20 Ақпан, 2015

Елдіктің тарихи маңызы жас ұрпақтың санасында

348 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMG_1471 2015 жыл Қазақстан үшін айтулы, есте қаларлық кезең болмақ. Олай дейтініміз, биылғы жылы өткен тарихымыздың елеулі белестерін айшықтайтын, бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге болатын ірі оқиғалар аталып өтеді. Солардың бірі әрі бірегейі – Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуы туралы жұртшылық қуана қабылдаған мерейтойлық шара. Елбасының 2015 жылда осы тарихи датаны елімізде атап өту жөніндегі ұсынысы халқымыздың тарихындағы айшықты оқиғаның маңызын аша түсетінін ерекше атап өткен жөн. Пікірімізше, осы шешім аталған оқиғаға қатысты екі­ұдай көзқарасты, мәселенің төңірегінде туындаған пі­кір­­таласты бір арнаға тоғыс­тыруға мүмкіндік беріп отыр. Біріншіден, Елбасы Н.На­зар­баевтың 2015 жылды Қазақ хандығы бастауының 550 жылдығы деп нақтылап көр­сетуі «Қазақ хандығы қашан құрылды?» деген мәселе бойынша тарихшы ға­лымдардың арасында осы уақытқа дейін толастамай келген пікірсайысына тоқтам салды. Нақтылыққа, дереккөзіне сүйеніп, шешім айтатын тарих ғылымы үшін Қазақ хандығының осыдан алты ғасырға жуық, яғни 1465 жылы құрылғанын айғақ­тайтын ортағасырлық ғалым Мұхаммед-Хайдар Дула­тидың «Тарих-и Рашиди» еңбегі негіздеме ретінде қабылданды, оны Президент Н.Назарбаев қуаттады. Демек, Қазақ хандығы «ХV ғасырдың ортасында, яғни 1465 жылы Жетісу жерінде шаңырақ көтерді» деген тұжырым енді пікірталас тудырмайды. IMG_1453 Екіншіден, Қазақ хан­ды­ғының тарихи бастауы ал­ты ғасырға жуық кезеңді қамтиды деп байлам жасап, тұжырымға келуіміздің үлкен саяси-қоғамдық мәні мен мағынасы бар. Себебі, бүгінде әлемді мойындатқан, өзінің жетістіктерімен дос­ты қуантып, дұшпанды күйінткен Қазақ елінің өт­кен тарихы, қайнар көзі, оның мемлекеттілігінің бас­тауы, кешегісі, бүгінгісі, бола­шағы тек өзімізді ғана қы­зық­тырмай, сырттан қызыға, кейде қызғана қарайтындар үшін де нысанада тұрғанын жасырмаймыз. Сондықтан да біздің мемлекетіміздің тамыры ғасырлар қой­нау­ында жатқанын, оның әлем­дік өркениетпен ұштаса­тындығын айқындап, ай­шық­тап көрсету кейбір «қазақ­тарда бұрын мемлекет бол­маған» деп кереғар, біржақты пікір айтушылардың аузына қақпақ болып, ел намысын, қазақтың болмысын қорғауға мүмкіндік беретіні даусыз. Айтулы тарихи датаны атап өтуге ел болып кірісіп те кеттік. Жер-жерлерде, мекемелерде, оқу орындарында осы мәселеге арналған ғылыми-көпшілік конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер жоспарланып, олар өткізіліп те жатыр. Осындай ауқымды шараларды БАҚ-тар қызу қуаттап, жұртшылықтың назарына ұсынып, насихаттауда. Айтарлық жайт, көңілге қуат беретін тіршілік. Міне, осындай ел болып, қоғам болып толағай толқынысты біл­діретін тіршілікке біз­дің болашағымыз – жас жеткін­шектердің де тікелей араласып, қуанып, өздерінің шынайы пәк көңілдерін білдіріп жатқаны қандай ғанибет. Жақын арада осындай қуанышты шараның куәсі болғанымды ортаға салғым келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ, тіпті, өтпелі кезеңнің қиын­дығына қарамастан, Ел­басы жас ұр­пақ­қа қолдау көрсетіп, олар­дың терең білім алуына, әлеуметтік жағ­дайларының үне­мі мем­лекеттің назарында болуына өкілетті ұйым­дар­ды, олардың басшы­ларын міндеттеп отырды. Жас­тарды «ХХІ ғасырдың көшбасшылары» деп дәріп­теуі Мемлекет басшысы­ның жас­тарға деген сенімін, олар­ға артқан үмітін көрсетсе керек. Н.Назарбаевтың тапсырмасымен 2002 жылы сұлу Көкше жерінде, ауасы жұпар Бурабайдың аясында дарынды жас ұрпақ үшін «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының ұйымдастырылуы осының куәсі. Орталықтың директоры Мұхидден Төлепбаевтың айтуынша, осы орталықта жыл сайын алты мыңнан астам жас буын денсаулығын шыңдап, демалып, білім нәріне сусындайды екен. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген дарынды мектеп оқушылары осы жерде ұмытылмас әсер алып, мемлекет қамқорлығының шапағатын көруде. Орталықта қалыптасқан жақсы бір дәстүр бар. Ол – әр ауысымда келген балалар үшін сол уақыттың өзекті мәсе­лесіне арналған бір тақырыпты таң­дап, пікірлесу. Осы жылдың ақпан айын­да демалушы оқушылар үшін басты та­қырып – Қазақ хандығының құры­луы­ның 550 жылдығы болды. Орта­лықтың әдіскерлері дайындаған бағдарлама бойынша арнайы шақы­рылған қонақтармен кездесу өт­кізілді, оқушылардың күшімен дайын­далған «Ұлы Дала дүбірі» тақырыбында Қазақ мемлекеттілігінің тарихына арналған сахналық қойылым көрсетілді. Орта­лықтың директоры М.Тө­лепбаевтың шақы­руымен осы кездесуге «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, «Жаужүрек мың бала» көркем фильмінде басты рөлдерді сомдаған Асылхан, Аян, Әлия есімді дарынды жас актерлер және мен қатыстым. Сұрақ, жауап түрінде өткен бұл қызықты кездесуде көңіліме түйген төменгідей әсерімді түйіндегім келеді. Біріншіден, бүгінгі жас ұрпақтың кешегі ата-баба ерлігіне, ел тарихына бейтарап, селсоқ қарамай, шынайы көңілмен білгісі келетіндігі, әрі оны мақтан тұтатындығы айқын аңғарылды. Ұлт намысын болашақта қорғайтын жас буынның бар екеніне көзіміз жетті, қуандық. Екіншіден, қазақ үшін қасиетті ұғым – тәуелсіздік жөніндегі ойдың жастардың са­насына сіңгеніне, оны қадір­леп, қастерлей білетініне сүй­сіндік, шаттанып қол соқтық. Үшіншіден, небір зар за­манда, тарих­тың қиын қалтарыстар сәтінде, қиын-қыстау кезеңдерінде намыс­ты қолдан бермейтін ұлы тұл­ғалар, ұлт көсем­дерінің тарихи аренадан өз орнын тау­ып елін, жұртын бастай білгенін жас ұрпақтың сез­гені, түсінгені көңіл өсірді. Төртіншіден, жас жет­кін­шектердің ел тәуел­сіздігінің бүгінгі жемісін, жеңісін дұрыс қабылдап, бағалай біле­тіндігін түйсіндік. Бұл біздің көңілімізге сенім ұялатты, яғни болашақта ел тізгінін берік ұстайтын ұрпақтың өсіп келе жатқанына тәубе дедік. «Балдәурен» оқу-сауық­тыру орта­лығынан бір сәттік әсеріміз осындай. Тілеген САДЫҚОВ,  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор.