Облыстың аудан-қалаларынан келген өкілдер облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың халық алдындағы есеп беру кездесуіне жиналды.
Әкімдердің халықпен кездесулерінің мақсаты – атқарылған жұмыс қорытындысы және жаңа мақсат міндеттерді айқындап алу. Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау бәрімізге ортақ міндет. Бұл біздің өндірісті өңір үшін де маңызды, деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев. Өткен жылы «Ертіс Инвест-2014» халықаралық инвестициялық форумы өткізілді. Форумда EBRD, «ҚазАгро», «Даму», Жинақбанк, италиялық ATENA компаниясымен 39 млрд. теңге болатын ондаған құжаттарға қол қойылды. Нәтижесі қалай боларын, құжаттардағы жобалар қалай іске кірісерін алда көрерміз. Облыс әкімдігі жергілікті үлесті дамыту бойынша елдің ұлттық компаниялары және жүйе құрушы кәсіпорындарымен 128 млрд. теңгеге келісім жасады. Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 348 млрд. теңгені құрады. 781 кәсіпорынның жұмыс берушілерімен және кәсіподақтарымен жұмыс орындарын сақтау бойынша 236 меморандумға қол қойылды.
Екінші бір мәселе – облыстың 2030 жылға дейінгі бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру стратегиясы. Бұл құжатты жасауға шетелден озық ойлы мамандар шақыртылыпты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 625 жоба қаржыландырылып, облыс республика бойынша көшбасшылық орнын сақтап қалыпты.
Тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны республика бойынша біздің өңір екінші орында. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасындағы жоспарланған барлық индикаторлар орындалды. Жоспар 165,1 мың шаршы метрді құраса, нақты 201 мың шаршы метр іске қосылды.
Өткен жылы облыста 10939 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде 5888 – тұрақты, деп атап өтті Қ.Бозымбаев. Индустрияландыру картасы шеңберінде алғашқы бесжылдықта 68 жоба іске қосылды. Сонымен бірге, 15 жоба пайдалануға беріліп, 1245 адам жұмысқа орналастырылды. Ал ҮИИД бағдарламасының екінші бесжылдығында инвестиция көлемі 1,2 трлн. теңге болатын 6 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 24 жоба іске асырылуда. Биыл «Павлодар» АЭА аумағында 3 жоба іске қосылды. Қуаттылығы жылына 3 мың тонна болатын катодты мыс өндіріле бастады. Үшінші, жұртшылық алаңдайтын экология мәселесі – өңірдегі айрықша қалдықтары бар 8 өнеркәсіптік нысандардың («Қазақстан алюминийі», «ҚЭЗ», «ПМХЗ», «Каустик», «Нефтехим-LTD», «АФЗ», «ЕЭК») санитарлық-қорғалған аймақтар аумағында іріктеу сынамасын өткізуді қарастыратын қоршаған ортаның фондық мониторинг бағдарламасы қабылданды. Бүгінде үш қалада 10 бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Эмиссия төлеуден бюджетке 11,5 млрд. теңге түсті. Облыстағы «Былқылдақ» көлінің экологиялық проблемасын шешу мақсатында германиялық мамандар жұмыс жасауда.
Облыста жер қорын түгендеу және егістік жерлерді әртараптандыру жұмыстары жүргізілді. 4 миллион гектардан астам жер тексеріліп, нәтижесінде 587 мың га пайдаланылмайтын жер анықталды, оның 26 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайта өңдеу кәсіпорындарының сүт сатып алу шығынын субсидиялау бағдарламасы іске аса бастады. Бұл құрғақ сүт өндірісін – 16,1, сары майды – 17,6, ірімшікті 14,3 пайызға арттыруға септігін тигізді. Жуырда, Ақсу қаласы ауылдық аймағында қуаттылығы жылына 8 мың тонна етті құрайтын «Қызылжар-Құс» фабрикасы қалпына келтірілді. Биыл осы жерде 10 мың тонна ет өндіруге арналған тағы бір құс фабрикасының құрылысы басталады. Ауыл шаруашылығында 3,5 млрд. теңгенің 83 жобасы іске қосылды. Облыс республика бойынша алғашқылардың бірі болып ет өнімін экспорттады. Жаңа пішімді кәсіпорындар ашылып, 600-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Барлық сауда желілерінде «Қазақстанда жасалған» атты секциялар ашылды.
Ал басты жобалардың бірі – Елбасы Жолдауында айтылған Екібастұз – Семей – Өскемен бағытындағы 402 шақырым (оның ішінде 297 шақырым Павлодар облысына тиесілі) ұзындықтағы жоғары кернеулі желі (ЛЭП-500кВт) құрылысы қуат көздерінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік беріп, энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға септігін тигізбек. «Орталық – Шығыс» бағыты бойынша Астанадан Павлодар арқылы Өскеменге дейінгі автомобиль жолдарын қалпына келтіру жобасына 6 мердігер ұйым мен 1800 маман атсалысады. Тиісті қызметтерді атқару үшін қосымша 1200 жұмыс орны қажет болмақ. Осы жобаның арқасында 2017 жылға қарай Ақмола облысынан Ленин кентіне дейін ұзындығы 215 км. болатын заманауи автомагистраль салынады. Сонымен қатар, екі шағын көпір («Ертіс – Қарағанды» арнасы арқылы Шідерті мен Қалқаман кенттері аймағында), 16 жаңа жол айырығы құрылысы мен тағы үшеуін қалпына келтіру жұмыстары қарастырылған. Жобаның екінші кезеңінде ұзындығы 168 шақырым болатын Павлодар – Семей бағыты бойынша автомагистраль учаскесі салынбақ. Аталмыш инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде жергілікті мамандарды тарту басымдылыққа ие болмақ, деді Қанат Бозымбаев.
Туристік қауымдастық өкілдерін тарту арқылы туристік кластердің шеберлік жоспары дайындалған. Өңірдегі туризм Баянауыл, аспан астындағы «Қаздардың ұшуы» табиғи ескерткішін ашу, өзен арқылы жолаушылар қатынасын, этнотуризмді, емдеу-сауықтыру туризмін дамыту арқылы дамиды. Биыл «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы салып жатқан 320 орындық балабақшаның құрылысы аяқталды. Майқайың кентінде 420 орынға арналған қазақ тілінде білім беретін мектеп пайдалануға берілді. Жақында Шарбақты ауданы Шарбақты ауылында 300 орындық мектеп ашылады. Осы жылы 3400 оқушыға арналған тағы да 5 мектептің құрылысы жалғасады. Облыстық бюджет қаражаты есебінен өткен жылы 278 миллион теңгеге 3 дәрігерлік амбулатория мен 1 фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Облыстық бюджет есебінен 59 санитарлық машина сатып алынды, оның ішінде 33 реанимобиль бар.
Міне, біз Қанат Бозымбаевтың облысты басқарған бір жыл ішіндегі жұмысын осылай саралап көрдік. Облыстағы аудандарда алды – 27, соңы 11 мыңның айналасында халық қалды. Нақты жағдайды көзбен көрген естігеннен жүз есе артық. Ауылдықтардың қашан клуб, мәдениет үйлерін, мектеп салып бересіңдер, жолды кім жөндейді, мал ұрлығы азаймай тұр, таза ауызсу ішкіміз келеді деген өтініштері жетеді. Шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасы бойынша ауылдарда жұмыстар қолға алынбай тұр. Сондықтан, Қ.Бозымбаев барлық әкімдерге биылғы жылы кем дегенде 2 ауылшаруашылық өнімін қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуды тапсырды. Ақсудың көп ауылдары бұрынғы әкім жасап кеткен оңтайландырудың зардабын көріп отыр. Ауыл әкімдерінің биылғы кездесулеріне барғанда естігеніміз жылдағы жыр – қар күреуге трактор керек, қардың астында қалдық, ауыл мектептері суық. Жолсыз тіршілік жоқ. Есепті кездесудің өзіне ауыл халқы жете алмай зар болады. Одан кейінгі мәселе, Ертіс, Май аудандарындағы топтық су құбырларын жасаймыз деп келгендер, су құбыры да жоқ, қаражат та жоқ, қазір бұл мәселе әлі сотта қаралумен келеді. Екібастұздағы 700 орындық апатты алып құрылыс не аяқталғаны, не аяқталмағаны белгісіз әлі тұр. Тағы да бір өкініштісі, ауылдарда оқушы бала саны азаюда. Әр сыныпта 3-5 бала қалды. Керісінше, мысалы, ылғи қазақ ағайындар тұратын Парамоновка ауылында бала көп, мектеп тар. Назар қажет. Ауылдың болашағы – өңірдің болашағы.
Негізінен бұл мәселелер кезек күттірмейтін мәселелер. Басты мақсат – экономикалық өсімнің қарқынын сақтап қалу. Сондай-ақ, әлеуметтік міндеттемелерді орындап, экономиканы қолдауға басымдық беріліп отыр. Сондықтан да біздің алдымызда үлкен жауапкершілік тұр, дейді Қанат Бозымбаев.
Жиын соңында әдеттегідей залдан қойылған сұрақтарға жауап қайтарылды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.