19 Ақпан, 2015

Ақмола облысының әкімі жылдық есеп берді

322 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
DSC_0172КӨКШЕТАУ. 19 ақпан. Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин жұртшылық алдында «Облыстың 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2015 жылға арналған міндеттер туралы» есеп берді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Есеп беру жиынында белгіл болғандай, облыста өткен жылы көзделген шараларды іске асыру есебінен экономиканың нақты өсімі 105,5 пайызды құрап, тұңғыш рет 1 триллион теңгеден асты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,6, жалпы ауыл шаруашылығы өнімі 2,2, құрылыс жұмыстары 16,1 және тұрғын үйлерді пайдалануға беру 3,4 пайызға артты. Экономикаға инвестициялар тарту 122,3 пайызға (181 миллирад теңге) тең болды. Іс жүзінде барлық қызмет түрлерінде және әлеуметтік саясатта қол жеткен экономикалық серпіліс орташа айлық жалақының 7 пайызға жуық өсуіне жағдай туғызды. Жаңадан 11 мыңнан астам жұмыс орнының құрылуы мұндай санаттағылардың санын 6 пайызға азайтып отыр. Жергілікті бюджетке салық аударымдары 16,4 пайызға ұлғайды. Тұтыну бағаларының индексі 100,4 пайыз деңгейінде болды. Облыста мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығы ойдағыдай жүзеге асырылды,-деді одан әрі өңір басшысы. Атап айтқанда, индустрияландыру картасының шеңберінде 119,6 миллиард теңгенің 49 жобасы іске қосылды. Бұл бес мыңнан астам тұрақты жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді. 2014 жылы  өнеркәсіптің өндіріс көлемі 295,2 миллиард теңгеге жетті. Осының нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерінің  индексі 105,6 пайызды құрады. Бұл – республикадағы екінші көрсеткіш. Биылғы жылы индустрияландыру үдерісінің екінші бесжылдығы шеңберінде 644,8 миллиард теңгенің 36 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл шамамен 27 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ал ағымдағы жылы 121 миллиард теңгенің 25 жобасын аяқтау жоспарланыпты. Яғни, тағы да 2 мың адам тұрақты нәпақа көзін табады деген сөз. Бүгінгі күні облыстың 350 гектар аумағында 4 индустриялық аймақ құру мәселесі пысықталғаны белгілі болды. Нақтылай түссек, Көкшетау және Степногор қалалары негізгі индустриялық аймақтың, ал Шортанды мен Целиноград аудандары көлік-логистикалық кешеннің негізін қаламақ. Бұл Астана айналасындағы агломерациялық ерекшеліктерге негізделіп жасалған жоба. Ақмола диқандары ауа райының қолайсыздықтарымен алысып жүріп құт қамбаға 4,5 миллион тонна астық құйды. Гектар түсімділігі 11 центнерден айналған. Әкім биыл егістік көлемі 4 миллион гектардан кемімейтінін, сондықтан дайындық жұмыстары қатаң бақылауда ұсталатындығын ескертті. Сондай-ақ, елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті күшейту мақсатында мал шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлінетіндегі атап көрсетілді. Облыста еттік бағыттағы 23 репродуктор-шаруашылықтар құрылған. Жыл ішінде бұлар 3600 асыл тұқымды ірі қараны аукцион арқылы саудаға шығаруын, есепті кездесуге қатысушылар, қосымша табыс көзі ретінде бағалады. Бұған қосымша, жаңа өндіріс ошақтары ашылуы нәтижесінде ауыл щаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу күрт өскендігі тілге тиек етілді. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Астана қаласының маңайындағы азық-түлік белдеуін құру бойынша мақсатты жұмыстар атқарылуда. Баяндамашы бұл орайда, өткен жылдың өзінде 12 миллиард теңгенің 18 жобасы игілік төккенін айтты. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу есебінен Астана тұрғындарын сүтпен қамтамасыз ету 40, ет – 46 пайызға өссе, ұн және жұмыртқа бойынша 100 пайыз өтеліп отыр. Мұнда шағын және орта бизнес нысандарының үлесі де салмақты. Есепті кезеңде тұрғын үй құрылысына 22 миллиард теңге инвестиция бағытталып, 268 мың шаршы метр тұрғын алаңы пайдалануға берілгені көңіл көншітеді. Осының арқасында 2500 отбасы баспаналы болды. Биыл оның көлемі 285 мың шаршы метрге жетпек. Сондай-ақ, әлеуметтік жалдамалы үйлер құрылысы 4 есеге ұлғайтылып 15 мың шаршы метрді құрайтыны, тұрғын үй-коммуналдық кешенді қуаттандыру, «Ақ бұлақ» бағдарламасының жоспарлы жүргізілуі ел тіршілігін жақсарта түсетіні анық. Облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының барлық жоспарланған іс-шаралары жүзеге асырылғанына қанықтық. Әйткенмен, елді-мекендерде жұмыс күшінің жетіспеушілігі бар. Мәселен, 22 ауылдық округте мал дәрігерлері жоқ екен. Осыған байланысты облыс әкімінің шәкіртақысы тағайындалған. Былтыр «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 439 жас маманға жолдама беріліпті. Есепті кездесуге Қазақстан республикасының Әділет министрі Берік Имашев пен Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев және Президент Әкімшілігінің бас инспекторы Қалдыбек Байымбетов қатысты. Бақберген Амалбек. Дерек, сурет: egemen.kz.