Мұхтар Мағауиннің «Оң мен сол» деген шап-шағын әңгімесі бар. Жобалауымша, үш-төрт жасар кезіндегі бастан кешкенін суреттеген. Бала күнінде етігінің сыңарлары оң аяққа, әлде сол аяққа киілетінін айыра алмай пұшайман болыпты. Амалын табады. Аппақ қарға із салып, оңы мен солын айырыпты. Бала Мұхтар қардың арқасында шатаспай етігін дұрыс киеді!
Сонар
Ал, жазушы Мұхтар Мағауиннің алдында жыл сайын жауып, еріп кететін аппақ қар емес, аппақ қағаз тұрған! Із салып көр. Мұхтар ағамыздың осы әңгімесінің түйінін оқып көріңіз: «... Манағы оң мен солға келсек, қазір қапысыз ажыратам. Етік болса да, туфли болса да. Одан арғысы қиынырақ. Оң жақ қайсы, сол жақ қайсы, ұмсынар бағыт, ұмытылар меже қайда, не болды, не болмақ – бірден ажырата алмай, ойланып қалатын жағдайлар әлі де кездеседі. Қарға басып тексерейін десең, ізі жоқ. Қиналасың, толғанасың, содан соң... қолыңа қалам аласың. Жаңағы күмәнді, бұлдыр, ауыр ой шынжырша созылып, қағаз бетінде өрнектеле бастайды. Күмән сейілді, тұман айығады, жарқырап күн шығады. Әлем толқына құбылып, бар бедер-бітісімен алдыңа тартылады. Із деген осы. Өткен өміріңнің, қазіргі тірлігіңнің, болашақ бағдарыңның суреті. Өз ізің, өз суретің ғана емес, ата-баба рухы, бүгінгі әулет тынысы, келешек ұрпақ мұраты – бүкіл тарих таңбасы. Өзің ғана көрмейсің, бүкіл ел көреді. Оқиды, таниды. Оң қайсы, сол қайсы, екі аяқты қалай тең басу керек, қайда барамыз, неге ұмтыламыз, ақырғы мұрат не – соның бәрі бейнеленген. Қарға емес, қағаз бетіне түскен, тасқа басылған, мәңгіге бедерленген, жел де, боран да, тасқын мен сел де өшіре, жоғалта алмайтын, балаңның баласынан өтіп, шөпшектің туажатына жететін үлгі. Мың жасар ұрпаққа қалдырған өсиет.
Соның бәрі – аппақ қар бетіне түскен, оң мен солды айыратын алғашқы таңбадан басталыпты».
Шыр етіп өмірге келіп, бесіктен белі көтеріліп, табанымен қара жерде қаз тұрып, етігі ақ қарға із салғаннан Құбылысқа айналған деп ойлаймын ағамызды. Алпыс екі тамырына, он екі мүшесіндегі сүйегіне сіңген қасиет Сақ дәуірінен, Көк Түріктен, Шыңғысханнан, Алтын Ордадан, Қасым мен Есім, Абылай мен Кенесары хандардың түкті жүректерінен жаралып, Абай атасының рухымен суарылғаны бір Тәңірінің маңдайына жазғаны болар.
Жазушы өзі жазған әңгімесіндей оң мен солын таныған күннен бастап тыңға түрен салып, өз сонарына түскен. Ол – Қазақтың адаспайтын даладай даңғылы.
Тек
Жазушымен етене жақын танысып, аралас-құралас болып кетуім Қарқаралының 180 жылдық тойынан басталған еді. Той болардан көп бұрын бас қосып, ақылдасып, ең аяғы – кімдерді шақыруға дейін саралап алғанбыз. Келетін қонақтардың күтімін келістіріп, жағдайын жасау әрқайсымызға жүктелген. Маған Мұхтар Мағауин мен Нұрмахан Оразбеков бұйырды. Анығында өзім шақырттырғам. Қолқалап алған соң Қарағандыдан Қарқаралыға, одан Алматыға қайтқандарынша менің мойнымда болды.
Қобалжыдым. Бар сенерім – бұрынғы редакторым Нұрмахан Оразбеков пен Серік Ақсұңқарұлы. Нұрағаң М.Мағауинмен ҚазМУ-де бірге оқыған жақсы достар болса, Серағам жазушымен бұрыннан таныс, («Жезтасқын» кітабына тақырып қойып, шығарып берген) кітабын шығаруға көмектесіпті. Оның үстіне Нұрағаң Алматыдан шықпай тұрып, телефон шалып: «Менің жарам жеңіл. Қазақтың маңдайға басқан жазушысын дұрыстап күтіп алыңдар, ұят болып жүрмесін», деген ескертпесі санадан шыға ма? Атынан ат үркетіндей емес екен. Қипақтап, жік-жаппар болған алаңымызды бір-ақ ауыз сөзбен байсал таптырды.
– Мағаш, жалпы жағдайда, оның ішінде жолда ерекше күтім тілемеймін, – деп көңілімізді бір орнықтырып тастады.
Ұрыста тұрыс жоқ. Біздің үйден дәм ішкен соң, Қарқаралыға екі көлікпен жүріп кеттік. Ағамыз машинаның алдына жайғасты. «Жер көріп отырам» дейді. Қарқаралыда талай рет болған. Ғадеті солай. Ащысуға таяғанда Нұрағаң көлікті солға бұрғызып, өзен жағасына әкелді. Күн ыстық. Екі дос, бірі – прозаның, бірі – журналистиканың жампоздары суға қойып кетті. Зәре-құтым қалмады. Не мен, не Серағам жүзу білмейміз. Жүргізушім Жақияны өзенге түсіріп жібердім. Байқастасын дегенім ғой. Кім біледі?.. Жақия Нұра жағасында өскен, балықша жүзеді. Нұрағам Чапайша бір қолмен де жүзіп, біраз өнер көрсетті бізге де, досына да. Жағаға шыққанда екі достың жүздерінен сонау студент кездеріндегі шырайлы шақтардың, жайдары жаздай күндердің сәулесін көргендей болдым.
Ертесіне дүркіреп той басталып кетті. Астана мен Алматыдан, басқа өңірлерден келген кілең жақсы мен жайсаң, өңкей марғасқалар. Қазақ руханиятының бүгінгі көшбасшылары, депутаттар, саясаткерлер жиналған. Халық жыртылып айырылады. Стадионға жұрт сыймай барады. Той тізгінін ұстаған сол кездегі аудан әкімі Ниқанбай Омарханов әуелі облыс әкіміне сөз берді. Содан кейін екінші болып Мұхтар Мағауин сөйледі. Осының өзінен аудан әкімінің көшелі азамат екені андағайлап тұрды. Сол тойдан толық есеп 2004 жылғы тамыз айында барлық газеттерде жарияланған. Қайталау қажет емес. Сонда айтылмай қалған, айтуға батылым жетпеген бірнеше жайды көзбен көрдім, құлағыммен естідім. Ішке бүккеннен ештеңе өнбейді екен.
Тойдың сәні – бәйге. Қос ағатайым бәйге-шоқыға шықты. Бәрін биіктен шолмақ. Бір жақпартас тауып, арқаларын сүйеп отыра қалды. Дәл желкемізден жанжал шықты. Төбелеске ұласатын түрі бар. Ұмтылып тұра бергенімше ақын Бауыржан Қарабек әлгілерге өзі жөнелді. Екі иығына екі кісі мінгендей өзі еңселі, өзі қарулы Бауыржан жанжалдасқан екеуін желкелерінен көтеріп, тырбаңдатты да қойды. Шатақ сап басылды. «Кімдер екен» деген емеуірін езуімде тұрған.
– Ағалы-інілі бауырларың екен. Татуластырдым, – деді Бауыржан байыппен.
Мұхтар ағам мырс етті.
– Қақабай мен Мәди ғой. Бір туған ағайындылар жауласса, қазақтың басы қалай қосылады? Не Қақабай аға болып, не Мәди іні болып кішіреймеген. Ақыры келіп, Мәди мерт болды ғой, – деді М.Мағауин.
С.Ақсұңқарұлы екеуміз төмен қарадық. Шындықты шырылдатып тұрып бетке айтқанда, жақ аша алмайды екенсің.
Мұхтар ағамыз Қарқаралыны аралады. Кенттегі Қызыл кенішті, жол бойындағы Құсбек төренің бейітін көрді. Ішіне кірді, құран бағыштады. Тәттімбеттің бейітіне тәу етті.
– Тәтекең етекке жерленген екен. Мына төбеде Тәтекеңнен де өткен ұлы атасы жатқан болар, – деп бір қайырды М.Мағауин.
– Аға, көк жайлау болады, Тәтекеңнің «Сарыжайлауы» несі, – деп төтеден сұрақ қойдым.
Соны да білмейсің бе дегендей жазушы ағам сәл ғана кідірді.
– Мағаш, жыл сайын жайлайтын жайлауын осылай атайды. Сарытіс болған деген мағына ғой, – деді.
Жазушы ағам Үшқараға шықты. Төңіректі түгел шолды. Баянтауды, Шыңғыстауды көзбен болар, көңілімен болар, кең кеудесіне армансыз қонақтатты деп ойладым.
Осы сапарда жазушы ағамның бір діттеген шаруасы қиыс кетті. Өзі өте жақсы көретін Бұқар жыраудың басына құран оқимын деген жоспары жүзеге аспады. Қалың жаңбыр жауды, Бауыржан Қарабектің жүргізушісі шаршап қалыпты. Арғы ата-бабамда шофер болмаған мен «Волганы» жүгендеп, екі ағамның аяқтарын суға, бастарын күнге тигізбей Қарағандыға жеткізген едім.
Біздің үйдегі әңгіменің түйіні үш биге келіп тірелді.
– Үш би қазаққа символ емес, хан – символ. Қазірде солай ғой, бір Президент басқарады, – деді Мұхтар ағам.
Тәуелсіздігімізді жариялаған Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев Қазақ елін унитарлы – бөлінбейтін, бөлшектелмейтін, автономиясыз, жүзге, руға бөлшектелмейтін біртұтас мемлекет деп жариялады. Жазушы мен Елбасының мақсаты біреу – біртұтас Мемлекет.
М.Мағауиннің тектілігі осында. Бар ойы, мақсаты мен мұраты – Қазақ мемлекеті!
Жады
Жазушының Прагадағы жазу бөлмесіне кіріп бардым. Екінің бірі бас сұқпайды екен. Ту сыртында кілемге тоқылған Шыңғысхан бабамыз тұр. Аңтарылдым. Мұхтар ағам Шыңғысханнан аумайды екен.
Ағамыз Шыңғысхан кітабының қолжазбасын көрсетті. Машинкаға басылған.
– Сол дәуірдегі қазақ руларын түгендеп отырмын. Осының өзіне жеті-сегіз ай уақытым кетті. Шыңғысхан біздің бабамыз екенін әлемге мойындатуымыз керек, – деді М.Мағауин.
Құдайға шүкір, «Шыңғысханның» үш томы жарық көрді. Алдық, оқыдық. Әлі тұңғиығына жете алмай жүрмін. Өзі айтқан: «Төрт томмен тиянақталады. Алтын Орда тарихы екі том болады» деген.
Жазушы ағамның жадына таңқалу керек, сұқтануға болмайды. Көз тиеді дейді, атам қазақ. Қазақ тарихының әліппесін ешбір құжатқа қарамай жазып шығыпты. Бір ғана жылдың анығын қараған. «Шыңғысхан» да солай жазылған сияқты. Жазушы ағам Прагаға бүкіл архивін арқалап келген жоқ. Архивтің бәрін жадына тұтқан, бойына сіңірген.
Қыл қысқасы, Мұхтар Мағауин оқырманға зәру емес. Оқырман Мұхтар Мағауинге зәру. Жазушының бақыты – осы.
Мағауия СЕМБАЙ,
«Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
ҚАРАҒАНДЫ.

Ауа райы бұзылып, екі облыста жол жабылды
Ауа райы • Кеше
Инфрақұрылым • Кеше
Қазақстан экономикасы 2025 жылы қалай дамыды?
Экономика • Кеше
Балабақшаларда кезек 2 есе азайды
Қоғам • Кеше
Қысқы Олимпиадада туды кімдер ұстайды?
Спорт • Кеше