03 Шілде, 2010

ДАҒДАРЫСПЕН КҮРЕСТІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ НҰСҚАСЫ

548 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
АСТАНА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФОРУМЫНДА ҚОЛДАУҒА ИЕ БОЛДЫ Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында әлемдік үздік экономис­тердің басын қосып, дағдарыстан кейінгі дүние жағдайымен қызу пікір алмасып жатқан ІІІ Астаналық экономикалық форумының екінші күнгі пленарлық отырысына еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов  қатысып, сөз сөйледі. Алдымен пленарлық отырыс­тың модераторы, Қазақстандағы Бү­кіләлемдік банктің бас экономисі Джон Литвак сөз алып, пленарлық отырыстың 2 бөлімге бөлінетінін ха­барлады. Алғашқы бөлім “Дағда­рысты жеңу жөніндегі халықаралық тәжірибе” тақырыбына арналса, түс­тен кейінгі бөлімде қаты­су­шы­лар ТМД елдерінің “дағдарыстан кейінгі дамуына” тоқталды. Бұдан соң сөз Үкімет басшысына берілді. Кәрім Мәсімов дәстүрлі эко­но­микалық форумның конструктивті ашық пікірталас алаңына айналып отырғандығын тілге тиек етті. Би­ылғы жылдың бір ерекшелігі, жа­һан­дық экономикаға өсу көрсет­кі­шінің қайта тән бола бастауы. Дағ­дарыс бүкіл дүние жүзінің эко­но­микалық дамуында терең із қал­дыр­ды. Көптеген елдерде жұмыс­сыз­дық деңгейі әлі күнге дейін ре­кордты дәрежеде қалып отыр. Фис­кальды әлсіздік қаржы рыногына әсерін тигізуі себепті әлеуметтік са­ладағы дағдарыс салқыны әлі күнге дейін айқын білінуде. Жақында ғана Еуропада орын алған оқиғалар жаһандық экономиканың белгісіз­дік тәуекелімен тағы бетпе-бет ке­ліп отырғанын айғақтайды. Бәлкім біз 12 ай бұрынғы күйімізден жақ­сы шығармыз, алайда бұл қол жет­кізген жетістігіміз болашақта аб­со­лютті сеніммен масайрауымызға жол бермейді. Осыны ескере оты­рып, мен Үкіметіміздің жаһандық дағдарысқа қарсы қалай әрекет еткендігін, сондай-ақ дағдарыстан кейінгі дамуға арналған жоспарын талқылағым келеді”, – деді ол. Қазақстан дағдарыс салқынын алдымен сезінген елдердің бірі бол­ды. 2007 жылы халықаралық қар­жы-несие дағдарысы біздің қаржы жүйемізге қатты қысым көрсетті. Ол өз кезегінде қарыз алудың ішкі көздеріне тәуелді болып қалды. Бұдан соң 2008 жылы біздің экс­порт өнімдеріне деген әлемдік сұра­ныс та төмендеп кетті. Мұның бәрі айналып келгенде, эконо­ми­калық белсенділігімізді төмендетіп жіберді. Дәл осы кезеңде Қазақстан Үкіметі тез уақыт аралығында ба­тыл  шешімдер қабылдады.  Біз не­гізгі күшімізді бірқатар салаларға ба­ғыттадық. Банк секторын тұрақ­тандыруға, әлеуметтік қорғаудың, халықтың әлсіз тобына деген қам­қорлықты күшейтуге, сала, ауыл шаруашылығын инвестициялауға, орта және шағын бизнесті қолдауға назар аударылды. Жалпы алғанда, дағдарысқа қарсы қабылданған ша­ралар экономикамызға 19 млрд. долларға жуық қаржы бөлінуін қамтамасыз етті. Бұл ІЖӨ-нің 18 пайызын құрады. Бұл шаралардың Қазақстан экономикасының дұрыс бағытқа жылжуына мүмкіндік бергені ақи­қат. 2009 жылы біз аз болса да саз өсу көрсеткішіне қол жеткіздік. Ал­ғашқы жартыжылдықта экономи­ка­лық өсу көрсеткіші 7 пайызды құ­раса, жұмыссыздық деңгейі дағда­рысқа дейінгі кезең көрсеткішіне дейін төмендеді. Алайда, фискаль­ды стимул “негізгі мәселені уа­қыт­ша шешуге арналған” қабылдау ше­шімі болып табылады. Жаһандық дағдарыс рыноктың құлдырауы мүмкін екен­дігін, осы орайда Үкіметтің эко­но­миканы қолдан басқару арқылы жағ­дайды тұрақтандыруға көмек­тесе алатын­дығын көрсетіп берді. Алайда, Үкі­мет өсу көрсеткішін жоғарылатуға түрткі болатын және жаңа жұмыс орындарын құратын жеке меншік бизнестің орнын алмастыруға тал­пынуға тиіс емес, тіпті алмастыра алмайды да, деп атап көрсетті Премьер-Министр. Сөзінің соңында Кәрім Мә­сімов Қазақстан Үкіметі эконо­ми­калық жағдайымыз мүмкіндік берген кез келген уақытта мемлекет экономикасын қолдан басқаруды тоқтататындығын білдірді. “Қазіргі күні Қазақстан білім мен дағды, яғни тәжірибе саласына қатты кө­ңіл бөлуде. Біз дағдарыс жылдары білімге деген гранттар санын арттырдық. Жақында ғана ашылған “Назарбаев университеті” әлемнің жетекші оқу ордаларымен бәсекеге түсетін болады. Ел Үкіметі атынан бізге көмектесіп, қолдау көрсеткен қаржы институттарына үлкен алғы­сымды білдіремін”, деді Премьер-Министр. Үкімет басшысының сөзінен кейін Еуразия экономикалық қауымдастығының бас хатшысы Тайыр Мансұров, ЕҚЫҰ эконо­ми­калық және экологиялық қызме­ті­нің үйлестірушісі Горан Свила­но­вич, Франция Экономика, өнеркә­сіп және халықты жұмыспен қамту министрлігінің Сыртқы сауда мәсе­лелері жөніндегі мемлекеттік хат­шысы Анн-Мари Идрак, Бүкіл­әлемдік банктің атқарушы дирек­торы Константин Хубер, Кореяның бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі пре­зиденттік кеңесінің төрағасы Ман-Су Канг сөз сөйледі. Біз әлем­дегі жағдайға үнемі сараптама жүргізіп отыруымыз қажет, өйткені Уол стриттың бұрыс шешімі тіпті “көшелері жоқ” елдерге де әсерін тигізген болатын. Үлкен жиырма­лық елдерінің басқосуы прагма­тизм­нің нәтижесі. Менің әріптес­терім мұндай басқосуларға жиі қатысып тұрады. Дегенмен, бола­шақ­та біз аталмыш басқосулар да­муға қандай көмегін тигізеді деген бағытта сараптама жасап отыруымыз керек, деді Горан Свиланович. Бүкіләлемдік банктың атқару­шы директоры К.Хубер мырза “Біз Қа­зақстанның 2020 атты стра­те­гия­лық жоспарында анықталған бір­қатар ірі жобаларын көре отырып, әлемдік даму барысында бұл мем­лекеттің өз орнын анықтауға деген ұмтылысына сеніммен қараймыз. Оған қоса Қазақстан болашақта кі­рістің ортадан жоғары деңгейіндегі ел ретінде халықаралық донор ел­дер қоғамдастығында маңызды ор­ын алады деген үміттеміз. Қазақ­стан­ның соңғы 3 жыл ішінде дағда­рысты еңсерудегі жетістіктері өзге де қауіп-қатерлерге қарсы тұра алатындығына сеніммен қарай­мыз”, деді ол. Ал Кореяның бәсекеге қабілет­тілігі жөніндегі президенттік кеңе­сінің төрағасы Ман-Су Канг Ко­рея­ның бұл дағдарыстан қа­лай өт­кен­­дігі туралы қысқаша ай­тып өтті. Осы жылдың қараша ай­ын­да Сеул­де өтетін әлемнің 20 ірі елі­нің жи­на­­лысына ресми хат жол­да­саңыз­дар, үйлестіру кеңесі бұл ша­рамен ай­налысады, деді Корея өкілі. Түстен кейін ТМД елдерінің дағ­дарыстан кейінгі даму баптары талқыланды. Венера ТҮГЕЛБАЙ.