидт, Литва президенті Далия Грибаускайте, ЕО комиссары Кристина Георгиеваның аттары естіліп жатыр. Әрине, Ангела Меркельдей қайраткер күреске шықса да есесін жібермес еді-ау, бірақ оның Германиядай алыпты алға сүйреуі керек-ақ.
БҰҰ-ны әйел қайраткер басқарсын деген сөз шығып, оны қолдаушылардың үні естіліп жатқанда, алда бұл қызметке біраз үміткер ұсынылып жатса, сірә, әйел азаматшаның жолы болатын шығар-ақ. Жұрт оның жанының нәзіктігіне, ойының тазалығына үміт артар.
Түсіністік жолы оңай емес
Египетте, Синай түбегіндегі курортты Шарм-әл-Шейх қаласында көптен күткен үш күндік экономикалық саммит өтті. Оған жүздеген белгілі бизнесмендер, АҚШ пен Еуроодақ елдері дипломатиясының басшылары, Бритич Пэтролеум сияқты ірі компаниялардың өкілдері қатысты.
Бұл жиынға ең алдымен Египет басшылары аса мүдделі болғаны анық. Араб дүниесіндегі жетекші елдегі соңғы кездегі күрделі оқиғалар оның саяси өмірін ғана емес, экономикасын да мықтап діңкелетіп кеткен. Тұрақтылық жоқ жерге инвестиция салынбайтыны белгілі. Үлкен инвестициясыз, әсіресе, үлкен елдің экономикасы дамымайды. Сол инвестицияның келуі үшін әр ел өзіндегі тұрақтылықты дәлелдеуі керек. Египет үшін бұл жиынның сондай мәні бар.
Ең алдымен, бұл конференцияға АҚШ-тың қандай көзқараста болуы да айрықша мәнді еді. Ол жоғары ықыласта екенін білдірді. Мемлекеттік хатшы Джон Керридің белсенді қатысуы оған айғақ. Атап өтетін бір жайт: сонау 2013 жылғы жазда президент Мурсиді тақтан тайдырғаннан кейін оның жақтастарына қарсы президент Абдел Фаттак ас-Сиси тарапынан болған қатаң шараларды АҚШ толық қолдай қоймаған. Бұл елде жүздеген адамның қаза тапқаны өз алдына, мыңдаған адам түрмеге жабылды. Соған орай, АҚШ өзінің бұл елге дәстүрлі көмегін шектеп, ол қазіргі Египет экономикасына айтарлықтай кері әсерін тигізді. Египет жайында тұрақсыз, демократия құндылықтарына қарсы ел деген сипаттама қалыптасты.
Соңғы уақыттағы бұл аймақтағы саяси оқиғалар сол қалыптасқан жағдайды бағамдауда үлкен өзгерістер енгізетін түрі бар. «Ислам мемлекеті» радикалды экстремистерінің қанқұйлы әрекеттері бүкіл әлемдік айыптауға ұшырағанда, Египет басшысының сол радикалды исламистерге қарсы қатаң шараларына көзқарас та біршама өзгерді. Бұл жалпы Египетке қатысты көзқарасты да түбегейлі өзгертті.
Президент Абдул Фаттак ас-Сиси – әскери адам, фельдмаршал. Әдетте әскерилерді саясатқа икемсіз деген пікір бар, көбіне күшке сенеді дейді. Ас-Сисиді де, оның қатаң шараларына қарап, сол әскери пішіннің саясаткері деуге болғандай еді. Ол елді құрдымға алып бара жатқан радикалды исламистерге қатыгез қаталдықпен қарсы тұрды. Ымырасыз әрекеттерге барды. Сәл босаңсығанда, аналар күш алып кетер еді. Босаңсыған жоқ. Ал радикалды экстремистер күш алып кеткенде, не болар еді? Ешқандай мемлекеттік құрылымы да жоқ «Ислам мемлекетінің» бүлдіріп жатқаны сұрапыл. Олар Египеттей алып елде үстемдік еткенде, не боларын ойлаудың өзі үрейлі. Ас-Сиси оған жол бермеді.
Сонымен бірге, ол икемді саясатшы ретінде де көзге түсіп отыр. Ол сырттан оқшауланып қалған жоқ. Түсінбегендермен түсіністікке ұмтылды. Осы саммиттің алдында ас-Сиси «Вашингтон пост» басылымының тілшісі Лелли Уэймутты шақырып, оған сұхбат беріп, оны әлемге таратты. Онда өз еліндегі жағдайды баяндап, басқалардың, ең алдымен, АҚШ-тың Египетке көмектесуі керектігін, егер Египеттей 90 миллиондай халқы бар алып ел құлар болса, ол айналасын да қирататынын айтты. Күні кеше АҚШ-тың, оның президенті Барак Обаманың Египеттен сырт айналғанын көлденең тартса да, сол үшін оларды айыптамай, түсіністікке келгені жөн екенін білдірді. Парасаттылықпен, дәлелмен айтты.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Керридің жиынға келуі, ас-Сисимен әңгімесі, осы аймақтағы елдердің басшыларымен кездесуі сол түсіністіктің басындай көрінеді. Каир парасатты әрекеттерімен оқшаулану пердесін біршама ысырғандай. Енді АҚШ-пен бірге басқалардың да оң бұрылатыны анық.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.