06 Шілде, 2010

КӨШБАСШЫ

1673 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін
КИЕ Көптеген елдерді араладым... Бірақ бәрі де өзім  туып-өскен қазағымның жеріне, Алатаудың бір  бөктеріне жамбастай жығылған үш қоңыр төбеге жетпеді. Балалығымның, сағынышымның алтын қазығы сонда екен...

Нұрсұлтан Назарбаев.

Қара Жер жаралғалы қазағымның, Шын сүйіп, шын түсінген азабын кім? Жүрекке қолды қойып ниет қылдым, Жетті деп тарихымды жазатын күн. Уақыттың диірмендей тасы айналад... Ұл туса, бауырыңа бас аймалап. Тағдырды Алла ғана нәсіп етіп, Тарихты Тұлға ғана жасай алмақ! Жанардың жәудіретіп нұрын ала, Бұл күнді күтті қанша Ұлы Дала. Ұл туды бір Анасы Алты Алаштың, Күн шықты арай шашып құбылаға. Күн шықты арай шашып аспаныма, Дүния кілт айналды басқа ағымға. Ол Ана ұл тумапты, нұр туыпты Бүгінгі өзек болар дастаныма. Ол ұлдың заты – Нұрдан, аты – Сұлтан! Кеш туған зарықтырып уақытынан. Жаралған жан әлемі Күлтегіндей, Халықтың арман, тілек, бақытынан. Қалауын қабыл қыл деп құс – көңілдің, Асығы алшысынан түскен ұлдың. Алладан мәдет тілеп жатқан шығар, Бауырында Әбіш әкей Үшқоңырдың. Адал боп ақыреттік жан-жарына, Қарайлап қоңыр тірлік, мал-жанына. Ұлтына тұтқа болар перзент сыйлап, Ол да, әне, үнсіз жатыр Әлжан-Ана. Жанардың жәудіретіп нұрын ала, Бұл күнді күтті қанша Ұлы Дала. Ұл туды бір Анасы Алты Алаштың, Күн шықты арай шашып құбылаға. Ел үшін Жерді шарлап ұшқан ұлым, Ұлт үшін аямаған күш-дарынын. Қазақта Ер тумайды енді Сіздей, Жарылып кетсе де өті дұшпанымның. Бабалар армандаған ізгі үмітпен, Арылды дана халық жүз күдіктен. – Нұраға, о не дейсіз? Біз дайынбыз!!! Тарих тұр сахнадан Сізді күткен... РУХ Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа,мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Бас ием бұл далаға байтағым деп, Басыңнан өткен мұңды айтамын көп. Арманы Абылайдың орындалды-ау, Феникс құс сияқты қайта түлеп. Бағзыда көкке ұлыған көкбөрі едім, Жүректі қарсы айырып шеккен шерім. Аспанға шашу шашып жатырмысың, Өз қолы өз аузына жеткен елім. Ақ найза қолда ойнаған толғамалы, Ақ сауыт, ақ берендер жолда қалды... Мұндай күн – қарқаләзи, іргем бүтін, Болған жоқ қазақ қазақ болғалы әлі. Пырақтай мәресіне жетер дара, Қазақты шың басына көтерді аға... Ұққанға: “–Мен Абылай емеспін...” – деп, Айтқан жоқ Елбасымыз бекер ғана. Алысты мойындатқан іспен ірі, Біледі дос-дұшпаның іштен мұны. Анасы аян берген ақ мылтықтай, Алланың Алты Алашқа түскен нұры. Әз баба, аруақтар көкте тұрып, Ел бастар Ер ұлынан еткен үміт. Жоталы қызыл ала жолбарыстай, Кешегі Қарасайдан жеткен Рух! Ел билеу – екі дүние ғарасаты, Алтыннан мүсін қойса жарасады. Уыздай ұйып тұрған мынау қоғам – Нұрсұлтан, Нұрағамның – парасаты. Ақ найза қолда ойнаған толғамалы, Ақ сауыт, ақ берендер жолда қалды. Мұндай күн бұрын-соңды тауарихта, Болған жоқ, қазақ-қазақ болғалы әлі. ...Оң ісің ниет еткен оңғарылсын, Жан пида намысыңды қорғау үшін. Жанары ор киіктей ойқастаған, Азуы – алты қарыс жолбарысым! ТҰЛҒА Әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпестей ел жадында сақталатын тарихи тұлғалар болады.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Оттан сақтап, оқтан қорғар берен боп, Не болса да пешенемнен көрем деп. Елің үшін түстің талай додаға, “Күн астынан орын тауып берем!” – деп. Емен құсап ерек біткен еренім, Көз жетпеске ой жеткізген төрелім. Сертке ұстаған семсер сынды жарқылдап, “Халқым үшін жаным құрбан!” – деп едің. Ірікпестен лықсып келген сезімді, Жасырмастан жасқа тұнған көзіңді. (Ұмытқан жоқ, ұмытпайды бұл халық!) “Айналайын, елім!” – деген сөзіңді. Қызғанады-ау, кейбіреулер бағыңды, Ардақтауға ары жетпей нар ұлды. Сіз жасаған еркін, бейбіт қоғам бұл – Шүберекке түйіп жүріп жаныңды. Ел билеудің қияметін сезем мен, Елді бастап өткелі жоқ өзеннен, Алып өттің, ел басына күн туып, Етікпенен су кешетін кезеңнен. Бардың қанша нартәуекел қадамға, Түсініксіз көрінгенмен наданға. Судың өзі жол береді екен ғой, Жүрегінде от лаулаған адамға. Сыншы көп қой біткен іске сынайтын, Ғұмыр кештің ұлтың үшін ұнайтын. Жатыр елім күндіз-түні той тойлап, Құрметіне құрбан шалып Құдайдың. Шартарапқа байлығымен байқалған, Қазағымды бақытсыз деп айта алман. Сара жолға түсті елім тәубә деп, Жорға сынды төрт аяғы тайпалған. Атажұрттың керегесі керіліп, Оғыландар атқа қонды тебініп. Армандаған, Сіз аңсаған дәуірдің, Көкжиегі көз ұшынан көрініп. ...Бас иесіз көрген қызық мәнсіздей, Ел бақытты Елтұтқасы бар Сіздей. “Ер қадірін ел біледі”, – деуші еді, Ел қадірін Ер біледі дәл Сіздей!!! ЕЛТАҢБА Біз ұлы жолға шықтық, арманды сапарға аттандық. Қолымызда – тәуелсіздіктің көк Туы, Елтаңбамызда – бар халықтың басын біріктірер киелі шаңырағымыз, арманымызды алға апарар қанатты пырақтарымыз бар.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Елордам қазағымның төрі емес пе, Әлемнің бар елімен тең емес пе! Өзгеге өзімізді танытатын, Елтаңба Елбасының мөрі емес пе! Қазақтың бүгінгі мен бұрынғысын, Тарихын терең танып ұғу үшін. Қарасаң Елтаңбама көз тояды, Көргендей шын өнердің туындысын. Әріден сыр тартады қоюланған, Қос жерден қошқармүйіз оюланған. Тылсым бір әлемге бой ұрасың, Шыға алмай шежіреден ойыңды алған. Шаңырақ ортада тұр тірегімдей, Өлмейтін рухымның реңіндей. Барлық ұлт тату-тәтті болса деген, Мейірімді Елбасының жүрегіндей. Көркейіп көгерсін деп құрақтарым, Әуеге қанат жайған пырақтарым. Қорғап тұр мүйізімен көкті тіреп, Келешек ұрпағымның мұраттарын. Ой-арман үйлесіммен өрнек өріп, Байланған о, осынау Жерге берік. Тәуелсіз егемен ел – Елтаңбамда, Барады көкті кезіп дөңгеленіп. Басса да бар ғаламды қара тұман, Қозғалмас мынау жұлдыз дара тұрған. Сияқты Нұрағамның ұстанымы, Сөйлейтін маңдайға алып Ар атынан. Ол жұлдыз – Темірқазық маңдайдағы, Жұлдызға талай қазақ самғайды әлі. Елтаңбам өзгермейді ел аманда, Сөзім де өзгермейді таңдайдағы. Көк аспан тұрсын солай зеңгірленіп, Дәуірлеп ел түрленіп, жер гүлденіп. Алдымен Елтаңбама тәу еткейсің, Ынтықсаң біздің елді көргің келіп. Шаңырақ ортада тұр тірегімдей, Өлмейтін рухымның реңіндей. Барлық ұлт тату-тәтті болса деген, Мейірімді Елбасының жүрегіндей. ӘНҰРАН Өз мемлекетіміз үшін мақтаныш сезіміне бөлеп, біртұтас отбасы сезімін сезінуге, қазір бүкіл дүние жүзі білетін Республика Туын, Елтаңбасын, Гимнін ардақтап, құрметтеуге тиіспіз.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Ұлдарым төрге шықса байрақпенен, Басталар Әнұраным айбатпенен. Рухтың ұлағатты көзі емес пе, Әнұран – әр қазаққа қайрат берген. Әнұран – менің оттай Ар-намысым, Намысым зау биіктен аңғарылсын. Әнұран айтылғанда кеудемдегі, Жүрегім дайын тұрар самғау үшін. Осынау Жер мен Көктің арасында, Алаштың қамқор болған баласына. Әнұран – қазағымның Тағдыры еді, Тапсырған Нұрсұлтандай данасына. Ерліктің басы бар да, жоқ аяғы, Көңілім ұрандасам тоғаяды. Көтерсе қозып кетер қай-қайдағың, Бөрілі байрағымдай о, баяғы! Ұрандап жауға шапқан ата-бабам, Ұрандап ел-жұртына бата қылған. Әнұран бірге барып, бірге қайтар, Елбасы әр аттанған сапарынан. Әр сөзі, әрбір жолы ой ұқтырып, Кеудеден орын алған ойып тұрып. Тербелем Әнұранға, жаным балқып, Қолымды жүрегіме қойып тұрып. Еріксіз бас иесің дана тілге, Ұмтылған жаңа дәуір, жаңа күнге. Елімді мекендеген барша халық, Шырқаса Әнұранды Ана тілде. Шайқалмай нық тұрсын деп шаңырағым, Өткізген ой-електен бәрі, бәрін. Елбасы қаламының ұшы тиген, Ұлтымның мақтанышы – Әнұраным! Ұлы Отан – нұрлы Отаным – табынарым, Болашақ мақсатынан мән ұғамын. Шырқалып жатса, шіркін, салтанатпен, Күні-түн күллі әлемде Әнұраным. Әнұран – менің оттай Ар-намысым, Намысым зау биіктен аңғарылсын. Әнұран айтылғанда кеудемдегі, Жүрегім дайын тұрар самғау үшін. КӨК БАЙРАҚ Қазақстанның аспан түстес Туының бетінде алтынға айналған бүркіт қанат керген. Осынау тәуекелі келіскен, мазмұнды да мағыналы нысанның бойында табиғат та, тіршілік те, тарих та тоғысып жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Мен осынау жердемін, жердегі Қаламымда тағдырымның кермегі. Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп, Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі. Кермегімде – кешегімнің зәрі бар, Өрнегімде – өмірімнің зары бар. Боздар болса мен боздайын ботадай, Жүрегімде аруана елдің қаны бар. Сол қайғыны жою үшін, ғасырлық – Арманымды алмау үшін ғасыл ғып. Оу, кер далам сөйлесін деп биіктен, Батыр тудың күркіреген күйіктен. Ақын тудың ұлан-ғайыр Тұранға, Бөрінің де көкірегін иіткен. Олар сенің бүлдірген жоқ тіліңді, Олар сенің солдырған жоқ гүліңді. Содан бері жазылып сан ғазалдар, Қирамады дейсің не дүр мазарлар. О, туған ел – мен сен үшін шаттанып, Һәм күйредім саған төнген ажалға әр. Басыбайлы бөтен тұтып баламды, Сыйлаудан да қалып мүлдем анамды. Игере алмай иірімге кетем бе, Деп ойлаушы ем жат билеген санамды. Тілім, ділім – ғұрыптарым – күш, қаным, Қайта айналып қонса рас ұшқаным. Босағамда сүйек мүжіп төбеті, Енді қайтып төрге озбасын дұшпаным! Бірлігімді тапсам-дағы жоғалған, Қайдан табам тарихымды тоналған. Тар жатырын жарып шыққан құлдықтың, Сәби елге сәулеңді құй о, жалған. Кәрін қайта төкпесін деп жат әмір, О, бабалар ұрпағыңа бата қыл. Үмбеттерің үмітіне ер салды, Қолың бос па, демеп жібер а, Тәңір! Тамырынан таратылып текті сөз, Ал, арманшыл асыл халқым көкті кез. Көк байрақты, қыран текті қазаққа, Күн астында қанат жаяр жетті кез! АСТАНА Ұлттық тұтастығымыздың мәселесі ең өткір қойылған арғы Тоқтамыс пен Едіге, бергі Тәуке мен Абылай замандарында билік ордасының бұл маңайға қайта-қайта көшіп келіп, көшіп кетуінде де көп сыр бар.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеткенін талай басқаға кегім, Тастарға жазып тастаған едім. Жарқырап нұрың тұрсың ба жайнап, Бекзада, дегдар – Астанам менің! Кіндігін тауып Ұлы Даланың, Алдымнан шықты күліп арманым. Нұрсұлтан салған нұрлы қаланың, Көшесіндегі гүлі боламын. Шашыңдар шашу, қырмызы кілең, Тойлаңдар мәңгі ұл-қызым, ерен. Түн менен таңның арасындағы, Сәріде туған жұлдызым сен ең. Байлық пен құтқа тегенең толып, Төртеуің түгел – төбеден қонып. Айнала ұшқан алты қаз құсап, Алты Алаш елім егемен болып... Тарқады шерім, көне сарыным, Саябыр таппай неге арыным. Құны кетсе де нұры шалқыды-ау, Қан құсып өткен Кенесарының. Алыста қалған сағымдай бір күн, Көңілін баурап лағылдай ырым. Ақорда тұрған бүгінгі жерге, Ақ шатыр тіккен Абылай бұрын. Арқаның мынау төсін жайлаған, Бабаң да талай шешім байлаған. Қала салсам деп Қасым қалаған – Есілдің бойын... Есім ойлаған... Мақсатқа жеттік мәні кетпеген, Жүректі жарып дәні көктеген. Аманат болған Астанам менің, Керей хан менен Жәнібектерден. Кіндігін тауып Ұлы Даланың, Алдымнан шықты-ау, күліп арманым. Нұрсұлтан салған нұрлы қаланың, Көшесіндегі гүлі боламын. Аспаған елім, таспаған елім, Тарихын қайта бастаған дедім. Жұмыр Жер, кенет, жүзік боп кетсе, Гауһардай жанған – Астанам менің! АҚОРДА Біз – алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел дариясына түсірген елміз, елес үмітті емес, ерлік пен елдік мұратын кемеміздің тұғырына ту етіп байлаған елміз.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Ел болдық етек жауып егеменді, Төртеуім түгел қонып төбедегі. Иітіп игі мақсат, азат арман, Ақордам құтқа толды дөдегелі. Ақордам – шаңырағым, шамшырағым Тозаңнан тағдырымды аршып алдың. Қалма деп өзге жұрттың қатарынан, Алдымнан үміт жағып қамшыладың. Ағарып, сәуле шашып құба таңым, Дүбірлі топқа кірдің Нұр Отаным. Отырсың ақылыңмен саялатып, Бар елді баласындай бір атаның. Мен сөйлеп көрген емен жағынғалы, Уақыттың дәл осынау шағы мәнді. Сөнсе де таң алдында Шолпан жұлдыз, Сөнбейді Ақорданың шамы мәңгі. Ақордам пайымыңнан мият тамған, Ай туар дәл төбеңнен қияқтанған. Нұрағам тақта отырып билік айтса, Баяғы Бұмын қаған сияқтанған. Ақордам, басты ордам – бағаналы, Халыққа сөз жолдаған мағыналы. Тұрғанда Жер бетінде қазақ аман, Арналар талай дастан саған әлі. Ақын ба өзекті отпен өртемейтін, Отансыз мен жетіммін, мен кедеймін. Ақордам бұл халықтың ешкімі жоқ, Өзіңнен өзгеге кеп еркелейтін. Елбасым – ел сайлаған дара шыңым, Қалың жұрт қадір тұтқан – қарашығым! Астана басы болса қазағымның, Ақорда жаны емес пе алашымның. Ақордам оқшау біткен қыр басында, Ғаламның тілін тауып сырласуда... Нұрағам – ерен ерім, кемеңгерім, Ақылы қырық ханның бір басыңда. Мен сөйлеп көрген емен жағынғалы, Уақыттың дәл осынау шағы мәнді. Сөнсе де таң алдында Шолпан жұлдыз, Сөнбейді Ақорданың шамы мәңгі. ШЕКАРА Мемлекеттік шекара – тәуелсіздіктің басты белгілерінің бірі. Ел мен елді табыстыратын да – шекара, тартыстыратын да – шекара. Достық та осы жерден көрінеді, қастық та осы жерден көрінеді.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Мынау таулар, мынау байтақ жазықта Өзгелерге жем боп кетпей азыққа. Бабалардың аманатын қан сіңген, Оңай боп па сақтап тұру аз ұлтқа. Ғаламзатпен тауып ортақ, жарасым, Бітістірген ел мен елдің арасын. Бүгінгі – біз, ертеңгі – сіз – жас ұрпақ... Ардақ тұтар Нұрсұлтандай ағасын. Ел қорғаны – Елбасына – ел тірек О бұл дала еске нені келтіред!!! О шеті мен бұ шетіне жетем деп, Ата жауым кеткен талай тентіреп. Іргең ашық, дауыл тұрса – ел алаң, Алаңдаумен қалайша күн көре алам. Елбасының өзі бас боп қам жасап, Мынау менің қазық қаққан шекарам! Қызғалдағы қатар өсіп иренмен, Елдің шеті мамыражай күйге енген. Ей, қастерлі Ұлы Далам аман бол, Әр сүйемі қан мен сүтке иленген. Ермек емес ел тағдыры еріккен, Кім біледі алдан бізді не күткен. Бұған дейін ешбір Тұлға болған жоқ, Қазақ жерін заң жүзінде бекіткен. Мұның бәрі елді ойлаған Ер ісі, Алаңсыз күн кешу үшін ел іші. Жарғақ құлағы тимей жүрген жастыққа, Елбасының бейнетінің жемісі. Бәрі-дағы адамзаттың ниетінде, Бұлт төнбегей шекарамның шетіне. Жатыр менің Атажұртым шалқайып, Дөңгеленген жұмыр Жердің бетінде. Үні жеткен, даңқы кеткен ғаламға, Елбасым бар таптатпайтын табанға. Шекарамды ешкім бұзып өтпесін, Мен де өтпеймін ақыл, есім аманда! КӨШБАСШЫ Төрткүл дүниенің төрт құбыласынан тұрақты дос, айнымас әріптес, сапарлас серіктес, қоңсысы бұзылмас көрші тапқан Қазақстан жаңа мыңжылдықтың ұлы көшінде керуен тартып келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Уақыттың көзіменен қарап едім, Елбасым жол бастап тұр дара менің. Жаңашыл болмысымен, ой күшімен Иіткен дінге берік Араб елін. Құран ғой пендеге ортақ Ар төлемі, Аллаға иілдірген жарты әлемді. Хосни Мүбәрәктің өзі күтіп, Елбасын мейман еткен мәртебелі. Әр жастың иман тоқтап санасына, Алаштың ақ күн туып баласына. Ай күмбез, ақ мешіттер бой көтерді, Қазақтың қаласы мен даласында. Ел десе – Елбасым деп ал, мақтанам, Сабырлы саясатын салмақтаған. Тәуелсіз мемлекеттер бір ауыздан, Түркінің Нұрсұлтанын ардақтаған. Әрнеден сүрінсе егер сесі қайтып, Түзелер мынау елдің көші қайтіп. Үйренген мінезімен Елбасымыз, Қай кезде өткір сөйлеп, кесіп айтып. Қол созып ұмтылған жоқ бос тұғырға, Іс қылды досты сыйлап, досты ұғына. Біледі бүкіл әлем төккен терін, Тәуелсіз Мемлекеттер Достығына. Атқарған Елбасының ордалы ісі – Адамзат қоғамына қолғабысы. Аталар барлық тілде Нұрсұлтан деп, Осынау Орта Азия жолбарысы. Билемей бойын үрей, ойын күдік Жататын салтанатпен тойын қылып. Орталық Азияның өзі бүгін, Санасар Астанаға мойын бұрып. Сезінген жүрегімен ғалам демін, Тілейді ұзақ ғұмыр саған елің. Қолында Көк Байрағы көш бастаған, Ақбоз ат мінген Арда ағам менің. Ешкімнің ала жібін аттамаған, Жүреді сүйген құлын сақтап Аллам. Көшіңіз тоқтамайды Көктің ұлы, Тұрғанда Сізді қолдап хақ-Тағалам! ТҮРКІНІҢ ДІҢГЕГІ Қазақ даласы – Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл аңыз бар ма, жоқ па ел есінде, Мен соған сенем, сен де сенесің бе? Жай көзге көрінбейтін Елбасының, Ақ бұлты еріп жүрер төбесінде. Аппақ бұлт рухы ма бабалардың, Ойлаған дала қамын, бала қамын. Шынымен рух дарып, бақ қонбаса, Қалайша Нұрағамдай бола алар кім?! Өз-өзін көп іздеген, жоқтап анық, Табанын мұзға төсеп, отқа қарып. Қазаққа бүкіл ғалам жалт қарады, Жүрегі қайта соққан, тоқтап барып. Айта алсам ақиқатты нарқын кесіп, Көктеген Атажұрттан парқым өсіп. Бүгінгі Қазақ елі – Қазақстан, Түркінің бар ұлына – Алтын бесік. Ішінде ақ шымылдық күлімдеткен – Аруды... Атқа қонса дүбірлеткен. Ұрпағы басқа емес, мына біздер Тізесін жарты әлемнің дірілдеткен. Бұл дала – Ұлы Дала – нанасың ба, Түсірген талайларды сабасына. Қайтадан түп қазығын аңсаттырды, Нұрағам исі түркі баласына. Ер құны – елдің жоғын бар етуде, Арзиды ондай Тұлға ән етуге. Бір кезде бағы тайған босағаға, Бұл күнде күллі түркі тәу етуде. Бауырын бағалаған жұрт әдемі, Жүректі жарып шығып дүр сәлемі. Нұрағам қашан барса алдан шығар, Алдына барып тосып Түркі әлемі. Өз-өзін көп іздеген, жоқтап анық, Табанын мұзға төсеп, отқа қарып. Қазаққа бүкіл ғалам жалт қарады, Жүрегі қайта соққан, тоқтап барып... Жолынан шегінер ме шешімі асқақ, Қазаққа жаңа тарих есік ашпақ. Тәуелсіз егемен ел – Қазақстан Барады бар түркінің көшін бастап! СЫРТҚЫ САЯСАТ Бүгінгі таңда Қазақстан барлық көрші мемлекеттермен тұрақты, болжамды қарым-қатынас жасап отыр... Қазақстанның сыртқы саясаты елдің тез арада экономикалық дамуына, оның әлемдегі маңызын көтеруге жәрдемдесуге бағдарлануға тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Шүкір, Алла, таңым атты ағарып, Бас көтердік дүр-дүние жаңарып. Керек, бірақ, ұлтты сақтап тұруға, Сары майдан қыл суырар даналық. Иә, осынау бейбіт, нұрлы күн үшін Шашып-төкпей мынау елдің ырысын. Ойлануға міндеттіміз бәріміз, Сыртқы әлемнің танып, бағып тынысын. Кері теппей өзегінен өзге елді, Саралайтын уақыт туды безбенді. Түбі бірін күллі адамзат ұмытпай, Бір жағадан бас шығарар кез келді. Өттік талай небір қиын өткелден, Арманымыз шектелген жоқ, шектелген. Тура жолмен келе жатыр қазағым, Жиһанкездей көпті сезіп, көп көрген. Парасатпен терезесін теңгерген, Саясатпен сыртқы жұртты меңгерген. Ат тізгінін ұстап отыр Елбасы, Барлық көрші, барлық шеткі елдермен. Халық қанша бастарынан бақ тайған, Уақытынан ілесе алмай қап қойған. Ал, Нұрағам кедергінің бәріне, Гроссмейстер секілді бір мат қойған. Сыртқы жұрттан қауіп те көп, қатер де Іштен шалар мүмкіндікке әкелме. Жақынымды жаттай сыйлап үйренгем, Сырын бермей сынасатын жат елге. Төле бидей сөз көтеріп төбеден, Қазыбектей сыр суырып көнеден. Бүкіл жұрттың тілін тапқан Нұрағам, Әйтекедей қымбат бізге өнегең. Мақсатына тіке тартқан төтелеп, Біз жететін арман, аңсар өте көп. Ел аспаны ашық болсын деген бір, Ізгі мұрат Елбасшысын жетелеп... Сіз аманда Алты Алаштың ардағы, Қазағымның түгенделер жан-жағы. Жанарына бар ғаламды сыйғызған, Саясаттың сайыпқыран сардары! АТАЖҰРТ Қандастарымызға қаратып айтар жайдың тағы бірі – тарихи Отанына оралған ағайын, ең алдымен, “Қазақстаным маған не береді?” – деп емес, “Мен Қазақстаныма не беремін?” деп ойлағаны дұрыс болар еді.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Қалайша ақиқатты жасыра алам, Бір кезде бытырадай шашыраған. Алаштың алтын айдар ұл-қыздарын, Қосты ғой Атажұртқа басын Аллам. Аңсаған иек артып тілегіне, Атажұрт зарықтырған нұр өңіне. Баяғы Бейбарыстай туған жердің, Жусанын тұмар етіп жүрегіне. Нұрлы көш нұрлы өлкеге құйылса кеп, Шыбын жан Атажұртта қиылса деп. Бұл күнге жете алмады қанша боздақ, Топырақ туған елден бұйырса деп. Ел осы, жерің осы – төрлет енді, Орын жоқ қайғы менен шерге тегі. Тәуелсіз туған жердің көк аспаны, Жаныңды жауһазындай тербетеді. Ел осы, жерің осы – зарықтырған, Ол күндер артта қалды қамықтырған. Қолдасып, қауымдасып бет түзейік, Жұлдыздай Ертеңіме жанып тұрған. Кіргізіп аз қауымның берекесін, Елге ел қосылғаны – мереке шын. Бірлігім ажырамай тұрса осылай, Тәңірім бізді кімнен кем етесің. Баураған Бауырларын сел сезіммен, Бастаған болашаққа елді өзімен. Жиылып Елбасының соңына еріп, Тұтасып Ұлт болатын келді кезең. Тұтасып ұлтқа айналу – ұлы мақсат, Алашты Нұрсұлтандай ұлы бастап... Сәбилер өсу керек елін сүйіп, Арманын бабалардың ұғып асқақ. Бар болсаң бауырыңа саялайды, Жоқ болсаң “достың” өзі аямайды. Қазақты қазақ қана шын түсініп, Қазақты қазақ қана аялайды. Бейнет қыл, зейнетін көр тірлігіңде, Мың күнің арзитындай бір күніңе. Айтқан ғой бұрынғылар, біз де айтамыз – “Қазағым, сенің күшің – бірлігіңде!” ДІН Біздің бәрімізді хаққа бастайтын жол біреу. Сондықтан да діндер арасындағы әлдеқайда белсенді үн қатысудың уақыты жетті. Біз конфессияаралық келісім орнатуымыз арқылы діни наным-сенім бостандығын қамтамасыз еттік.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Дін – біреудің дүниелік танымы, Дін – біреудің елді бұзар қаруы. Жердің шарын сақтап тұрған аман-сау, Адамдардың Хаққа деген нанымы. Жүрегіңді тоңдыратын мұз қылып, Жақсылыққа жіберетін жүздіріп. Қырқыстырмай бітістірер баршаны, Діннің түбі – түсінгенге – ізгілік. Ел болмайсың өзге дінді көп күндеп, Тіршілік қыл ынтымаққа көпті үндеп. Айтқаны бар Елбасының халыққа: “Діннің жүзі ұстарадан өткір”, – деп. Үндестігін сақтасын деп ғаламзат, Пиғылдардан тазарсын деп қоғам жат. Барлық діннің басын қосты Елбасы, Ортақ ойға тоқтасын деп адамзат. Елестетер елім деген Абызды, Осындай іс жасау керек жан ізгі. Елордада бой көтерген ғимарат, Сенім кілтін сақтауымен маңызды. Сенім барда ұлғаяды өрісің, Ғұмырлы һәм баянды боп жеңісің. Астанаға басын иді тағы да, Күллі діндер тауып ортақ келісім. Бар адамзат бір-бірінен нұр алып, Елордаға тәжім етіп тұр анық. Елбасының осы ерен еңбегі, Өзгелерге үлгі болса құба-құп. Ел мен елді елдестірген елшідей, Уақыт дертін дөп басатын емшідей. Дін біріксе діліміз де бірігер, Орға жығар алауыздық, өршімей. Кез емес бұл күшін сынар білектің, Арасынан жол табатын түнектің – Өмір бойы сапар шегер Аллаға, Дін дегенім – тазалығы жүректің. Сенім барда ұлғаяды өрісің, Ғұмырлы һәм баянды боп жеңісің. Астанаға басын иді тағы да, Күллі діндер тауып ортақ келісім. САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ Біз еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету арқылы адамдарды үрейден арылттық. Осының бәрі қазақстандық демократияның басты жетістігі деп білемін.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Төбесінен Күн шығарған алашқа, Ердің асқақ Рухымен таласпа. Құстың өзі ұя салып жатпай ма, Тамыр жайған, діңі берік ағашқа. Бұ ғаламда ештеңе жоқ парықсыз, Сүйе алсаңыз табиғатты танып сіз. Аңның өзі су ішпей ме көлден кеп, Жағасында мергені жоқ, қауіпсіз. О, осындай қоғам құрды Нұр-көкем, Айналасы жұпариса гүлге тең. Қой үстіне жұмыртқалар бозторғай, Аңыздағы ел сияқты – бұл мекен. Мен елімнің бақытына қуанам, Қуанамын, сау болсын деп Нұрағам. Қазағымның ең қымбатты байлығы – Соғыс, жанжал, қантөгістен – дін аман! Тәу етемін, тәубе етемін осыған, Кім тыныштық сүйсе соған қосылам. Жалғыз үзім қатқан нанға зәру боп, Елді көріп Отанынан босыған. Шашақ едім байрағыма байланған, Қажет кезде көк семсердей қайралған... Жыланның да ақ тамызу басына, Біздің елдің дәстүріне айналған. Төрімізден қашпасын деп ырыс, құт Елдің бәрін жақын тарттық туыс қып. Қазағымның пейіліне ұқсаған, О, тыныштық, жаса мәңгі – тыныштық! Бөленсе де қанша биік даңққа, Қанқұмарлық айналдырар ғарыпқа. Ең данышпан ұлы патша – сол патша, Оқтың даусын естіртпесе халыққа. Иә, солай ақын жырын толғасын, Жұрты тыныш, елі есен болғасын. Болашаққа, саясатқа тұрақты Негізделген қоғам құрды Елбасым. Төбесінен Күн шығарған алашқа, Ердің асқақ Рухымен таласпа. Құстың өзі ұя салып жатпай ма, Тамыр жайған, діңі берік ағашқа. ОТАНДАСТАР Қазақстандағы ұлтаралық жарастықтың негізгі ұйытқысы болу міндетін алдымен осы атамекеннің иесі – қазақ халқы өз мойнына алуы керек.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Ортақ – шаттық, қуанышы, мұңдары Ортақ және Елтаңбасы, Тулары. Қазақстан – қасиетті Отаным, Пана болған барлық ұлтқа мұндағы. Тағдыр дейтін бұрқасында бораған, Мен бәріңе қамқор, сая бола алам. Сақтап қалған осы дала сендерді, Бастарыңа күн туғанда зобалаң. Осы дала саған да ортақ, маған да Мұндай мекен таба алмайсың ғаламда. Сый мен құрмет, ізет-үрмет барлығы, Тең дарыған біздегі әр адамға. Баурап алған Ұлы Дала аспанын, Ынтымақ пен Бірлік дейтін асқақ үн. Қазақ жері – отандастар ошағы, Биік мүдде біріктірген бастарын. Жүгінейік сабырменен санаға, Айтарым сол данаға да, балаға. Ұлт пен ұлыс бір мақсатқа ұйысын, Алауыздық туындамай арада. Не болса да бұдан былай біргеміз, Бұдан бұрын солай өмір сүргеміз. Намыс ортақ, үміт ортақ – сондықтан, Сөгілмесін мәңгі-бақи іргеміз. Қай кезде де қол ұстасып тұрайық, Ұлты тату, берік қоғам құрайық. Елдің ішін ірітетін сотқарды, Ел алдында атып тастау ылайық! Ауызбірлік оңайлықпен келе ме, Қазақ өзі келе алмаса келеге. Өз-өзімен тату болсын алашым, Өзгелерге көрсетуге өнеге. Берекелі, мерекелі ел іші Мұның бәрі төккен тердің жемісі. Ұлт, ұлысы ымыраға тоқтаған, Бұл-дағы бір Елбасының жеңісі. Осы дала саған да ортақ, маған да Мұндай мекен таба алмайсың ғаламда. Сый мен құрмет, ізет-үрмет барлығы, Тең дарыған біздегі әр адамға. ҚАЗАҚСТАН — 2030 2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады. Олардың Қазақстаны Еуразияның орталығы бола отырып, жедел өркендеп келе жатқан үш аймақтың – Қытайдың, Ресейдің және мұсылман әлемінің арасындағы экономика мен мәдениетті байланыстырушы буын рөлін атқаратын болады.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Жоғалтады, жоғалтады тапқанын Аңғармайды күні қалай батқанын. Үйден шыға, үйді айнала адасар, Білмейтін жан қайда бара жатқанын. Сол сияқты тағдыры да халықтың, Мен осынау қағидадан мән ұқтым. Жетер жерін білетін ел шегінбес, Оты лаулап тұрса-дағы тамұқтың. Жетпейтіндей не бар, Алла жебесе Елбасының сөзін елі елесе. Ұлы жолға түстің халқым, шыдап бақ, Бел кетеді, белбеу кетер немесе. Ада болып кері тартар күдіктен, Күдік тасын сенімім бар үгіткен. Жерұйықты іздеп шыққан кешегі, Асан қайғы бабамыздай үмітпен. Мәнін ұғып, құнын сезер бақыттың, Алға бізді ынтықтырсын жақұт күн. Еуразия кіндігінен үн қатқан, Ертегі емес, шындығы бұл –уақыттың. Заман мынау бара жатқан үйіріп, Замананың келбетінен күй ұғып. Елбасымыз сызып берген жолменен, Қам жасайық жұдырықтай түйіліп. Айқындайтын алашымның нарлығын, Уақыт келді сынға түсер дәл бүгін. Бұл сапардан мерт боласың қайырылсаң, Жоғалтасың тапқаныңның барлығын. Бүгінгі ел, ертеңгінің қамы үшін, Елбасым бар жалау еткен намысын. Хан Тәңірден Сарыарқаға бет алған, Елестетер Орта Азия барысын. Ада болып кері тартар күдіктен, Күдік тасын сенімім бар үгіткен. Жерұйықты іздеп шыққан кешегі, Асан қайғы бабамыздай үмітпен. Сенің құның – өз құныңның нарқындай, Тағы да бір топты жаршы жарқылдай. Түбің таза, текті едің ғой қазағым, Қайда жатса тот баспайтын алтындай. ӘЛЕМ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН Менің бірден-бір қалауым, менің үмітім, егер қаласаңыздар, арманым – шамамның келгенінше, Қазақстан халқының өзін жан-жақты дамытуы үшін қалыпты, шынайы өркениетті жағдай жасауға жәрдемдесу.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Көлегейлеп ғасырлардың жарқылы, Үнсіз қалды Ұлы Дала нарқы ұлы. Қайта тану мынау қазақ баласын, Мүмкін болды тек Елбасы арқылы. Саясат та асау сынды, жарға тік Келіп қалсаң кете барар аунатып. Ерте байқап алдын орап өтпесең, Өртке қарсы өрт қойғандай лаулатып. Алға ұстамай сүттей таза арыңды, Жоғалтуың оп-оңай-ақ барыңды. Келешекті көңілімен танитын, Ұлы қазақ Ұл туыпты Дарынды! Дәлелдеп бақ құлсың ба, әлде, ұлсың ба Қатал уақыт, күтіп сені тұрсын ба. Орнын сақтап қалу үшін Әлемнен, Ердің ері шыдай алар бұл сынға. Қынабынан суырылған шындықтай, Өткен күндер ұмыт болды мұңлықтай. Қазақ елі Жер-жаһанға танылды, Су түбінен көтерілген құрлықтай. Жарқын қоғам, жарық дүние арайын, Әлем сүйген Нұрағама балайын. Жалғыз Тұлға шеше алады екен ғой, Бүкіл ұлттың тағдыры мен талайын. Елге абырой жинап жүрсе жер-көктен, Елге деген махаббаты кернеткен. Күллі Әлемге мойындатты қазақты, Қоң етінен ет кескендей еңбекпен. Еркін өскен бүгінгі жас өрендер, Елбасының әр сөзіне елеңдер. Мақтан етер қайда жүрсін әр қазақ, Әлем таныр Елтұтқасын кемеңгер. Мият тапса бар мүмкіндік қолдағы, Елбасының қасиеті ол-дағы. Әлем бұлай назар салған кезі жоқ, Бұл далада қазақ пайда болғалы. Көлегейлеп ғасырлардың жарқылы, Үнсіз қалды Ұлы Дала нарқы ұлы. ...Қайта тану мынау қазақ баласын Мүмкін болды тек Елбасы арқылы! ЕЛТҰТҚА Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!

Нұрсұлтан Назарбаев.

Арман болған сон-оу Түркі, Сақтардан Тас бетіне тарихым боп қатталған. Аманатын орындады Елбасы, Ел болудың барлық шартын сақтаған. Бітімге кеп, Жердің шарын аралап Алашына жол сілтеді даралап. Ұйқыдағы Ұлт Рухын оятты, Ел мұрасын қайта жинап, саралап. Сарып етіп бүкіл ғұмыр, уақытын Халық үшін пайдаланды тақытын. Қамтамасыз етемін деп тер төкті, Бүкіл жұрт пен әр адамның бақытын. О, Нұраға мен жеткізіп айта алман, Ел басқару өнеріңді майталман. Шежіреңді алтынменен жазар ел, Жұртың үшін – ұйқы беріп, қайғы алған. Сөйлеп кетсең шешендердей баяғы, Қадау-қадау ойға тоқтар аяғы. Алды болжап, әр аттаған қадамың Данышпандық даналыққа саяды. Білікпенен билігіңді жүргізіп, Барша Әлемнің бетін бері бұрғызып. Кіндік кесіп, кіндік әке болдыңыз, Мерейі зор Мемлекет тұрғызып. Тарих қана таразылар парқыңды, Сіздей сүйсін әр азамат халқымды. Аман болса Қазақ пенен қара Жер, Уақыт күші өшіре алмас даңқыңды. Бақ қонады басқа, кейде таңдайға, Тығырықтан жол табатын қандай да. Сіз бітсеңіз маңдайына қазақтың, Қазақ Сіздің бітіп еді маңдайға. Бәрін көріп халқың үшін азаптың, Жасап берген бейбіт, тыныш – ғажап күн. Қазақ Сіздің сияр еді-ау маңдайға, Сіз сыйсаңыз маңдайына қазақтың. О, Нұраға мен жеткізіп айта алман, Ел басқару өнеріңді майталман. Шежіреңді алтынменен жазар ел, Жұртың үшін – ұйқы беріп, қайғы алған! ТАРИХ ТАҢДАУЫ Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар: елдің қолына зарықтырып келіп қонған бақыт құсынан – Тәуелсіздіктен айырылуды кешпейді.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Сіз сияқты алып туар алыптан, Алып дала бір перзентке зарыққан. Халық жүгін көтергенмен иыққа, Айтқан жоқсыз үлкенмін деп халықтан. Ең ақырғы үмітіндей таңдағы, Қабыл болып қазағымның арманы. Алдыңызға ақ батасын жайып сап, Халық Сізді бірауыздан таңдады. Дүр сілкініп дүниенің алабы, Көне Түркі даласына қарады. Көзі түсіп алашыма Алланың, Жаңа тарих Сізді ғана қалады! Өзге елдер тағдырымнан мән ұқты, О, өйткені біз түскен жол анық-ты. Махаббаты Уақыт пенен Халықтың, Өз перзентін жаза баспай таныпты! Көріп отыр көңілімен ел мұны, Аңыз болып Елбасының ерлігі. Мемлекет құрып берді қазаққа, Асқан асу, шығар шыңы белгілі. Орын тауып адамзаттық қоғамда, Құл боп қайта түспеу үшін боданға. Тәуелсіздік тегін келген жоқ бізге, Гүл сияқты күтім керек оған да. Кім нығайтса Тәуелсіздік тірегін, Соған ғана дауыс берер жүрегім. Сіз тоқталмай, тоқтамайды Нұраға Ере берер артыңыздан Ұлы елің. Бастан бағын ұшырған ел сорлайды, Айтудың да қажеті жоқ ол жайлы. Бүкіл халық елдің Тұңғыш Елбасын, Қай кезде де жанын салып қолдайды! Алға бастар қазағымды талмастан, Құдай Сізге қуат берсін марқасқам. Алла қолдап Алты Алашым тұрғанда, Қынабына түсе қоймас Алдаспан!!! Кім нығайтса Тәуелсіздік Тірегін, Соған ғана дауыс берер жүрегім. Сіз тоқталмай, тоқтамайды Нұраға, Ере берер артыңыздан Ұлы елің.