19 Ақпан, 2015

Петропавлда «Солтүстік Қазақстан» газетінің 95 жылдығы атап өтілді

835 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
soltustikkaz-kzПЕТРОПАВЛ. 19 ақпан. Алғашқы нөмірі Омбы қаласында 1920 жылы ақпанда «Кедей сөзі» деген атпен шыққан бүгінгі «Солтүстік Қазақстан» газетінің 95 жылдығы облыстың мәдени-рухани өміріндегі айтулы оқиға ретінде қарастырылып, арнайы жарияланған   апталық шеңберінде атап өтілуде. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Он тоғызыншы ақпандағы тұтас санында еліміздің, өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды өзгерістер мен жан сүйсінертер жақсы істерді, қалыптасқан іс-тәжірибелерді талмай насихаттап келе жатқан Қазақстандағы байырғы басылымның даму тарихы, ұлттық мінберге қалай айналғаны, қандай ұлт тұлғалары басшылық жасағаны, қызмет еткені, қазіргі шығармашылық әлеуеті жайлы кеңінен баяндалған. «Кедей сөзі, «Бостандық туы», «Кеңес ауылы», «Ленин туы» деген атаулармен жарық көріп, тіл, діл мәселелерін өткір көтеріп отырған. Оның қабырғасында әр кездері Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров, Сәбит Мұқанов, Мәжит Дәулетбаев, Елжас Бекенов, Шахмет Құсайынов, Әлжаппар Әбішев, Әбділдә Тәжібаев, Жақан Сыздықов, Жұмағали Саин, Диқан Әбілев, Сафуан Шаймерденов, тағы басқа есімдері елімізге кенінен таныс қаламгерлер еңбек еткен. Мерекелік нөмірде облыс әкімі Ерік Сұлтановтың, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, академик Зейнолла Молдаметовтың, «Егемен Қазақстан» газетінің вице президенті-бас редакторы Жанболат Аупбаевтың, тіл жанашырлары мен оқырмандардың жүрекжарды құттықтау-лебіздері берілген. «Қызылжар-Ақпарат» медиахолдингінің директоры, газеттің басшысы Кәрібай Мұсырман арнау мақаласында Қызылжар жұртшылығының рухани шаңырағының Ел Тәуелсіздігіне қалтқысыз қызметі жөнінде пайымды мысалдар келтірген. Апталық аясында облыстық әкімдікте редакция ұжымын қабылдау, таңдаулы қалам иелерін марапаттау, жер-жерлерде оқырмандар конференцияларын өткізу, кездесулер ұйымдастыру шаралары көзделген. Өмір Есқали. Дерек, сурет: egemen.kz.