*Елімізде агроөнеркәсіп кешенін қолдау ісі тоқтамайды. «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Дәурен Махажановтың айтуынша, өткен жылы сектор 222 млрд. теңгеге қаржыландырылған. Құрылымның инвестициялық қоржынында қазіргі таңда жалпы құны 309 млрд. теңге болатын 477 жоба бар, олардың ішінде 365 жоба жұмыс істеп жатыр.
*Мемлекеттік органдарды қамтамасыз етуге бағытталған шығындар 9 пайызға төмендетілді. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов атап өткендей, ІІМ желісі бойынша қамтамасыз етуге арналған шығындар – 40 млрд. теңгеге, Қаржы министрлігі бойынша – 3,5 млрд. теңгеге, Білім және ғылым министрлігі бойынша 2,3 млрд. теңгеге қысқарады.
*Астанада студенттерден құралған құқық қорғау отрядтарының құрамына 200 адам қосылды. Еске салайық, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті көтеру мақсатында қалалық ішкі істер департаменті мен жастар саясаты басқармасының бастамасымен қолға алынған «Студенттердің құқық қорғау отрядтары» жобасы аясында былтыр 20-дан астам рейд өткізіліп, 100-ден артық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
*Алматы облысында 2020 жылға дейін 245 жаңа балабақша ашылады. Аймақ басшысы Амандық Баталовтың сөзіне қарағанда, 133 балабақша жеке инвестиция тарту арқылы салынбақ. Айта кетейік, бүгінде өңірде 752 күндізгі жалпы білім беру мектебі, 283 балабақша, 67 колледж бен 3 ЖОО жұмыс істейді.
*Шымкенттегі ірі сауда орындары «Қазақстанда жасалған» акциясына қосылды. Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, шаһардағы «Фиркан», «Шахан» сауда орталықтарында отандық өнім өндіруші компаниялар мен кәсіпорындарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған шараға тұрғындар бірауыздан қолдау білдіріп, елімізде өндірілген азық-түліктер мен тұрмыстық заттарды сатып алуда белсенділік танытуда.
Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары, «ҚазАқпарат» агенттігі және «24kz» телеарнасы деректері бойынша дайындалды.