24 Маусым, 2015

Табиғат тілімен сөйлейтін ақын

528 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Без имени-1Кеше Маңғыстау облысы мәдениетінің Астана қаласындағы күндері аясында «Шабыт» шығармашылық орталығында ақын Оңайгүл Тұржанның әдеби сазды-драмалық «Теңіздер де шөлдейді» атты шығармашылық кеші өтті. Жыр кешіне көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбаев, танымал ғалым Мырзатай Жолдасбеков бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері, Астана қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерлері  қатысты. Ақын, филология ғылымда­рының кандидаты Оңайгүл Тұржан бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану фа­культетінің доценті. Ол сондай-ақ, Фариза Оңғарсынова апамыз негізін қалаған «Тұмар» журналының бас редакторы, ғалым-зерттеуші, аудармашы. Жыр кешінің иесі осыған дейін «Самал», «Шерқала», «Жыр кітабы» сияқты бірнеше кітаптарды шығарып үлгерген талант иесі. Осындай еңбектері үшін Төлеген Айбергенов атындағы әдеби сый­лықтың лауреаты атанған. Мазмұнды өлеңдерімен көп­шілік ықыласына бөленген Оңай­гүл Тұржан өзінің жыр кешін­де баспасөз өкілдеріне сұхбат берді. «Бүгінгі қоғамды түзу жол­ға салып, тәрбиелейтін құрал – өлең, – деді ақын. – Негізінен мен өзім­нің өлеңдерімді бір шолып қарап өтсем, азаттыққа жеткенге дейінгі, азаттықты алғаннан кейінгі жағдайлар табиғаттың тілімен сөйлеген екен. Сол табиғаттың тілімен сөйлеген бостандық туралы, сол бостандықты алған­нан кейінгі көңіл-күйімізді жет­кізе­тін өлеңдерді жинақтап, азаттық туралы осындай кешті ұйымдастырып жатырмыз». «Теңіздер де шөлдейді, шаршатты оны күнгей леп. Жартасқа да сенбейді, арғы тегің құм ғой деп»,  – деп келетін өлең жолдарынан та­биғат, құм, жусан, теңіз толқыны болып тіл қатып,  жан-жүрегімен образға кіре білетін ақын шеберлігі мен шынайылығы жыр кешіне жи­налған кім-кімді болмасын бейжай қалдырмады. Әсіресе, сахнадағы бейнетаспа арқылы көрсетілген әсем табиғаттың көркем көріністері ақын жырларымен қосыла ұштасып, үн­десіп, оқырман көңілін толқытып, те­бі­ренте білді. Сөйтіп, көрермен қауымды ерекше әсерге бөледі. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист. Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.