20 Ақпан, 2015

Солтүстік Қазақстанда браконьерлер ұсталды

387 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
iПЕТРОПАВЛ. 20 ақпан. Солтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары Жамбыл және Тимирязев аудандарында сібір еліктерін атып алып, оңай олжаға кенелмек болған күдіктілердің жолын кесті. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Табиғат қорғау полициясының қызметкері Есләмбек Мәкеновтың айтуынша, кезекті рейд кезінде Казанка ауылының 67 жастағы тұрғыны ұсталған. Ол түлкі мен елікті шатастырып алғанын айтып қанша жалтарса да, қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайтын болды. Докучаев елді мекенінің бес тұрғыны елік атуға әбден сайланып шыққанға ұқсайды. Toyota автокөлігін тінту барысында екі еліктің еті, түліктің терісі, ИЖ-43 12 калибрлі қос мылтық және сөмке толы оқ алынды. Заңсыз аң аулаушылардың үстінен Қылмыстық Кодекстің 337-ші бабы бойынша қылмыстық із қозғалды. Қылмыстары дәлелденген жағдайда 2000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуі, түзеу жұмыстарына жіберілуі болмаса 2 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін. Бұдан тысқары 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеулеріне тура келеді. Облыстың полиция қызметкерлері жыл басынан бері заңсыз аң және балық аулаудың 73 оқиғасын ашты. 2 марал, 7 елік және 1 түлкі атып алу оқиғаларына байланысты 5 қылмыстық іс жүргізілуде. Өмір Есқали. Дерек: Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. Сурет: today.kz.