20 Ақпан, 2015

Шағантоғайдағы Үржар күндері

341 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
интеграцияМемлекет басшысының өңір­аралық интеграцияны дамыту жөніндегі тапсырмасына орай, шығысқазақстандықтар шекаралас Қытай елінің субъектілерімен көршілік қарым-қатынастарды тереңдетіп келеді. Бұған дейін Қытайдың Шәуешек, Дөрбілжің, Жеменей, Алтай сияқты аймақ­тары мен қалаларында екі­жақты әріптестікті жетілдіру жөнінде бірқатар сапарлар ұйымдастырылған болатын. Қытай елінің делегациялары да Шығыс Қазақстан өңіріне жиі келіп, іскерлік һәм мәдени қарым-қатынастарды жандандыра түсуге құмбыл болып отыр. Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйытқы болуымен өткен аптада Қытайдың ШҰАР Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауданында Үржар ауданының күндері өтті. Аудан басшылары, өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары және кәсіпкерлерден құралған ресми делегацияны Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин бастап барды. Қазақстандық меймандарды Шағантоғай ауданы партия комитетінің бас хатшысы Цзы Уы Би бастаған аудан басшылары күтіп алды. Алдымен тараптар арасында ресми кездесу өтті. Шағантоғай ауданы партия комитетінің бас хатшысы көрші орналасқан Үржар ауданымен арадағы екі жақты байланысты дамытуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Үржар ауданының әкімі С.Зайнулдин қос аудан арасындағы байланыс Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан мен Қытай елдерінің арасындағы достық қарым-қатынастардан бастау алатынын, еліміздің Тәуелсіздігін алған ширек ғасырға жуық уақытта өте ауқымды жұмыстар атқарылғанын, екі елдің арасындағы 2002 жылы 23 желтоқсанда қол қойылған құжатқа байланысты даму бағдар­ламасы айқындалғанын атап өтті. – Бүгінде қос аудан арасында ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, спорт, туризм саласын дамытуда бірқатар жұмыстар атқарылды. Үржар – екі жарым млн. гектардай жері, Тарбағатайдай тауы, Алакөлдей көлі, Барқытбелдей белі, Барлық-Арасандай шипалы суы бар, табиғаты өте қолайлы үлкен аудан. Былтыр бізде 30 млрд. теңгенің көлеміндегі ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Ауданда негізінен бидай, сүт, ет, бал, күнбағыс және зығыр майы өндіріледі. Сондықтан, экологиялық құнарлы таза өнімдерімізді сатып, халықтың игілі­гіне жаратуды көздеп отыр­мыз, – деді аудан әкімі С.Зайнулдин. Кездесу соңында қос аудан басшылары екіжақты келісімге қол қойды. Аталған құжатта көрші өңірлердің арасындағы достық қатынасты жандандыру, бауырлас аудандар ретінде сауда-экономикалық, мәдени байланыс­тарды өрістету көзделген. Үржардың Шағантоғайдағы күндері аясында «Жақсы дос. Жақсы көрші. Біздер жақсы серіктес» атты көркемөнер мәде­ниет алмастыру сауық кеші өтті. Шағантоғай ауданының мәдениет сарайында екі күн қатарынан өткен концерттік кеште екі ел аудандарының өнерпаздары даярлаған түрлі ән мен би, қойылымдар жергілікті жұрттың көңілін көтерді. Кеш соңында үржарлық Нұрбол Шерубаев пен шағантоғайлық Ча Тян Тян «Дудар-ай» әнін қазақ және ханзу тілінде орындап, көрермендердің қошеметіне ие болды. Шағантоғай ауданының орталығында өткен жәрмеңкеге он мыңнан аса халық жиналды. Жәрмеңкеде Үржар ауданындағы Мақаншы, Бестерек, Бақты, Қаратал және басқа да ауылдардың фермерлері мен кәсіпкерлері өз өнімдері мен тауарларын ұсынды. Бүгінде үржарлық саудагерлер мен туристер Қытай еліне баруға берілетін бір күндік және үш күндік визаны тиімді пайдаланып жүр. Қытайда экологиялық таза өнімдер ретінде қазақстандық тауарға сұраныс жоғары. Сондай-ақ, үржарлық делегация Шағантоғай ауданында туризмді дамыту мақсатында салынған әйгілі меценат Баспай Бапиннің мұражайымен, қазақтың алып киіз үйінің құрылысымен, қарттар үйімен, жергілікті жұңғо емханасымен және басқа да әлеуметтік нысандармен танысты. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Өскемен – Шағантоғай – Өскемен.