08 Тамыз, 2015

Аймақаралық орталық ашылды

288 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жақында облыстық клиникада аймақаралық Call орталығы ашылды. Бұрын тұрғындар өз проблемаларын денсаулық сақтау басқармасына жеткізе алмай пұшайман болып жүрсе, енді орталық қызметін өз игілігіне пайдалана алады. Мұның тиімді жағы көп. Бұрындары жауапты мамандардың салғырттығынан өтініштер ескерусіз қалып келсе, бүгінгі заң талаптары ондай босбелбеулікті көтермейді. Тұрғындар өз сауалдарына жауап алумен қатар, мемлекет тарапынан бөлінетін тегін дәрі-дәрмектердің қаланың қандай дәріханаларына түскенін біле алады. Call орталығының мақсат-мүддесін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сейітжамал Пәкеев айтып берді. – Облыстық аурухананың базасында ашылған орталық азаматтардың ақпараттандыру деңгейін көтеру үшін және амбулаториялық ұйымдастыру қызметінің ерекшеліктеріне байланысты сұрақтарды қоюға арналған. Осында хабарласқан кез келген пациент өз сауалына, шағымына міндетті түрде толыққанды жауап алатын болады. Біз өз тарапымыздан пациенттің проблемасын барынша тиімді әрі тез шешуге тырысатын боламыз, – деді С.Пәкеев. Call орталық облыстың бас дәрігерінің бастамасы бойынша ашылып отыр. Екі жаққа да игілікті шаруаны аяғына дейін жеткізуге 22 млн. теңге бөлінген. Құдай қаласа, жыл аяғына дейін облыстағы аудан, қала медициналық бөлімдері осы орталыққа қосылмақ. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.