АҚТӨБЕ. 19 ақпан. Ақтөбеде 2017 жылға дейін Әйтеке би, Ойыл және Ырғыз аудандарының орталықтары газ құбырына қосылатын болады. Бұл туралы облыстық «Ақтөбе « газеті хабарлады.
Осы өңірлердегі 17 мың тұрғын арзан табиғи отынды пайдалану мүмкіндігіне ие болмақ. Жергілікті ілеспе газ тағы да 20 мыңнан астам тұрғыны бар 30 елді мекеннің игілігіне айналады деп күтілуде. Осы кезеңде өңірде 17 жобаны жүзеге асырып, газ бөлу желілерін құрылымдау қарастырылуда. Бұған 20 миллиард теңге шамасындағы қаржы жұмсалатын болады. Ақтөбе агломерациясын дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын жаңғырту бойынша Елбасы тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысының әкімшілігі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ арасында ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумына қол қойылды. Келісімге сәйкес облыста үш автоматтандырылған газ бөлу стансасының құрылысы қарастырылып, газ бөлу жүйесін жаңғырту көзделуде. Сондай-ақ, жеке сектордағы тұрғын үйлер учаскесіне дейін ауылішілік газ желілерін жүргізетін газ құбыры-бұру желісі құрылысы қолға алынады.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың айтуынша, брінші кезекте Ақтөбе, сондай-ақ, Алға, Қандыағаш қалаларында автоматтандырылған газ бөлу стансалары салынатын болады. Облыс басшысы, сондай-ақ агломерация құрамына енетін Алға ауданындағы Богословка, Қарғалы ауданындағы Қосестек, Хромтау ауданындағы Аққұдық, Мұғалжар ауданындағы Алтынды, Талдысай, Еңбек селоларына газ жеткізілетінін айтты. Сондай-ақ, осындай шаралардың нәтижесінде облысты интенсивті индустриалды дамыту, Ақтөбе қаласын агломерациялық процестер орталығы ретінде құрылымдау, кең ауқымда құрылыс жұмыстарын жүргізу, шағын және орта бизнесті дамыту мүмкіндіктері ашыла түспекші.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек: «Ақтөбе « газеті.
Сурет: thenews.kz.