20 Ақпан, 2015

Астанада жұмыссыздыққа жол жоқ

249 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков өткізген кезекті аппараттық жиналыс Мемлекет басшысының өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында күн тәртібіне қойған тапсырмаларын орындау мәселесіне арналды. Сонымен бірге, отырыста қалалық коммуналдық қызмет, көлік жүйесі мен денсаулық сақтау мекемелерінің жұмыстары жан-жақты талқыланды. Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жұмыс адамы үшін ең бас­тысы – өз жұмыс орнын сақтап қалу. Адам үшін, оның отбасы үшін бұл барынша маңызды», деп атап көрсетті. Осыған орай қалалық жиналыста Ә.Жақсыбеков астаналықтардың жақсы тұрмысы және елорданың қарқынды дамуы үшін Мемлекет басшысының қойған талаптары мен тапсырмаларын орындаудың маңыздылығын атап өтті. – Алдымызда тұрған басты талап – ол елорданың экономикалық өсімін сақтап қалу және тұрғындарды әлеуметтік жағынан қолдауды күшейту. Сондықтан бюджеттік қаржыны тиімді пайдалану және мемлекеттік органдардың нәтижелі жұмыс жасауы үшін бюджетті оңтайландыру бойынша тез арада ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Бұл арада жұмыс істеп жатқан жобаларды игеру ісіне басымдылық берілуі керек, – деді қала әкімі. Аппараттық жиналыста баса мән берілген мәселе – жұмыссыздықты жою. Ә.Жақсыбеков барлық қалалық қызмет түрлеріне, елімізде ең төменгі көрсеткіштерге ие болып отырған елордадағы жұмыссыздықтың тез арада алдын алуға тапсырма берді. Ол үшін қала басшысы Астана қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына арнайы жоба әзірлеп, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнатуды тапсырды. Қалалық басқармалардың жұмыс деңгейін айта келе, Ә.Жақсыбеков елорданың көлік логистикасындағы жүйелі жұмыстардың жоқтығын, қала тұрғындарын ақпараттандыру ісінің сапасыздығын сынға алды. Мәселен, қоғамдық көліктердегі жолақысының қалай қалыптасатыны жайын­да тұтынушылардың мүлде бейхабар екені айтылды. Осыған байланысты тиісті орындарға жұртшылық арасында жан-жақты түсінік жұмыстарын жүргізу міндеті тапсырылды. Су тасқынына қарсы шаралар мен қаланы қардан тазалау жұмыстары да сөз болды. – Көктемгі су тасқынына қарсы шаралар белгіленген уақыт бойынша жүргізіліп жатқанына қарамастан, жеке сектор аумағынан қарды шығаруға бар күшті жұмсау керек, әсіресе, жылда су басу қаупі төнетін аудандарды басты назарға алу керек. Аулаларды тазартуға көп көңіл бөлу қажет. Индустриялық парк пен ЖЭО-2 аумақтарында судың кедергісіз, ағуын қамтамасыз ету үшін Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің арналарын тазалау керек, – деді елорда әкімі. Жиын соңында аудандық әкімдіктерге шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен атқарылатын дәмхана, шаштараз, дүкен аумақтарын санитарлық тазалау жұмыстарын мұқият қадағалау тапсырылды. Денсаулық басқармасына тұрғындарға медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізу міндеті жүктелді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».