Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
VІІІ Астана экономикалық форумындағы
сөйлеген сөзінен.
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК:
Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында (2010-2014 жылдар) еліміздің өңдеу секторына 17,6 миллиард доллардың инвестициялары тартылды. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің барлық жылдарында осы салаға тартылған инвестициялардың 70 пайызына тең. Еліміздің металлургиялық өнеркәсібіне және машиналар мен құрал-жабдықтар өндірісіне, тоқыма, тағам өнімдері өндірістеріне инвестициялардың құйылуы айта қаларлықтай өсті. Инвестициялардың молаюы нәтижесінде 2005-2009 жылдармен салыстырғанда, 2010-2014 жылдары дәрі-дәрмектер өндіру 86 есе, компьютерлер мен электрондық өнімдер шығару 8,4 есе өсті. «СарыарқаАвтопром» ЖШС-ның өндірістік желісінің қуаты 3 мыңға дейін жол таңдамайтын Toyota Fortuner автокөлігін шығаруға қабілетті. Бұл өндіріс жылдан-жылға дамып, қуатын арттыра түсуде. * * * Индустрияландырудың бес жылы ішінде Қазақстанның даму банкі (ҚДБ) Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 1 984 миллиард теңге тұратын 32 жобаны қаржыландыруды мақұлдады. ҚДБ-ның индустрияландырудың бірінші бес жылдығы барысында қаржыландырған жобаларының жалпы құны Индустрияландыру картасы бойынша құйылған инвестициялардың жалпы жиынтығының 16 пайызын құрады. «Өнімділік-2020» бағдарламасы аясында 8 жоба қаржыландырылды. Олардың қатарында «АзияАвто» АҚ, «СарыарқаАвтопром» ЖШС, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Мұнаймаш» АҚ, «Оңтүстік-құрылыс-сервис» ЖШС, «СМУ-Шығыс» ЖШС жобалары бар. Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 652 миллиард теңге тұратын 24 ірі жоба ҚДБ-ның қолдауымен пайдалануға берілді. Кәсіпорындарда 8,6 мың жұмыс орны ашылды. * * * Қазақстанда құрылыс материалдарының 30 пайыздан астамы шеттен әкелінеді. Қостанайда арматуралар өндірісінің жолға қойылуы осы импорттың азаюына мүмкіндік береді. Қазақстан электролиз зауыты әлемдегі ең ірі алюминий алыптарының қатарына кіреді. Жалпы, әлемде осындай 2 жүзден астам зауыт бар. Қазақцемент жылына 1 миллион тонна цемент өндіреді. Ол күніне 3,5 мың тоннаға дейін клинкер өңдейді. Мойнақ су электр стансасы – судан қуат өндіру саласындағы тәуелсіз Қазақстан жүзеге асырған іргелі жобаның бірі. Ол 1027 млн. кВт-сағат электр қуатын өндіре алады.Табыстар тарихы
«Келун-Казфарм» жобасы «Келун-Казфарм» дәрі-дәрмек зауыты Қазақстандағы аса ірі дәрі-дәрмек өнімдерін өндірушілердің бірі болып табылады. Бұл зауыт 2014 жылдың шілде айында Алматы облысында іске қосылды. Зауыт құрылысын жүргізуге Гонконгтың «Kelun international Development» компаниясы тарапынан 7,5 миллиард теңгенің қаржысы жұмсалды. Зауыт халықаралық стандарттарға сәйкес салынған. Өндірістің ұйымдастырылуы еліміздің ішкі рыногын отандық дәрі өнімдерімен қамтуға мүмкіндік береді. Осы арқылы импорттық өнімдерді алмастыруға және артылған өнімдерді сыртқы рыноктарға шығарып сатуға қолайлы жағдай туғызылған. Зауытта 450 адам еңбекпен қамтылған. Шығарылған өнімдер тұрақты сұранысқа ие. Қазақстандағы неміс сапасы HeidelbergCement – Германияның құрылыс материалдары өндірісіндегі жетекші компаниялардың бірі. Ол цемент шығару жөнінен әлемде өзіндік орны бар компания. Зауыттары Германияда, Бельгияда, Ұлыбританияда және әлемнің 40-тан астам басқа да елдерінде орналасқан. Қызметкерлерінің саны 50 мың адамнан асады. Бұл компания Қазақстанда 2005 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Бүгінгі күнге дейін 10 жобаны жүзеге асырды. Солардың ішінде Маңғыстау облысының Шетпе кентінен цемент өндірісін, Астана қаласынан тауарлы бетон өндіретін 2 зауыт, Алматы қаласынан 3 зауыт, Ақтау қаласынан 1 зауыт тұрғызды. Алматы және Ақмола облыстарында қиыршық тастар, құм және басқа құрылыс материалдарын шығаратын өндірістерді ашты. Бұқтырма цемент зауытын қайта жарақтандыру ісіне қатысты. Компанияның Қазақстан экономикасына салған инвестициялары 420 миллион доллардан асып жығылады. Оның еліміздегі өндірістерінде 2000 адам жұмыс істейді. Электровоздар шығарады Францияның Alstom компаниясы әлем бойынша энергетикалық құрал-жабдықтар және теміржол көліктерін шығаруда жетекші орындардың бірін иеленіп отыр. Бұл компания елімізде өз өндірісін 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап ұйымдастырды. Компания құрған зауыт жылына 35 электровоз шығара алады. Осы өндіріс орнында бүгінгі күні 270 жұмыс орны құрылған. Биылғы жылы қосымша 119 жұмыс орнын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Мұның сыртында 2014 жылы компания теміржолға қажетті қосымша өнімдер шығаруды қолға алды. Бүгінгі күні осы өндіріс орнында 45 жұмыс орны құрылып отыр. Өміршең жобалар Жаңа индустрияландырудың бірінші бесжылдығында отандық және шетелдік инвестициялардың құйылуы нәтижесінде елімізде 170-тен астам ірі жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында, Атырау облысындағы полимерлік өнімдер өндірісі; Шалқия кенішіндегі полиметалл рудаларының кен орындарын өнеркәсіптік өндіруге дайындау; ауыл шаруашылығы мен көлік саласында техникалар шығару; Ақтөбе рельс-балка зауытын іске қосу; құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар салу; дәрі-дәрмек өндірісін дамыту; түрлі автокөліктер құрастыру; еліміздің көліктік, коммуналдық инфрақұрылымдарын жетілдіру; көлік-логистикалық орталықтар құру, жол және электр желілерін салу; туризмді дамыту және ауыл шаруашылығын жетілдіру бағытындағы көптеген жобалар бар. Солардың кейбіріне аздап тоқталайық. Атырау облысындағы полимерлік өнімдер өндірісі жобасы: Бұл Қазақстан мен Орталық Азиядағы полимер қаптамалар мен мөшектер, полипропилен, полиэтилен өнімдерін шығаратын ең ірі кәсіпорын болып табылады. Жобаның бастамашысы – «Бірлескен химиялық компания» ЖШС. Жоба 2012-2015 жылдары жүзеге асуы тиіс. Жылына 500 мың тоннаның өнімдерін өндіруге лайықталған жаңа кәсіпорын үстіміздегі жылдың қыркүйегінде іске қосылып, 2016 жылы өзінің өндірістік қуатына жетеді деп жоспарланған. Ол Атыраудағы интеграцияланған газ-химия кешенінің өнімдерін тұтынатын болады. Сөйтіп, елімізде ілеспе газды өндірістік мақсатқа пайдаланудың және оны тереңдете өңдеудің тиімді жобасы іске асады. Ауыл шаруашылығы, коммуналдық және тасымалдау техникалары өндірісін ұйымдастыру жобасы: Бұл жоба еліміздің машина жасау саласын әртараптандыруға, Қазақстанның импорттық өнімдерге деген зәрулігін төмендетуге, еліміздің ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңғыртуға қызмет ететін болады. Жоба толық қуатында жұмыс істегенде, жылына 350 астық жинау комбайны, 4 мыңнан астам түрлі ауыл шаруашылығы техникалары (тракторлар, тіркемелер, мал азығын дайындайтын техникалар) шығарылады. Жоспар бойынша ол 15 жылдың ішінде 26 миллиард 792 миллион теңгенің кірісін кіргізуге тиіс. Құрылыс кезінде 50 адам жұмыс істесе, зауыт пайдалануға берілген соң, 128 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Жобаның орналасқан орны – Петропавл қаласы. Жүзеге асырушы – «Самұрық-Қазына Инвест» компаниясы.Шетел қаржысы – Қазақстан игілігіне
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) деректері бойынша әлемде 2005-2009 жылдармен салыстырғанда, 2010-2013 жылдары тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 20 пайызға төмендеді. 2007 жылы жаһандық тікелей шетелдік инвестициялар 2 триллион долларды құраса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 1,45 триллион доллар көлемінде қалыптасты. Міне, осындай жағдайға қарамастан, дағдарыс жылдарының өзінде Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың келуі тұрақты қарқынын сақтап қалды. 2010-2014 жылдар аралығында елімізге 125,5 миллиард доллардың инвестициясы келді. Бұл 2005 жылдан бері елімізге келген барлық тікелей шетелдік инвестициялардың 60 пайызын құрайды. Сөйтіп, жаңа индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырудың бірінші бесжылдығында елге келген инвестициялар көлемі оның алдындағы 18 жыл бойы келген инвестициялар көлемінен асып түсті. 2010-2014 жылдар аралығында тікелей шетелдік инвестициялар, әсіресе, кәсіпқойлық, ғылыми және техникалық қызметтерге көбірек құйылды. Соның ішінде, ақпараттандыру және байланыс, құрылыс салаларына келген инвестициялар көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Елдер арасынан, әсіресе, Нидерландтан көбірек инвестициялар тартылды. Бұл ел Қазақстанға 38,4 миллиард доллардың инвестициясын салды. Бұл – индустрияландыру жылдарында елімізге келген инвестициялардың 30,6 пайызын құрайтын көрсеткіш. Сондай-ақ, АҚШ-тан 11,4 миллиард доллар (9,1 пайыз), Швейцариядан 11,3 миллиард доллар (9 пайыз), Қытайдан 9,9 миллиард доллар (7,9 пайыз), Франциядан 6,1 миллиард доллар (4,9 пайыз), Ресейден 5,9 миллиард доллар (4,7 пайыз), Ұлыбританиядан 5,2 миллиард доллар (4,3 пайыз) инвестиция тартылды. 2010-2014 жылдар аралығында еліміздің металлургия өнеркәсібі мен дайын металл өнімдері өндірісіне 14,5 миллиард доллардың, тағам өнімдері өндірісіне 1,2 миллиард доллардың, компьютерлер және электрондық өнімдер өндірісіне 813,9 миллион доллардың, резіңке және пластмасса бұйымдар өндірісіне 465 миллион доллардың тікелей шетелдік инвестициялары тартылды. Бетті әзірлеген Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».