Кеше Астананың «Бейжің сарайы» қонақ үйінде Президенттің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, Мәжіліс депутаты Елена Тарасенконың төрайымдығымен БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітулерді жою жөніндегі комитетінің қорытынды ұсыныстарын жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мәселелерін талқылаған дөңгелек үстел өткізілді.
Оны ашқан Елена Тарасенко алдымен Мемлекеттік хатшы, Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтауын оқып берді. Онда Мемлекеттік хатшы дөңгелек үстелге қатысушыларға тиімді жұмыс істеуді тілеген екен. Осыдан әрі модератор дөңгелек үстелдің мақсатына кеңірек тоқталып өтті. Біз бүгін 2015 жылдың наурыз айында Нью-Йорк қаласында болатын әйелдердің мәртебесі жөніндегі комиссияның 59-шы сессиясына әзірлік мәселелерін талқылаймыз. Сондай-ақ, БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітулерді жою жөніндегі комитетіне ұсыну үшін Қазақстандағы мерзімді есептердің нәтижелері бойынша қорытынды ұсыныстарды орындау бойынша шаралар қолданудың нәтижелері туралы еліміздің баяндамасын әзірлейміз, деді Е.Тарасенко.
Бүгінгі күні Қазақстанда жүргізіліп отырған отбасылық демографиялық саясаттың ана болуға ынталандыру, сенімді әлеуметтік кепілдіктер сияқты негізгі бағыттары Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында көрініс тауып, нәтижесінде әйелдерді, отбасыларын, ана мен баланы мемлекеттік қолдаудың тұтастай жүйесі құрылды. Қазіргі замандағы жаһандық сын-қатерлердің қауіпті жағдайында жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруға әйелдердің белсенді түрде қатысу мәселелері де қыз-келіншектерге қатысты кемсітушіліктерді жоюға мүмкіндік беретін және Қазақстан қоғамында гендерлік теңдікті қолдайтын саяси тетіктердің бірі болып табылады, деді өзінің сөзінде модератор.
Бұдан бұрын, 2014 жылғы ақпанда Женевада болған мәжілісте Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерді кемсітуге қарсы күресі жөніндегі конвенциясы талаптарын қалай орындап жатқаны жөнінде баяндаған болатын. Осы баяндамаға халықаралық сарапшылар қанағаттанғандық білдіріпті. Енді кезекті баяндамаға дайындық жұмыстары жүргізілетін болды.
Еліміздің Конституциясына сәйкес, Конвенция халықаралық құқықтық құжат болғандықтан, ішкі заңдарға қарағанда үстемдікке ие. Алайда, осы тарапта шешілуге тиісті біршама проблемалар бары айтылды. Мәселен, мемлекеттік органдардың, қалың жұртшылықтың Конвенция талаптары туралы біліктері аз болуы себепті ішінара гендерлік кемсітушілікке жол беріледі. Дөңгелек үстел барысында осы мәселелер басты назарда болып, жиналғандар оған қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Аталған Конвенция талаптарын орындау жөніндегі Ұлттық іс-шаралар жоспарына айтылған ұсыныстардың маңыздылары енгізілетін болды.
Жиынға Парламент депутаттары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».