Қазақстан және Мажарстан сыртқы саясат ведомстволарының басшылары екіжақты қатынастарды дамыту мүмкіндіктерін талқылады
Кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астанаға сапармен келген Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты пішімдегі ынтымақтастық мәселелерін, сонымен қатар, Украиндағы, Сириядағы жағдайлар, Ауғанстанды тұрақтандыру мәселесі, Иранның ядролық бағдарламасы және т.б. өзекті халықаралық мәселелерге қатысты ұстанымдарын талқылады.
Экономика, сауда, инвестициялар салаларында қатынастарды тереңдетуге зор екпін беретін биыл көктемге жоспарланған Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның Астанаға ресми сапары келіссөздердің басты тақырыбының біріне айналды.
Е.Ыдырысов П.Сийяртоның Қазақстанға тұңғыш сапары және алдағы В. Орбанның сапары екіжақты қатынастарымыздың тарихында маңызды орынға ие болып, Стратегиялық ынтымақтастық туралы бірлескен декларацияның тиімді жүзеге асырылуына зор екпін беретінін атап өтті. «Біз ынтымақтастықтың жоспары мен нақты жобаларын айқындадық, олар бауырлас ел Премьер-министрінің Қазақстанға сапары барысында іске қосылады», – деді Е.Ыдырысов.
Ол, сонымен қатар, Қазақстан Мажарстанды еліміздің мүдделерін еуропалық және халықаралық сахнаға ілгерілету жолын ашатын сенімді серіктес және дос ретінде қарастыратынын атап өтті. «Біз Мажарстанмен қалыптасқан достас, бауырлас қатынастарымызды жоғары бағалаймыз. Мажарстан біздің Еуропа бағытындағы басымдықтарымызды дұрыс түсінеді және Еуропамен жалғайтын көпір рөлін атқарады», – деп атап өтті ҚР СІМ басшысы.
Сұхбаттастар екіжақты сауда айналымының көлемін және бірлескен кәсіпорындар санын арттыру қажеттігіне назар аударды. Қазіргі уақытта Қазақстанда Мажарстанмен 50 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Іскерлік серіктестікті белсенділендіруге қажетті іргетас қаланған. Қазақстанда «Мажарстан сауда үйі» құрылды, «Индустрия және инновациялар бойынша жұмыс тобы» және Үкіметаралық экономикалық ынтымақтастық бойынша комиссия іске қосылды. Мажарстан министрінің пайымдауынша, Еуропа алға қарай даму үшін ашық саясат ұстанып, дамушы елдермен қатынастарды кеңейтіп, ЕАЭО-мен үнқатысу орнатуы қажет.
Мажарстанның «Шығысқа жол ашу» сыртқы экономикалық стратегиясы және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ықпалдасу мүмкіндіктері атап өтілді.
Тараптар ынтымақтастықтың болашағы зор бағыттары ретінде жоғары технологиялар, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы салаларында жобаларды ілгерілету, фармацевтика, туризм, құрылыс, атом және автомобиль өнеркәсібі, көлік, инновациялар салаларын атап өтті.
Қазақстан министрі әріптесін «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты аясында мажар кәсіпкерлері үшін ашылатын мүмкіндіктерге, әсіресе, Мажарстанның «жасыл» экономикадағы тәжірибесін ескере отырып, түрлі инфрақұрылымдарды дамыту саласындағы жобаларға көңіл бөлуге шақырды.
Ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландыру бойынша бірлескен қорды және республикалық маңызы бар Қазақстанның тас жолдарында төлем алудың мажарлық жүйесін енгізу бойынша бірлескен кәсіпорын құру жөнінде іске қосылған жобалар, ҚР СІМ басшысының пікірі бойынша, ынтымақтастықты белсенділендірудің зор іргетасын қалауы тиіс.
Қазақстан мен Еуропалық одақ елдері арасында визалық тәртіпті жеңілдету мәселелеріне арнайы назар аударылды. Е.Ыдырысов Еуропалық одақтың осы мәселе бойынша кейде Қазақстанға теріс көзқарас білдіріп жататынын атап өтіп, визалық тәртіпті жеңілдетудің оң салдары болатынына сенімді екенін жеткізді. Бұл өзара сауда, инвестициялар және т.б. өсіміне мүмкіндік беретінін атап көрсетті. Бұл мәселелерде П.Сийярто әріптесін мақұлдап, визалық жағдаяттар бойынша Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы келіссөздер барысында Мажарстан елімізге қолдау көрсететінін айтты.
Мажарстанда қыпшақтардың ұрпақтары көп тұратынын ескере отырып, мәдени ынтымақтастық екіжақты қатынастардың маңызды элементтерінің біріне айналды. 2007 жылдан бері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мажарстан қыпшақтарының құрметті басшысы атанды. 2014 жылы Мажарстанның Бугац қаласында Тұран халықтарының төртінші құрылтайы өтіп, оған Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы бастаған қазақстандық делегация қатысқан болатын.
Сәулебек БІРЖАН.