Қазақстан Магниткасының 50 жылдығын мерекелеу қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Еңбек Ері атанған белгілі болат балқытушы Арғын Жүнісовпен қатар еңбек ардагерлері мен Қарағанды облысы “Арселор Миттал Теміртау” акционерлік қоғамы қызметкерлерінің бір тобы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды.
“Отан” орденіне “Арселор Миттал Теміртау” АҚ аға өндіріс шебері В.И.Деркач ие болды.
ІІ дәрежелі “Барыс” орденімен Ресей Федерациясы Қаржы-өнеркәсіп топтары қауымдастығының президенті, Қарағанды металлургия комбинатының бұрынғы бас директоры О.Н.Сосковец пен “АрселорМиттал Теміртау” АҚ суық металдарды кесушісі В.П.Ткаченко, ІІІ дәрежелі “Барыс” орденімен “Арселор Миттал Теміртау” АҚ цех бастығы Ж.Арысов марапатталды.
Еңбек ардагерлері М.А.Ақбиев пен Т.А.Ахановтың, “Арселор Миттал Теміртау” АҚ домна цехының бригадирі С.Әшімовтің сіңірген еңбектері “Парасат” орденімен атап өтілді.
І дәрежелі “Достық” орденімен еңбек ардагері А.Г.Коркин, ІІ дәрежелі “Достық” орденімен – еңбек ардагері Н.Г.Давыдов және “Arcelor Mіttal” металлургия компаниясының иесі Лакшми Миттал марапатталды.
Еңбек ардагерлері Т.Д.Адам-Юсупов, В.А.Бардашов, Н.Н.Назаров, В.А.Никонов, В.М.Стринжа, Е.И.Төлеубаев, Теміртау қалалық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрайымы Н.Т.Вахитова, Теміртау қаласының әкімі Н.Е.Сұлтанов, сондай-ақ “Арселор Миттал Теміртау” акционерлік қоғамының қызметкерлері: цех бастықтары А.А.Бегенеев пен Е.Т.Смағұлов, слесарь В.О.Кобер, болат балқыту өндірісінің директоры В.Е.Лаукарт, суық металдарды аға кесуші В.А.Цой “Құрмет” орденінің иегерлері атанды.
“Ерен еңбегі үшін” медалімен еңбек ардагері Д.К.Ахметова, цех бастығы А.В.Ильяшенко, цех бригадирі Т.Кенжалиев, зертхананың жетекші инженері А.А.Колодяжный, слесарь-жөндеуші В.Н.Мальцев наградталды.
Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасына “Арселор Миттал Теміртау” АҚ цех машинисі В.Н.Гладких, цех бригадирі Т.Г.Мұхатов, цех аппаратшысы Е.М.Петровский ие болды.