24 Маусым, 2015

Кеңеске қатысушылармен кездесті

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
24-06-2015-Almaty-2022 01Алматыда министрлер деңгейіндегі Азия және Океания елдерінің спорттағы допингпен күрес бойынша 12-ші Үкіметаралық кеңесі өтті. Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік ұйымдастырған жылдағы кездесудің бұл жолғы отырысы  халықаралық деңгейдегі барлық спорт түрінде допингпен күресте жәрдемдесу, үйлестіру және бақылау шараларына арналды. Халықаралық допингке қарсы конвенцияның 26 мүше-мемлекеті өкілдері екі күн бойы ұлттық және аймақтық допингке қарсы ұйымдардың қызметі бойынша баяндама жасап, тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ, Азия және Океания елдері допингке қарсы ұйымдары арасында ынтымақтастық пен серіктестікті нығайта отырып, спортта допингпен тиімді күрестің инновациялық әдістері мен құралдарын талқылады. Кездесу бағдарламасы кең ауқымды мәселелерді қамтыды. Атап айтқанда, Дүниежүзілік допингке қарсы кодекстің болашағы, спортта допингке қарсы ЮНЕСКО Халықаралық конвенциясы тараптарының конференциясы, Азия аймағының Дүниежүзілік допингке қарсы күрес қызметіндегі үлесі, медициналық аспектілер мен «таза спортшыны» қорғауда қызметкерлердің рөлі, сондай-ақ, спортшылармен дискуссиялық топтар ұйымдастыру мәселелері жан-жақты сөз болды. Шараға қатысу үшін Астанадан арнайы келген Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов оның Алматыда өткізілу ерекшелігі мен себебін атап өтті: «Бірнеше аптадан кейін 2022 жылғы Қысқы Олимпия ойындарын өткізуде Алматы ұсынысы қаралып, осы мәселе бойынша шешім қабылданатын болады», деді Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы. Министр, сондай-ақ, Қысқы Олимпия ойындарын өткізу үшін Алматы ұсынып отырған табиғи ортаның артықшылықтарын атап көрсетті. Сонымен қатар, ол қазақстандықтардың спортқа жақын екендігін және спорт кешендері мен таза ауада қысы-жазы онымен белсенді шұғылданатынын айтты. «Түрлі дәрмектер, стероидтар және допингтің өзге түрлері оны қабылдаған адамның денсаулығына зиян келтіреді. Сондықтан мұндай кеңестің маңызы өте зор», – деді өзінің сөзінде министр. Сөзінің соңында Е.Ыдырысов шараға қатысушыларды Алматыда 2022 жылғы Қысқы Олимпия ойындарында қайта кездестірсін деген ниетін білдірді.  «Егемен-ақпарат».