20 Ақпан, 2015

Ортақ жұмыстың нәтижесі

271 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
IMG_1641[1]Биыл Елбасы Жарлығына сәйкес әртүрлі деңгейдегі әкімдердің халықтың алдында есеп бере бастағанына он жыл толып отыр. Осы уақыттың аралығында әкімдер мен тұрғындар арасындағы үнқатысу мәдениеті және кездесулердің сапалық деңгейі әжептәуір өскені көзге анық көрінеді. Осындай оң ахуал ауаны өткен сәрсенбі күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың есеп беруі кезінде де айқын байқалды. Бұл ретте тағы бір айта кетер жәйт, облыс әкімінің атына тұрғындардан түскен ұсыныстар мен талап-тілектердің бір де бірінің аяқсыз қалмағаны. Оның бар­лығының жинақталып, сүзгіден өткі­зілгені, екшелгені. Осы ұсыныс-тілектер негізінде бұдан екі жыл бұрын арнайы іс-шаралар жоспары жасалғаны да үйренуге тұратындай үрдіс деуге болады. Егер облыс басшысы өзі басқарып отырған өңірдің түпкір-түпкіріне шықпай, шалғайдағы ауыл тұрғындарының талап-тілектері мен мұң-мұқтаждарына құлақ түрмей бірден облыс орталығында өткізі­­ле­тін кездесуге кірісіп кетсе көп нәрседен ұты­лар еді. Әрі оның есебі жартыкеш болып қалар еді. Осы орайда Нұрлан Ноғаев­тың биылғы жылдың басынан бері облыс­тың барлық өңірлерінде болып, ауыл тұрғын­дарының тыныс-тіршілігімен танысуы, барлық аудан, қала әкімдерінің есебіне қа­ты­сып, онда қозғалған өзекті мәселелерге қа­ны­­ғуы қорытынды кездесудің нәтижелі бо­луы­на тәп-тәуір септігін тигізгенін аңғардық. Әкімдердің есеп беруі дәстүрге енгізілген өткен он жылдың ішінде оны өткізу мен ұйымдастыру ісі де ұдайы жаңғыртылып келеді. Қазір ұзақ уақыт алатын сала құлаш баяндамалар жасау үрдісі азайып келеді. Биыл жыл ішіндегі облыстың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін жан-жақты бейнелейтін бейнефильмнің кездесулерге қатысушылар назарына ұсынылуы да ұтымды болған се­кілді. Бұдан кейін сөз алған облыс басшы­сы бейнефильмнен көрініс тапқан мәсе­лелерді қайталамай, өткен 2004 жылы ат­қа­рылған істерге терең талдаулар жаса­ды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев орталық және жергілікті атқарушы органдар басшылары алдына қойған басты мәселелердің бірі – олардың әр өңірдің тек өзіне ғана тән даму ерекшелігін айқындап, сол бағытқа басымдық берілуін тапсыруы еді. Ендеше, Ақжайық атырабына тән даму сипаты мен ерекшелігі қандай? Кездесу кезінде бұл сауалдың жауабын есеп беруші тайға таңба басқандай айтып берді. Атап айтқанда бұлар – машина жасау мен мал шаруашылығын дамыту салалары. Әрине, машина жасау жалаң ұғым емес. Оның арғы астарында ішкі өңірлік өнім мен өнеркәсіпті дамыту, тұтастай ел өндірісі жиынтығына өңірдің қосатын үлесін ұлғайту деген сөз. Кездесу кезінде айтылғандай, Батыс Қазақстанның жұлдызы бұл тұрғыда ел аумақтары шоғырында жоғары тұр. Мал шаруашылығын өркендету сала­сын­да да қол жеткен жетістіктер жет­кі­лікті. Кездесуге қатысушыларға ұсы­ныл­ған бейнефильмде осы салаға қатысты рес­публика Президенті Нұрсұл­тан Назар­баевтың айтқан сөзі тыңдал­ды. Яғни, мұнда Мемлекет басшысы об­лыстың еңбек­­керлеріне қатысты мал ша­руашы­лығы бойынша елімізде алдың­ғы орында келе­сіздер, осы қарқында­рыңыздан танбаң­дар деп жоғары баға беріп­ті. Ба­тысқазақ­стан­дықтардың Елбасы сені­мінен шығып келе жатқаны сүйсін­діреді. Мұның нақты мысалы тек мал өсіру мен оның өнімдерін өңдеу ғана емес, Батыс Қазақстан облысы тұтас­тай ауыл шаруашылығы саласы бойын­ша рес­публика өңірлері арасында бірін­ші орында келе жатқаны десек қателеспейміз. Әсіресе, сала майталмандарының азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мәселе­леріне жан-жақты көңіл бөлгені атап айтуға тұрарлық. Сонымен бірге, Орал өңірінде ірі қара етін экспортқа шығару ісі оң жолға қойылған. Бұл арада оның ауқымы 8640 бас бордақылайтын Янайкин кешенімен шектелмейді. Мұндай инвестициялық жобалар өрісі жыл сайын өсіп, көбейіп келеді. Қазір соның бастауында тәулігіне 1400 бас марқа қозының еті өндірілетін республикада баламасы жоқ келісті кешен тұр. Сонымен бірге, тәулігіне жиырма тонна ет өнімдерін өңдейтін «Жайық ет» кешенінің де келешегі кемел. Нұрлан Ноғаев өз есебінде мал шаруа­шылығы әлемдік ветеринарлық талаптармен үндес, өзектес дамуы қажеттілігі жөнінде орамды ой түйді. Әкім атап көрсеткендей, бұл үшін облыс әкімдігі құзырында арнайы ветеринарлық басқарма құрылған. Егер эпизоотиялық жағдай ескерілмесе, оның орын алу себептерін тереңдету шаралары еске алынбаса мал шаруашылығын ойдағыдай дамытамын деу бос әурешілік болып қалар еді. Сондықтан да облыс басшысы осы мәселені сала мамандарының алдына өткір түрде қойды. Бүгінгі таңда Елбасы тарапынан облыс әкімдеріне қойылып отырған бас­ты талаптардың бірі – инвестиция тарту көлемін ұлғайту. Бұл бағытта да жыл ішінде атқарылған істер аз емес. Атап айтқанда, осы аралықта негізгі капиталға 73 миллиард теңге қаражат тартылыпты. Бұл республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш екені де өңірге тартылған инвестициялық өсімнің молдығынан хабар бере алады. Сондай-ақ, облыс әкімі атап көрсеткендей, Орал өңіріндегі құрылыс жұмыстарының қарқыны да жоғары. Бұл көрсеткіш жөнінен Батыс Қазақстан елордамыз Астана қаласынан кейінгі екінші орында тұрған көрінеді. Кездесуде алға тартылған жағымды деректің бірі осындай. Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында атқарушы орган жетекшілеріне жұмыспен қамту деңгейін жақсарту жөнінде жаңа міндеттер қойғаны мәлім. Бұл істі Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жыл ішінде жүйелі түрде жолға қоя біліпті. Бұл үшін бірінші кезекте аз қамтылған отбасылардың жиын­тық табысын көбейту шаралары белгі­ленген. Соның нәтижесінде 2012 жылмен са­лыстырғанда атаулы әлеуметтік кө­мек алушы­лардың саны екі есеге дейін төмендеген. Арнайы талдаулар мен сарапта­малар жасалған кезде атаулы әлеумет­тік кө­мек алушылардың арасында еңбекке қабі­летті жандардың да болғаны анық­тал­ған. Сәйкесінше олар да тізімнен алын­ған. Жұмыссыздықты азайтудың бас­ты жо­лының бірі – тұрғындарға шағын несие­лер беру десек – бұл бағытта да алынған асу­лар мол. Міне, осы шағын несиенің көме­гімен өз ісін ашқандар көп. Алайда, осы не­сиені кейіннен қайтарып беру ісінде құ­лық­сыздық көріністері кездеседі. Бұл жәйт несие тиімділігін төмендетеді, деді Н.Но­ғаев. Дәл осындай көрініс тұрғын үй ком­муналдық-шаруашылық саласын­дағы нысандарды жаңғырту кезінде де ­кездес­кен. Жоғарыда айтылғандай, Нұрлан Но­ғаев өз есебінде жыл ішінде атқа­рыл­ған істерді тізе бермей, кездескен түйін­ді тұстарды да жасырмай айтып берді. Соның бірі – Орал қаласындағы апат­ты жағдайдағы үйлер проблемасы. Бұдан қалай құты­луға болады? Бұл үшін облыс әкімі мен «СВ.плюс» және «Болашақ» құры­лыс компаниялары арасында тиісті келісім­дер жасалған. Мұнда бірінші тарап инфра­құрылымдық жүйелерді ұсынса, екінші тарап өздерінде бар үй құрылы­сы комбинатының мүмкіндігін пайда­ланып үй салады. Кейін бұл үйлер апатты үй иелеріне тегін ұсынылады. Ал құры­лыстың екінші бір бөлігі коммерциялық бағамен өзге сұраныс иелеріне сатылмақ. Тағы бір айтар жәйт, бүгінде об­лыс­тағы апат жағдайындағы мектеп ғима­раттарын қалпына келтіру бағдарламасы толық шешімін тауып отыр. Оның біреуі қайтадан тұрғызылса, екеуі күрделі жөндеуден өткізілген. Қалған үш мектеп құрылысының аяқталар күні таяу. Сондай-ақ, өңірде үш ауысымдағы мектептер бүгінде толығымен жойылған. Есеп беруші келесі кезекте облыс­та қазіргі күні 83 мұғалім, 102 дәрігер жетіспейтінін алға тартты. Не нәрсенің де қадір-қасиеті салыстырмалы түрде қарағанда көрінбей ме?! Осы көрсетілген сандар 2012 жылмен салыстырғанда екі есе азайғанын ескерсек, өңірде мұғалімдер мен дәрігер кадрлардың жетіспеушілігін жою жөніндегі істер жүйелі жүргізілгенін айқын көруге болады. Облыс әкімі бұдан соң білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларында тыңдырылған сан алуан істер мен қоғамдық саяси институттардың жай-күйіне жан-жақты тоқталды, әрі тұтастай алғанда өткен жылы облыста әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы байқалғаны жөнінде нақты деректер келтірді. Сөзінің соңында Нұрлан Ноғаев кездесушілердің сан алуан сұрақтарына жауаптар қайтарды. Бұл жауаптар өзінің ұтқырлығымен, ұтымдылығымен, сенімділігімен және нақтылығымен ерекшеленді деуге болады. Айталық, Н.Ноғаев жол-көлік оқиғаларын азайту үшін жол-көлік қызметінде полиция қызметкерлерінің санын көбейту қажеттілігі жөніндегі сауалға дәл қазір мұндай мүмкіндік жоқ, тәртіп әркімнің өзінің ішкі сана-сезі­мінде орнығуы қажет, бұл барлық қоғам мүшелерінің төл парызы деген жауап қайтарды. Облыста газ бағасы неге қым­бат деген сауал төңірегінде ол бүгінгі күні қалыптасқан тарифтік өлшемдер бойынша: «Газ бағасын төмендетуге ешқандай негіз жоқ. Қазіргі баға әділ әрі орнықты баға. Біз таяуда Ұлттық-Экономика министрлігімен коммуналдық қызмет бағаларын төмендету емес, оның қазіргі деңгейін ұстап тұру жөнінде келісімге келгенбіз. Осы бағыт өзгермейді. Ал көршілес Атырау және Ақтөбе облыстарында газ бағасы неге сәл төмен дегенге келсек, оның есесіне бұл өңірлерде энергия бағасы жоғары. Міне, бағалар осылай сәйкестендіріліп отырады», деді ол. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аға ұрпақ өкілдеріне үнемі үлкен құрметпен қарап, қолдау көрсетіп, тіпті олардың қуаныштары мен қайғыларына ортақтасып жүретініне батысқазақстандықтар жақсы қанық. Ұлық болсаң – кішік бол деген осы да. Бұл тұрғыда соғыс ардагері, Орал қала­сындағы «Фронтовичка» майдангер әйелдер клубының мүшесі Лидия Губа­нова барлық соғыс ардагерлері атынан облыс басшысына ризашылығын жеткізді. Иә, өңірде жыл ішінде облыс басшы­сының бастамасымен қолға алынған әрі нақты шешімін тапқан істер мол. Н.Ноғаев есебінің қорытындысында соның бәрін өз атына жапсырмай, бұл біздің бәріміздің ортақ ісіміздің нәти­жесі деген түйін жасады. Біз оның осы жүрек­жарды сөзін материалдың тақырыбына шығарғанды жөн көрдік. Мұның өзі облыс басшысының қарапайым келбетін танытқандай әсер қалдырды. Мен істедім дегенше, мың істеді десеңші деп те осындайда айтылса керек. Темір Құсайын, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20