03 Шілде, 2010

ЕЛ ҚУАТЫНЫҢ ТІРЕГІ

523 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қазақстан Магниткасына 50 жыл толды. Президент Н.Ә.Назарбаев  №4 домна пешінде мерекелік шойын алынуына қатысты. Мемлекет басшысының өнді­ріс­ті өңірге жұмыс сапары кеше Те­міртауда жалғасты. Қала тұр­ғын­дары өз орталарынан шыңдалып өскен Президенттің бұл жолғы келуіне қуаныштары бөлек болды. Отандық индустрияның алыбы – Қарағанды металлургия комби­на­тында қазақстандық тұңғыш шой­ын алыну оқиғасы дәл 50 жыл бұ­рын болған еді. Ел тарихындағы елеулі белес саналатын сол күн әр теміртаулықтың есінде. Аға толқын көз алдында, жас ұрпақ құлағына қанық. Президент Н.Ә.Назарбаев ат ба­сын бірден алғашқы еңбек орта­сына тіреді. Оның да ыстық бір ұя­сы – домна пеші алдына тоқтады. Кешегі еңбектес әріптестер, олар­дың бүгінгі ізбасарлары күтіп тұр­ған еді бұл жерде. Біразын жазбай танып, хал-жағдай сұрастырған Елбасы мерекелік шойын алыну рәсіміне қатысушы топты бастап, домна көрігіне көтерілді. Мерекелік шойын алу сенімі жас горновойлар Сергей Жмурин мен Нұрым Әліпбаевқа көрсетілген екен. Бұл міндетті өздері де талай рет атқарған, қыр-сырын жетік бі­летін аға буын горновойлар ал­дын­да, солардың ортасындағы Елбасы алдында шеберліктерін танытып, сыннан сүрінбей өту жауапкер­шілігі айтып жеткізгісіздігін іштей сезінген тілеуқор жұрт назары екеуі­­нің қимылында. Қанша айтқанмен мұндай сенім екінің біріне көрсе­тіл­мегені бірден бай­қалды. Горно­вой­лық мамандықты меңгеріп, содан қол үзбей келе жатқандарына он жылға жуықтаған жігіттер үйрен­шікті істеріне мы­ғымдықтарымен сүйсіндірді. Шой­ынның ажыратылу уақытын дәл анықтап, қып-қызыл балқыманы астаушаға ағызған еке­уінің бұл үде­рісті сәтті өткізгеніне Президенттен бастап барша жинал­ғандар қол соқты. Байырғы металлургтерге жас Назарбаевпен бірлесіп 1960 жыл­дың 3 шілдесінде осылайша алғаш шойын ағызған шақ қаз қалпында көз алдарына келе қалғандай болды. – Мен бұл сәтке көп күн дай­ындалдым. Бүгін ерте келіп, әдет­тегі жұмыс барысын қайта-қайта пайымдап шықтым. Әсіресе, іштей толқуым көңілімді абыржытқандай еді. Пеш алдына келгенімде басыл­ды. Елбасының көзінше, кәнігі горновойдың көзінше шойын алу жеңіл ме. Міндетімді мүлтіксіз атқарып шыққаныма қуанышымда шек жоқ, – деді Нұрым өзін қау­малаған журналистерге ағынан жарылып. Онымен бірге шойын ағызған, жас жұмысшылар мен мамандар­дың мұның алдында Қарағандыда Президентпен өткен кездесуіне қа­тыс­қан Марат Атшабаров айтқан­дай, комбинаттағы ең қадірлі ма­мандық – горновойшылар қата­рында өздеріндей жастар аз емес. Бірқатары Қарқаралы, Егіндібұлақ, Нұра, Ақтоғай өңірлерінен, осында тағдыр тоғыстырған. Бес ағайынды Атшабаровтарша металлургтер әулетін құрушылар көбейген. Ауыл өрендеріне алып өндіріс өмірге үлкен жол ашыпты. Кеше де солай болған. Бүгін де солай. Магни­т­каның қа­шанда еңбектің алтын ұясы болып қала бермектігі тағы бір танылуда. Елбасы бұдан соң қалалық Мә­дениет сарайына келіп, қазақстан­дық тұңғыш шойын алынуының 50 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысушыларды құт­тықтады. – Бұл тарихи мәні зор оқиға бүгінгідей көз алдымда. Бұдан жар­ты ғасыр бұрын елімізде бұрын-соң­ды болмаған өнеркәсіп алыбы дү­ние­ге келді. Сарыарқа төсіндегі сол тұстағы шағын Теміртау қаласы қай­наған өндіріс ошағына айналды. Ос­ында тұңғыш шойын қорытпасы алынды. Қазақстан Магниткасы – ең­бектің еңселі ескерткіші. Көзінде от ойнаған, жүрегінде жалын маздаған алғашқы домна пешін 2 жылда іске қосты. Қарапайым еңбек адам­дарының бұл ерлігі мәңгі ұмы­тыл­майды. Қазақстан Магниткасы – халық бірлігі мен жасампаздығының жар­қын үлгісі. Мұнда алуан түрлі ұлт өкілдері жұмыла еңбек етті. Бірлігі жарасқан халық Те­мір­тау­ды тату­лық бесігіне айналдырды. Қара металлургияның қараша­ңырағы болған Магнитка арқылы Қазақстан кеңестік кеңістіктегі алып индустриялы елге айналды. Тоқсаныншы жылдардың еліміз үшін күрделі кезең болғанын бар­шаңыз білесіздер. Кеңес Одағы ыды­рап, қалыптасқан жүйенің бұзы­луынан комбинат қиын жағ­дайда қалды. Сол тұста тығырықтан шығар жалғыз жол – шетелден инвестиция тарту еді. Дер кезінде қуатты инвестор таба алғаны­мыздың арқасында біз комбинатты аман сақтап қалдық. Бұл – біздің металлургтердің және “Арселор Миттал Теміртау” компаниясы бас­шылығының жемісті жұмысы­ның нәтижесі. Біз дағдарыс салдарын дабырмен емес, сабырмен еңсердік. Менің тапсырмам бойынша аза­маттардың әлеуметтік қорғалуы қамтамасыз етілді. Қазір дағдарыстан дамуға бет түзедік. Еліміз экономикалық өр­леу­дің жаңа белесіне аяқ басты. 2020 жылға дейінгі Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы қолға алынды. “Бизнестің жол кар­тасы-2020” бағдарламасы жасалып, жүзеге асырыла бастады. Бұл бағ­дарламада металлургия саласы ба­сым бағыттардың бірі ретінде қа­растырылған, – деді Президент өз сөзінде. Осы орайда болатты үздік­сіз құю, ыстықтай мырыштау және қалайылау, сортты прокат өндірісі іске қосылғаны аталып, 2015 жылға дейін жаңа қосымша қуаттар пайда болатындығын тыңдаушылар разы­лықпен қабылдады. Стратегиялық жоспар бойынша кәсіпорында бо­лат өндіру көлемін жылына 6 мил­лион тоннаға жеткізу көзделген. Мұның өзі алыптың тынысы тыңнан еседі деген сөз. Н.Ә.Назарбаев мерекелік жина­лысқа қатысушыларды жақсы ха­бар­мен қуантты. “Мен Қазақстан Маг­ниткасының 50 жылдық мерей­лі мерекесіне орай бірқатар аза­маттарды еңбектегі ерен табыстары мен Отанымызға сіңірген адал қызметтері үшін мемлекетіміздің жоғары наградаларымен марапаттау жөніндегі Жарлыққа қол қойдым”, деп сүйінші хабарды теміртау­лық­тарға алғаш жеткізген Елбасы “Қазақстанның Еңбек Ері” жоғары атағы белгісін байырғы болат бал­қытушы Арғын Жүнісовтің кеуде­сі­не алдымен тақты. Аға өндіріс мас­тері Виктор Деркачқа “Отан”, сал­қын металл кесушісі Виктор Тка­ченко мен Ресей Федерациясы Қаржы-өнеркәсіптік топтары қауымдастығының президенті Олег Сосковецке ІІ дәрежелі “Барыс”, жөн­деу цехының бастығы Жанас Ары­совқа ІІІ дәрежелі “Барыс”, “Ар­селор Миттал” компаниясының ие­гері Миттал Лакшмиге ІІ дәре­желі “Достық”, еңбек ардагері Тө­ле­ген Адам-Юсуповке, сумен қам­тамасыз ету цехының бастығы Андрей Бегенеевке, Теміртау қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Нина Вахитоваға және Теміртау қаласының әкімі Нүркен Сұлтановқа “Құрмет” ордендері табыс етілді. – Мен де жастайымнан келе­ше­гімді Теміртаумен біте тамыр­лас­тырған жанмын. Өмір қуанышым­ды осы қаладан, оның тыныс тірегі – металлургиялық комбинаттан таптым. Ол көз алдымызда өсті. Өрлей бермектігі мерейлендіреді. Мұның өзі ең алдымен Нұрсұлтан Әбішұлының кәсіпорнымызды қолдап, ұдайы қамқорлық көрсетіп отыруының, инвесторға талапшыл­дықтың арқасы. Ұзақ жылғы еңбегім жоғары бағаланып, “Барыс” орденімен ма­рапатталуым – маған зор мәртебе. Бұл құрметті награданы Тұңғыш Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Назар­баевтың өз қолынан алып тұруым – ғұмырымдағы ең бақытты сәт. Ме­­тал­лургтердің ауыр еңбегін бас­тан өткерген, көзбен көрген, жү­рек­ке түйген Елбасымыздың бізді осындай атаққа лайық көруі – биік құрмет, – деп Жанас Арысов мара­патталушылар атынан ақ алғысын жеткізді. Салтанатты жиналыс соңы “Маг­нитка – менің тағдырым” театр­ландырылған концерттік бағ­дарламаға жалғасты. Жиналғандар көз алдынан комбинат, қала өмірін, бейнесін түбірлі өзгерткен өткен­де­гі 60-шы, 70-ші жылдар жастары­ның жарқын істері көрініс берді. Теміртау бүгінде танығысыздай жайнап, құлпырған шағында. Өз адамындай көретін сүйікті Прези­денттері үшін қуаныштың үлкені, тартудың қымбаттысы жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер, мектептер, зәулім ғимараттар екенін білетін теміртаулықтардың қашанғыдай алға тартарлары бұл жолы да аз болмады. Елбасы қалаға кіреберіс бас көшенің екі жақ қапталында бой көтерген мешіт пен право­сла­вие храмын, “Неке сарайы” салта­нат үйін барып көрді. Қарағанды металлургия комби­на­ты өзінің екінші елу белесіне аяқ басты. Екпінді еңбек үні одан әдет­тегідей алысқа жаңғырып отыр. Ел қуатының тірегі дәстүрлі көшбас­шы­лық жолына болаттай берік. Айқын НЕСІПБАЙ. ТЕМІРТАУ. ---------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.