Алматыдай шаһардың бүгінгі әкімінің мақтауы жетіспей жүрсе де, жасап жатқан жұмыстары, атқарған тірліктері мақтаулы әкімдердің ешқайсысынан да кем емес, тіпті артық болмаса. Әйтпесе, мемлекетіміздің басты қаржылық доноры болып табылатын, бүкіл мемлекеттегі жиналатын салықтың 27 пайызын жалғыз өзі беріп отырған мегаполисте ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер қай саладан алсақ та жеткілікті. Барлық мәселелер сабырмен, межелер ретімен алынып жатыр. Оңтүстік шаһар экономикаға ғана емес, мәдениет пен өнерге де серпін беріп келеді.
Алдымен әкім Ахметжан Есімов әңгімені ең көкейкесті, ең маңызды мәселеден бастады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша орташа жалақы көлемі 12,5 мың теңгеге көбейген, 6,3 пайызға өскен, яғни 155 мың теңге.
Ал ішкі жалпы өнім соңғы бес жылда 8 триллионға жеткен. Бұл еліміздің ІЖӨ-нің 20 пайызын құрайды. Осыдан бес жыл бұрын ғана бұл көрсеткіш 5 есе төмен болатын.
Сол сияқты Алматыдай шаһарда тұрғындарды жұмыспен қамту да оңай емес. Соған қарамастан тек өткен жылы 23 мың жұмыс орны құрылған. Жиырмадан астам бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып, әсіресе, жастар жағын жұмыспен қамту көзделген.
Алматыдай қалада барлық кезде басты мәселе баспана екені белгілі. Қуанатынымыз, өткен жылы қоныс тойын тойлағандар қатары былтыр барлық жылдағылардан көп болды.
А.Есімовтің айтуынша, Кеңес өкіметі кезінде де мұншама үй тұрғызылмаған. Қысқасы, 2014 жылы 20 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге 1 миллион 300 мың шаршы метр пәтер салынған.
«Ескі үй» бағдарламасы бойынша сүрілетін ескі үйлердің тұрғындары жаңа пәтерге көшірілуде, олардың орнына салынған жаңа үйлер жаңа қожайындарына сатылмақ. Биыл 27 үй 3 мың адамға пайдалануға беріледі.
Сол сияқты қаладағы қауіпсіздік мәселесі де көкейкесті. Қылмыспен күрес мақсатында, учаскелік полиция қызметкері 120-ға көбейтілген. Ал көшелерге қойылған бейнебақылаулар да өз өзін ақтай бастаған, жол ережелерін бұзу 19 пайызға азайған.
Экология бойынша инфрақұрылымды жақсарту, көлік және қоршаған ортаны жасылдандыруға көңіл бөлінуде. Жол жөндеуге қатысты шаралар барысында 19 жол айрығы көпірі салынған. Былтыр газбен жүретін 600 автобус, 400 такси, 270 троллейбус пайдалануға беріліп, газ қолданатын көліктер 10 пайыздан 60 пайызға дейін өскен. 2009 жылы 152 млн. жолаушы тасымалданса, былтыр 262 2 млн.ға артқан. Бұл 1,7 есеге көп.
Білім беру және жастар саясаты туралы айтқан әкім былтыр білімді дамыту үшін бюджеттен 71,2 млрд. теңге бөлінген деді. 2013 жылы 186 болған жалпы білім беретін мектептер саны былтыр 202-ге артыпты. Ал облысқа қарайтын 15 мектеп қаланың тізіміне өткен. «Алматы қаласындағы білімді дамыту жылы» шеңберінде 1000 үздік оқытушының әрқайсысына бір реттен 300 мың теңгеден сыйақы берілген.
«Жас қанат» шағын ауданында 1 мектеп, 9 балабақша салынған, 18 нысанда сейсмикалық қауіпсіздік шаралары жүргізілген, қазір 9 мектепке дейінгі балалар ұйымдарының құрылысы жалғасып жатыр.
Алматы қаласының мәдениетін дамыту мақсатында былтыр бюджеттен 4,7 млрд. теңге бөлініпті. Жыл бойы ұйымдастырылған 148 шараның 85-і - фестиваль, концерт, қалалық мерекелер. Аталған іс-шараға 900 мыңға жуық адам атсалысқан. Былтыр Алматыдан КСРО халық әртісі, атақты композитор, дирижер, өнер тарланы Нұрғиса Тілендиевтің мұражай-үйі ашылған.
Әкім демографиялық ахуалға да тоқталды. Мәселен, былтыр ана өлімі – 2 есеге, ал бала өлімі 27 пайызға төмендеген. Бала туу қарқыны 6 пайызға артқан.
Алматы әкімінің айтуынша, спортты дамытуға да ден қойылған. Өйткені, «Алматы тұрғындарының 26,5 пайызы ұдайы дене тәрбиесімен және спортпен шұғылданады. Оның ішінде, спорт мектептеріндегі балалар мен жасөспірімдер саны 13,7 мың. Тұрғындардың спортқа деген құлшынысының артуынан, Шымбұлақ пен Медеуде 6-7 мың адам демалады екен. Қазір аталған демалыс орындарының ауқымын кеңейту мәселесі күн тәртібіне шығыпты.
Сол сияқты туризмді табыс көзіне айналдыру – қаланың көп жылдан бері көкейкесті арманы. Әкімнің айтуынша, Алматыға келген қонақтарды орналастырумен 122 нысан айналысады екен. Ал қонақүйлердегі бөлмелер саны жеті мыңның үстінде. Былтыр қаңтар мен қыркүйек айларында 573,5 адамға 15 млрд. теңгеге қызмет көрсетілген. Есімов шетелдерден туристер көп келгенін қалайтынын айтқанмен, Алматыдағы қонақүй бағалары тым қымбат. Бұл басты қиындықтар қатарында болса керек. Азық-түлік, қызмет көрсету бағаларын айту артық. Шекара сыртынан келетіндерге тартымды және қолайлы жағдай жасалмайынша, Алматы туристерге аса қызық емес. Сұрақ қойған тұрғындардың бірі туризм саласын дамыту барысында «Көкжайлау» тау-шаңғы курортына қатысты жаппай наразылық шараларына әкімнің көзқарасы қандай екенін сұраған. А.Есімов аталған жердің мемлекеттік маңызы бар нысандар қатарына өткенін, сондықтан «Көкжайлау» жобасы жарты жолда тоқтатылмайтынын, наразы топтарға кейбір шетелдік мүдделілер тарапынан қаржылай қолдау көрсетілетінін, бірақ мұндай қоқан-лоқыға ықпайтынын айтты.
Әдеттегідей әкімнің есеп беруіне қатысуға мүмкіндік алған тұрғындар қала өміріндегі түйткілді сауалдардың көпшілігін қойып үлгереді. Сауалдары сан алуан.
Алматы әкімі өткен жылды «Білімді дамыту жылы» деп жариялаған-ды. Ақиқатында атаулы жыл аясында оңтүстік шаһарда ауқымды тірліктер атқарылып, нәтижесінде мыңдаған креативті және дарынды ұстаздар 300 мың теңге көлемінде бір реттік сыйақымен марапатталған болатын. Қала мұғалімдері осы үрдіс жалғаса ма деп сұрады.
Әкім жалпыұлттық рейтингте қаланың үнемі алдыңғы қатардан көрінуі педагогтардың ерен еңбегі екендігін айта келе, егер биыл да ҰБТ нәтижесінде Алматы алдыңғы қатардан көрінсе, мұғалімдерге сыйақы беру жалғасады деді.
Өкінішке қарай, әлі де алаяқтарға алданып қалған тұрғындар бар екен. «Кезінде сатып алған жерімізге үй салып, күрделі жөндеуден өткіздік, бірақ бізге кейін ол жерлер мен пәтерлердің қожайындары табылды. Біз алаяқтарға алданып қалғанымызды түсіндік. Біз сияқты алданғандар болмас үшін не істеу керек?» деп сұрады. Әкім алаяқтармен күрес күшейгенін, қазір алданып қалатындар саны азайып келе жатқанын айтты.
Нарықтағы тұрақсыздыққа, бағаның бақылаусыз өсуіне қатысты сауалға Есімов: «Егер баға табиғи түрде өссе, ештеңе емес. Егер қымбатшылық қолдан жасалса, біз іске кірісеміз», деді.
Сол сияқты, өткен жылы қаладағы колледждердің бірінде граната жарылуы, соның салдарынан бір қыз баланың қаза тапқанын еске алған бір тұрғын оқу орындарындағы қауіпсіздік шаралары жайлы сұрады. Есімов аталған пәнді оқу орындарынан алып тастауға ұсыныс білдіргенін айтты. «Бұл пән екінші дүниежүзілік соғыстан бері өткізіліп келе жатқан пән. Қазіргі заманда балаларға оқытпаса да болады. Әзірше оқу құралдарын, оның ішінде, гранаталар сияқты құралдарды беруді тоқтаттық. Әрі бұған дейін таратылған гранаталарды жинап алдық».
Отандық тауар өндіру, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысу, қоғамдық көліктердің жолда жүру ережесі мен қауіпсіздік ережелерін сақтауы, халыққа қызмет көрсету орталықтары жоқ аудандарды аталған мекемемен қамтамасыз ету, Алматыға жаңадан қосылған аудандардан мектеп ашу, көлік кептелісі, жолдардың сапасы т.б. сауалдар қойылды. Есімов сұрақтарға жауап бере отырып, құзырлы органдарға тапсырма беріп отырды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.