Сенат Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа кезектен тыс президенттік сайлауды тағайындау туралы мәселені қарауды өтінген үндеу қабылдады
Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болып, онда палата Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мерзімінен бұрын президенттік сайлауды өткізу туралы бастамасын бірауыздан қолдады және Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа сайлауды тағайындау туралы мәселені қарауды өтінген Сенат үндеуін қабылдады. Үндеуді оқыған жоғары палатаның басшысы уақыт талабынан туындап отырған бастама барша халықтың қызу қолдауына ие болып, Қазақстан қоғамында оң пікірлер туғызғанын атап өтті. Сенат Төрағасының пікірінше, халықаралық ахуал шиеленіскен, әлемде қақтығысты жағдайлар туындаған және жаһандық экономикадағы дағдарыстық құбылулар орын алып отырған уақытта ішкі саяси тұрақтылық қамтамасыз етіліп, әлемнің ең дамыған елдерінің тобына кіру мақсатын көздейтін ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясын, «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын, «Нұрлы Жол» бағдарламасын табысты іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс. Сенаторлар үндеуінде Елбасының дана және мықты көшбасшылығының арқасында Қазақстан халқы еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы барлық қиындықтарды абыроймен еңсергені айтылды: «Сіз тәуелсіздік жылдарында дамыған нарықтық экономикасы, халықаралық қоғамдастықтағы беделді ұстанымдары бар табысты мемлекет құра білдіңіз. Сондықтан да, қазақстандықтардың бүгінгі таңдағы барлық жетістіктерін: тұрақты экономикалық өсуді, демократияның дамуын, ұлтаралық келісім мен әлеуметтік игілігін Сіздің есіміңізбен байланыстыруы заңды», делінген үндеуде. Жоғары палатаның басшысы Қазақстан өз дамуының жаңа сатысына аяқ басқанын атап өтті. Осы орайда, деді ол, белгіленген реформаларды одан әрі жүргізуге бағытталған Елбасының бағдарын табысты жүзеге асырудың сөзсіз шарты болып табылатын тұрақтылықтың маңызы зор. «Біз, Парламент Сенатының депутаттары, кезектен тыс президенттік сайлау өткізу елімізде бейбітшілікті, бірлік пен келісімді нығайтуға ықпал ететіндігіне сенімдіміз», – деді Қ.Тоқаев. Сенаторлар М.Алтынбаев, М.Бортник, Г.Ким, Е.Сағындықов, Б.Бекназаров Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасын қолдап, сөз сөйледі. Отырыс барысында сенаторлар Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді және осы келісімді іске асыру тәртібі туралы Атқару хаттамасын ратификациялады. Келісім екі мемлекеттің аумағына келу, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан адамдарды анықтаудың және қауіпсіз әрі ретімен қайтарудың тиімді рәсімдерін айқындайды, сондай-ақ, осындай адамдардың транзитіне ықпалын тигізетін болады. Палата Кеден одағына мүше мемлекеттер болып табылмайтын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою туралы Кеден одағына мүше мемлекеттердің келісімін ратификациялады. Құжатты қабылдау сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға, инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуге, өзара сауда көлемін ұлғайтуға және тұрақты экономикалық өсімді қолдауға жағдай жасайтын болады. Сенаторлар «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заңды қабылдады. Заң жобасының негізгі мақсаты балаларды зиянды ақпараттан қорғауды, балалардың өз жасына лайық ақпаратты алуға және таратуға құқықтарын іске асыруды, сондай-ақ, олардың ақпарат кеңістігіне жағымсыз ақпараттың енуінен қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Құжатта ақпарат өнімдерінің сараптама жүргізу тетіктері бекітілді, сарапшыларға қойылатын талаптар, сарапшылар мен сараптама ұйымдарын тіркеу тәртібі белгіленді, осы саланы реттейтін мемлекеттік органдардың құзыреттері ажыратылды. Палата ілеспе заң жобасын екі оқылымда қарағаннан кейін оны да қабылдады. Қолданыстағы заңнаманың құқықтық олқылықтарын жою, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ, азаматтардың толыққанды медициналық қамтылуына конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуді көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасы бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарап, регламентке сәйкес түзетулерімен Мәжіліске жіберді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».Деректер журналистикасы бойынша оқу курсының таныстырылымы өтті
Аймақтар • Бүгін, 21:00
Мемлекет басшысы Талдықорғандағы Үстел теннисі орталығын аралап көрді
Президент • Бүгін, 19:45
«Egemen» де, домбыра да сыйлады
Руханият • Бүгін, 19:30
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісу» волейбол клубының жай-күйімен танысты
Президент • Бүгін, 19:00
Мемлекет басшысы Ынтымақ ауылындағы мектепті аралап көрді
Президент • Бүгін, 18:21
Биыл Жетісу облысында 250 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген
Президент • Бүгін, 17:48