Кеше орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындыларын тәптіштеп, биылғы атқарылатын жұмыстар туралы әңгімеледі.
Елдің экономикалық әлеуеті түрлі көрсеткіштер арқылы айқындалады. Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргідей қиын кезеңде біздегі әлеуметтік-экономикалық даму үдерісі тәп-тәуір. «Былтыр Қазақстан экономикасы әлемдік нарықтардағы күрделі өзгерістерге қарамай даму үдерісін тоқтатпады. Мәселен, өткен жылы мұнай мен темір кенінің бағасы екі есе төмендеді. Соған қарамастан, ел экономикасы 4,3 пайызға өсіп, өндіріс – 0,3, ауыл шаруашылығы 1,8 пайыз өсімді құрады. Сондай-ақ, негізгі капиталға құйылар инвестициялар 3,9 пайызға өсті. Жұмыссыздық бұрынғы бес пайыз деңгейінде сақталып, инфляция 7 пайыздан сәл-ақ асты», деді ол.
Оның сөзіне илансақ, ел азаматтарының орташа айлық еңбекақысы 120 мың 500 теңгеге жетіп, 3,9 пайызға өскен көрінеді. Еліміздің халықаралық резервтері де 7,3 пайызға молайып, 102,5 млрд. АҚШ доллары болыпты. Жалпы алғанда, Үкімет өткен жылы дер кезінде қабылдаған шаралар елдегі макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беріпті.
Брифингте «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында жоспарланған барлық жобаларды қаржыландыруды бастауға тапсырма берілгендігі де айтылды. «Алдағы наурыз айының 10-на дейін Үкімет «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасына өзгертулер енгізіп, Мемлекет басшысына ұсынады. Оған Елбасының дағдарыстың алдын алуға байланысты шарасы мен проблемалы кредиттерді қаржыландыру қоры, сондай-ақ экономиканы ынталандырудың 2-траншына арналған 250 млрд. теңге қосылады. Бұлармен бірге, ұлттық холдингтер, компаниялар мен мемлекеттік кəсіпорындардың бюджеттік шығындарын оңтайландыру да көзделген. Парламент Мəжілісіне «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңының» жобасы ұсынылады. Себебі, экономикалық өсу мен сыртқы сауда көлемінің қысқаруына байланысты ел бюджеті» 10 пайызға оңтайландырылды. Мұнда, бірінші кезекте əлеуметтік көмектерді толықтай орындауға, жұмыссыздық деңгейін өсірмеуге жəне экономикадағы кəсіпкерлік белсенділікті қолдау қарастырылып отыр», деді Е.Досаев.
Сонымен қатар, ол отандық компаниялардың өнімдеріне деген сұранысты арттыруды жəне жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында жоспарланған барлық жобаларды қаржыландыруды ақпан айынан бастауға тапсырма берілгендігін жеткізді. Сөйтіп, ауқымды жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы әңгімеледі. «Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс және Орталық-Батыс жобалары бойынша көліктік-логистикалық ифрақұрылымдарды дамыту үшін 1019 шақырым жолда жұмыстар жалғасын тауып, жыл соңына дейін 272 шақырымы пайдалануға беріледі. Мұнымен бірге, индустриялық инфрақұрылымды дамыту бағытында алдағы жылы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА құрылысының жұмысы толық аяқталды. Ал, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА инфрақұрылымдарының құрылысы биыл басталады. Энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту үшін жалпы ұзындығы 600 шақырымды құрайтын «Екібастұз-Семей-Өскемен» 500 кВт электр тарату желісінің 200 шақырымдық бөлігі салына бастайды», деді министр.
Еліміз биылғы жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруді көздеп отырғаны мәлім. Министр журналистерге бұл жағымды жаңалықты да айтып берді. «ДСҰ-ға кіру үдерістері бойынша келіссөздер соңғы сатысына шықты. Өткен жылдың негізгі қорытындысы Қазақстанның ДСҰ-ға кірудегі басты келіссөзшілерінің бірі – Еуропа одағымен екіжақты келіссөздерді айтуға болады. Ал, АҚШ-пен келіссөздер бойынша негізгі мәселелерде уағдаластыққа қол жеткізілген. Қазіргі уақытта АҚШ сауда өкілдерімен фитосанитария талаптарына байланысты келіссөздер қарқынды жүргізілуде. Жоспарымыз бойынша, сәуір-мамыр айларында келіссөздерді толығымен аяқтаймыз», деді Е.Досаев.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».