20 Ақпан, 2015

Тұтынушылар ұстанымы айқын

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Тұтынушылардың Ұлттық лигасы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері кезектен тыс прези­дент­тік сайлау өткізу туралы Қазақстан халқы Ассам­блеясы Кеңесінің бастамасын қолдайтынын арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында мәлім етті. Журналистер алдында ойымен ортақтасқан «Тұтынушылардың Ұлттық лигасының» төрайымы, Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Романовская әлемдегі экономикалық дағдарыс кезеңінде кез келген мемлекеттің басты міндеті – халықтың табыс деңгейін төмендетпеу және сонымен қатар, еліміздегі тұтыну деңгейін жоғалтпау болып есептеледі дей келіп, ал осы мақсаттың «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында шешілетініне тоқталды. Қазіргі кезеңде әлемнің көптеген мемлекеттері тап болған эконо­микалық дағдарыстардың шарпуы елімізге әсерін мейлінше азырақ тигізуінде мемлекет та­рапынан қолға алынған кешенді бағдарламаның берері молдығын жоғары бағалаған ол, осындай қиын кездерден өтуде, қа­зақстандықтардың әл-ауқатын сақтауда және еліміздің тұтас­тығын нығайтуда кезектен тыс өткізілуі талқыланып жатқан президенттік сайлаудың қажеттігіне айрықша мән берді. Алдымызға қойылған мәсе­лелерді жүзеге асыру үшін хал­қымыздың бірігуі, азаматтық ұстанымның күшеюі ауадай қажет десек, біз кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді уақтылы, дер кезінде жасалған ұсыныс деп санаймыз. Бұл экономикалық және геосаяси тұрақсыздық уақытында ұлттың рухының нығаюына, азаматтық қоғам әлеуетінің артуына, пес­симистік көңіл күйлердің азаюына әкеліп соғатыны сөзсіз, деген пікірін ортаға салған ­депутат: «Сайлау – бұл қоғам кемел­ділігін тексеретін емтихан, сонымен қатар, сыртқы қатерлерге деген жауап болып табылады. «Молшылықты аспаннан сұ­рамай, халықтың бірлігін сұра!», – депті данышпандар. Сай­лауды өткізуді халық сұрауда, ал халық даналардың данасы», деп Тұтынушылар лигасы атынан барлық азаматтарды бірігіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасын қолдауға шақырды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».