20 Ақпан, 2015

Бір күнде 45 жүргізуші жол ержесін бұзды

260 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Облыс орталығында жолаушыларды тасымалдайтын автобустарды тексеру мақсатында көлік бақылау департаментінің аумақтық бөлімшелері және қоғамдық бақылау өкілдерінің қатысуымен жол ережелерін сақтаудың «Автобус» атты алдын алу шарасы өтті. Естай көшесі бойымен жүретін №152, 151, 157,115, 3 шағын көлік автобустары өте тар, ал жолаушы көп. Шағын автобустардың көбі ескі. Кейбірі тіпті, әбден тозса да, адам тасымалдауға шығады. Жүргізушілердің денсаулығы да, тәртіптері де күмән келтіреді. Асығыс келіп тоқтайды, алқын-жұлқын ала жөнеледі. Шағын автобустар талапқа сай емес. Сондықтан, полицейлер автобус жүргізушілерін бір күндік рейд, бақылаудан соң бұрынғы «әдеттеріне» қайта баспайтындай қатаң талап қоя білулері қажет. Ай сайын «Автобус» шарасы өтіп тұрса жүргізушілер де тәртіпке үйренер еді. Бұл автобуста жүретін тұрғындар үшін қауіпсіз болар еді. Облыстық ішкі істер басқармасының хабарына қарағанда, қабылданған шаралар нәтижесінде бір күн ішінде жол-патрульдік полиция қызметкерлері жол жүру ережесін бұзған 45 автобус жүргізушісін тоқтатқан, яғни, оның 4-уі жолаушыларды тасымалдау ережесін сақтамаған, 11-і ұялы телефон қолданған, 2-уі жылдамдықты көбейткен көрінеді. Бір күн ішінде емес-ақ, бір сағаттың ішінде жол ережесі тәртібін бұзушылар қарасы көбеюде. Сондай-ақ, «Автобус» жол ережесін бұзбаудың алдын алу шарасы кезінде «Фольксваген Каспер» маркалы шағын автобус жүргізушісі ұсталып, оған әкімшілік хаттама толтырылды. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР.