20 Ақпан, 2015

Шындап кіріссе, алынбайтын асу жоқ

299 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
IMG_0337-1Қарағанды аймағы еліміз индустрия­сы­ның қара шаңырағы әрі көшбасы саналатыны белгілі. Өндірістік әлеует деңгейі әлсіз болмауы осы маңызды саланы әрдайым алға тартуға жетелейді. Сондықтан өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековтің тұрғын­дар алдындағы есеп беру жиынында сөз басын өлке экономикасындағы басым мәселе­ден бастауы түсінікті еді. Онда Елбасы­ның былтыр жыл ортасында облысқа жаса­ған жұмыс сапарында бұл істегі ахуалды жақсарту бағытында берген талаптары мен тапсырмалары, орын алған олқылықтарды түзетуге арналған сын-ескертпелері қалай орындалуда екені Үкіметтің жақында өткен кеңейтілген отырысында қойылған жаңа міндеттермен сабақтастырыла баяндалды. Әкім өз сөзінде атап өткендей, жағ­дай­ды қалыпқа келтіру үшін қолға алынған жедел шаралардың арқасында сыртқы әсерлердің ықпалына қарамастан әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты өсу ырғағы сақталды. Мәселен, өңдеуші өнеркәсіптің негізгі салаларында 938,4 млрд.теңгенің өнімі өндірілуі жағымды көрсеткіш болып табылса, өндіріс өсімінің 2013 жылдың деңгейіне шаққанда 3,7 пайыз құрауы қандай да қиындықтарды жеңе білушілікке айғақ демеске болмайды. Осы орайда аймақтың одан әрі дамуына индустрияландыру бағытындағы жаңа жобалардың іске асырылуы тағы бір тың серпін тудырғанын айта аламыз. Солардың қатарында Жез­қазған мыс қорыту зауытының жөндеуден кейін қайтадан жұмыс істей бастауы, кремний өндіретін кәсіпорынға тыныс бітуі, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ метал­лургиялық комбинатының №2 конвер­терінде газды алғашқы тазалаудың жолға қойылуы, №3 домна пешін жаңғыртудың аяқталуы, Саран қаласында барит концентратын өндіру қолға алынуы сияқты іргелі өндірістердің өрісі ашылуы экспорттық отандық өнімдер көлемін арттырумен бірге, жүздеген жұмыс орындарының құрылуына септік етті. Бұлардың қай-қайсысы болсын заман талабына сай икемделіп, бейімделген кәсіпорындар. Бұған қоса өткен жылы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы сомасы 44,3 млрд.теңге болатын 10 жобаның жолы оңғарылып, 1200-ден астам азамат­тың еңбекке қамтылуы жағымды құбылыс­тар­дың бірі деуге болады. Мемлекет басшы­сының құрылуы тұралап қалған «Сары­арқа» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымын дамыту және оның аумағында орналастыру үшін жобалар іздестіруге қатысты тапсырмаларын орындау жөніндегі іс-шаралар ширатылуы арқылы бірлескен қазақстандық-германиялық кәсіпорындардың жұмысы жанданып, жоғары сапалы жылу және мұнай құбырларын, сондай-ақ, айналмалы крандар мен тығынды арматуралар шығару экономикалық күш-қуатты арттыра түсуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге, Индустрияландыру картасынан тыс іске қосылған 12 өнеркәсіп нысаны өндірілген өнім көлемін 1,7 млрд. теңгеге ұлғайтуы қосымша игілік көзіне айналды. Осындай істер облыстың республиканың ішкі жалпы өніміндегі үлес салмағын 8 пайыздық деңгейге көтеріп, еліміз бойынша 4-ші орыннан көрінді. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жыл қорытындысында 412 млрд. теңгені құрап, бұл көрсеткіш жөнінен өңірлердің алдыңғы үштік сапынан танылу да айналадағы экономикалық тұрақсыздық орын алған күрделі кезеңдегі тәуір жетістік екені дау­сыз. Биыл алынар асулар да біршама биік. Облыста жасалған индустриялық аймақтардың 8 тұжырымдамасы бойынша 4 мың жұмыс орны құрылатын 54 кәсіпорынның ашылмақтығы өндірістің өрлеуіне соны серпін бере түспек. Сөз кезегінде ауыл шаруашылығының ахуалына тоқталып өткен әкім есебінен бұл саладағы өзгерістерді агроөнеркәсіп кешеніндегі көлемі 142,8 млрд. теңгені құрауы аңғартты. Ет пен сүт өндіру көлемі 4,5 және 3,7 пайызға артса, картоп пен көк­өніс жинау ұлғайған. Облыс азық-түлік өнім­­дерімен өзін толықтай қамтамасыз етіп қой­май, өзге өңірлерге де жөнелте алады. Жасыратыны жоқ, өткен жылдың біршама уақытында облыс жағдайы босаңсып кеткен еді. Елбасының тамыз айында жаңа басшыларға жауапкершілікті күшейтіп, бұрынғылар тарапынан жібе­ріл­г­ен орынсыз олқылықтарды жедел түзеп, оңалту тапсырмасына сәйкес жұмыстардың белсенді түрде жүргізілуі жұртшылық қолдауына ие болды. Моноқалаларды дамыту бағдарламасының тиянақты орындалмауына, денсаулық сақтау нысандары құрылыстарының ұзаққа созылуына, балабақшалардың жеткілікті салынбауына, шағын және орта бизнестің үлесін арттыруға барынша көңіл бөлінбеуіне қатысты ескертілген кемшіліктер бойынша есеп беру барысында айтылғандай көп іс атқарылыпты. Приозерск, Абай, Қаражал қалаларында жылу жүйелері жөнделіп, Жезқазған мен Балқашта жылу-электрстансалары жабдықтары жаңартылып, бірнеше жұмыс орындары ашылып, шағын шаһарларға шырай кірді. 4 балабақша пайдалануға беріліп, 3 жастан 6 жасқа дейінгі жеткіншектерді мектепке дейінгі мекемелерге қамту 98 пайызға жеткізілуі де талаптан туған талпыныс ықпалы. Облыстағы әлеуметтік сала әңгіме болғанда әкімнің әсіресе, тұрғын үй құрылысын атап өтуі жайдан-жай еместігі білінді. Шынында, жыл ішінде 315,5 мың шаршы метр үйдің іске қосылып, 2432 отбасының баспаналы болуы, яғни белгіленген меженің алдындағы жылмен салыстырғанда 105,5 пайызға орындалуы ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш. Өмір болған соң түрлі қиындықтардың ұшыраспай тұрмайтындығы мәлім. Бү­гін­де облыс жұртшылығын аса алаң­датып отырған жағдайлар баршылығы жасы­рын емес. Ірі компаниялардың өнім­дерін өткізу қиындауына байланысты өндірісті төмендетіп, жұмыс істеушілерді қысқартуға мәжбүрлікті желеу етуі кездеспей жатқан жоқ. Бұл ретте еңбеккер қауым ең алдымен жергілікті атқарушы органдар қолдауын күтеді. Әркім үшін өте маңызды осынау мәселенің басты назарда ұсталуы қажеттігін Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында баса айтқан болатын. Қазіргі таңда «Арселор Миттал Теміртау» АҚ, «Қа­зақ­мыс» корпороциясымен бірге басқа да 6 компаниямен 43655 жұмыс орын­дарын сақтайтын меморандумға қол қойылуын еңбек ұжымдары жылы қабылдады. Н.Әбдібеков облыс тыныс-тіршілігінің басқа да жай-жапсарын баяндай келіп, алда тұрған міндеттерді саралап берді. Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» Жолдауында айқындалған жаңа экономикалық саясат жергілікті атқарушы органдардың алдына биік мақсаттар қойып отырғанын, оларды жүзеге асыруға арналған іс-шаралардың орындалуы ұдайы бақылауда екенін, сондықтан барлық деңгейдегі әкімдер мен басшыларға жүктелген жауапкершілік биіктігін, талап та солай болатындығын айтты. Аймақта қазіргі қиындықтарды жеңіп шығуға бізде барлық ресурстар жеткілікті, соны тиімді пайдалану, білек сыбана жұмыс істеу, жұртты соған жұмылдыра білу қажет, деді. Есепті кездесу әкімнің қатысушы­лар­дың кезекпе-кезек қойған сауалдарына жауап беруімен жалғасты. Мұндай мүмкіндікті жүздесу өткен кеншілер Мәдениет сарайы­­ның кең залында жиналғандар ғана емес, облыс қалалары мен аудандары жұртшылық өкілдері де пайдалана алды. Олар телебайланыс арқылы өңірлер өмірімен өзектес, сондай-ақ, өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Қоғам белсенділері Дмитрий Бойко, Айтқожа Фазылов, ақын Қуаныш Мақсұтов, ұстаз Торғай Ақбанбаева, қыз­меткер Сара Күсенова, тағы басқалары әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту, халықты жұмыспен қамту, мәдениет пен өнерді қолдау, білім беру сапасын көтеру, қарттарға қамқорлық, жастар тәрбиесі туралы өзекті мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әсіресе, жеке тұрмыс жайына байланысты қойылған сұрақтар аз болмады. Тұрғын үймен қамтамасыз етілу жөніндегі тілектер тек заңдылық тәртіппен шешілетіндігі түсіндіріліп жеткізілді. Барша қазақстандықтар сияқты қараған­­­­­­дылықтардың да әр жылдан күтер үміті мол. Алда тұрған міндеттер кеңінен талқыланған, ортақ іске ой бөліскен, жұрт мүддесі тоқыл­ған әңгіме әсері, қиын кезде облыс тізгінін қолға ұстап, біраз ілкімді істердің қиюын тапқан Нұрмұхамбет Әбдібековтің байсалды басшылығы соған сенім күшейтті. Ендігі мәселе, белгіленген іс-шараларды, тапсырмаларды бұлжытпай жүзеге асыру болмақ. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы.